• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Ақпан, 2020

Дәрі-дәрмек саудасына тағы да тоқпақ керек

570 рет
көрсетілді

Атышулы «СК-Фармация» ЖШС 2009 жылдың ақпан айында құрылған болатын. Бұл елімізде ұлттық дәрі-дәрмек саясатын жүзеге асыратын бірден-бір компания. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді мойнына алған бұл ұйым бүгінде еліміздегі 2 мыңға жуық емдеу орындарына қызмет етіп келеді.

Бұл ұйымның міндетіне сондай-ақ отандық фармацевтика саласына қол­дау көрсету және шетелден қажетті дәрі-дәрмек алу үшін халықаралық ұйым­дар­мен келісімшарт жасасып, тендерлерге қа­тысу ісі де жатады. Компанияның бас­қа коммерциялық дистрибьютерлер­ден айырмашылығы стратегиялық тұр­ғы­дан бюджет қаржысын үнемдеуге ба­ғыт­тал­ға­нында еді.

Енді бұл компанияны атышулы дей­ті­ні­міз, ауыл-аймаққа жетпей жатқан тегін дәрі-дәрмек мәселесі кезінде Мемлекет басшысына дейін жетіп, Елбасы Н.Назар­ба­ев жалпы фармацевтика бизнесінің кө­лең­келі тұстарын әшкерелеп, жазалыларды жауапқа тартуды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзіне тікелей тапсырған болатын. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың ақпан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев: «СК-Фармация» компаниясын алайық. Қазіргі таңда бизнесмендер келіп жатыр. Олар дәрі-дәрмек шығаратын фабрикалар салғысы келеді. Бірақ оларды бұл салаға жолатпай отыр. Олар жер телімдері мен тапсырыстарды ала алмай жүр. Себебі шет мемлекеттермен келісімшарт жасасқан екен. «СК-Фармация» отандық фармацевтика саласын дамытуға құлықсыз. Біз осыны жөнге келтіре аламыз ба? «СК-Фармацияда» кім отыр? Барлығын қуып шық. Орнына жаңа адамдарды қой да, қаржының қайда кетіп жатқанын анықта. Неге олар осылай жасап отыр? Жаңа адамдарды ал. Мұны айтқаныма бірнеше жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ. Орнынан мүлдем қозғалмайтын белгісіз азаматтар отыр. Оларды кім қолдап отыр? Осы үшін Елжан Біртанов жауап береді» деген болатын.

Одан кейін бұл ұйымда бірнеше рет басшы ауысты. Арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандары да болды. Негізі «СК-Фармация» кез келген дәріні сатып ала бермейді. Сатып алынатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тізімі, одан кейін фарма­цев­тикалық қыз­мет­тер түрі Үкімет қау­лы­сымен бекітілген және оны жыл сайын Ден­саулық сақтау министрлігі сараптап, тексеріп отырады. Осыдан кейін аймақ­тардағы медициналық мекемелер өзіне қажетті дәрі-дәрмектерге тапсырыс береді. Бұл «Бірыңғай фарма­цев­тика­лық ақпараттық жүйесі» порталы арқылы жүреді, жұмыстың бәрі авто­мат­тандырылған. Осыдан кейін «СК-Фар­мация» сатып алу жұмысына кірісе­ді. 2018 жылдың тамыз айынан бері бұл жұ­мыс­тың бәрі электронды форматта жүреді.

Осылайша 2019 жылдың қоры­тын­ды­сы бойынша 1 млн 807 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бұл – ел тұрғындарының 10 пайызы деген сөз. 2009 жылдан бері ұйымның сатып алу ісі бойынша жұмсаған қаржысының көлемі 74 есеге, нақтырақ айтсақ, 31,3 млрд теңгеден 232,6 млрд теңгеге дейін өсті. О баста арнайы тізбедегі дәрі-дәрмектің саны 804 болса, қазір бұл көрсеткіш 1331-ге жеткен. Жалпы алғанда өз тіршілігін бастағалы бергі он жыл уақыт ішінде «СК-Фармация» ЖШС 1 трлн теңгеден астам теңгенің дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйымдарын сатып алыпты. Сатып алу үле­сіне келер болсақ, негізінен отандық зауыттардың өнімдеріне басымдық берілген. Содан кейінгі кезекте Германия және Үндістан елдері тұр. Дәл осы Үндістанның дәрі-дәрмегі арзанға түсіп, біраз ақша үнемделген. Нақтырақ айтсақ, он жылда 124,3 млрд теңге үнемделіпті. Бұл мекеменің жұмысы үлкен кеңселерде талқыланып, жоғарғы жақтан қадағалау күшейгеннен бе, әйтеуір соңғы жылдары ақша көбірек үнемделе бастаған.

Осыдан кейін «СК-Фармация» ЖШС-нің жұмысы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын анық байқаймыз. Дегенмен де әлі де отандық фармацевтикаға қолдау аз болып тұр. Ыңғайы келсе, дәрі-дәрмекті шетелден сатып алуға, шетелдік компаниялармен келісімшарт жасасуға құмар. Олар үшін отандық дәрі-дәрмек шығаратын фирмалармен келісімді үзе салу түкке де тұрмайтын сияқты. Жақында Сенатта өткен үлкен жиында осы мәселе кеңінен әңгіме болды. Мысалы, өткен жылдың маусым айында «СК-Фармация» ЖШС алдын ала келісімшарт жасасып қойғанына қарамастан отандық өндірушілердің шыға­рып қойған дәрі-дәрмегін алудан бас тартқан. Яғни былтыр жасалған келісімшарттардың 25 пайызы пайдаға жарамай қалды. Бұл жерде отандық фармацевтика өнімдерінің тең жартысын емдеу мекемелеріне жеткізуді мемлекеттік сатып алу арқылы осы «СК-Фармация» ЖШС мойнына алғанын айтсақ, қаншама дәрі-дәрмектің саудасы жүрмей қалғанын ішіңіз сезер еді. Осының нәтижесінде 2019 жылы сатып алынған өнімнің көлемі 40 пайызға азайды. Енді табысы аз бол­ған­дық­тан 2020 жылы дәрі-дәрмек өндірісі 20 пайызға, осы іспен айналысатын кәсіп­орындардың жұмысшылары 30 пайыз­ға қысқару қаупі төніп тұр. Қалай айт­сақ та, отандық фармацевтикаға деген осын­дай көзқарастан кейін бұл саладағы кәсіп­орын­дар бәсекелестікке шыдай алмай, жұ­мыстарын ақсатып алғалы тұр.

Реті келіп тұрғанда айта кету керек, еліміздегі мал және құс шаруа­шы­лық­та­рын жоғары сапалы ветеринариялық биоло­гия­лық препараттармен қамтамасыз ету ісі де көңіл көншітпейді. Бұл мәселеде де шет мемлекеттерге шығын болудамыз. Мемлекеттік биологиялық қауіп­сіз­дігі үшін стратегиялық маңызы бар жан­уар­лар­дың аса қауіпті ауруларына қарсы пре­параттарды өндіретін мемлекеттік биоком­би­нат­тың болмауы себебінен жыл сайын қажетті ветеринариялық мақ­сат­тағы вакциналар мен дәрі-дәр­мек­тер­ді Ресей, Чехия және Беларусь сынды елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Соңғы үш жылды алатын болсақ, республика бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды сатып алуға республикалық бюджеттен 18,3 миллиард теңге бөлінген. Оның 12,8 миллиард немесе 70 пайызы ше­телдерге кетіп жатыр. Мұндай жағ­дай­да отандық өнімнің бәсекеге қабі­лет­ті­лігін қалай арттырамыз?

– Бүгінде ветеринариялық препа­рат­тар­дың әлемдік өндірісінің жиынтық көле­мі 35 миллиард долларға бағаланады, оның 60 пайызы – мал шаруашылығында қол­данылатын препараттар. Және жыл сайын нарықтың өсу қарқыны 4-5 па­йыз көлемінде сақталып келеді. Осы са­ла­­ны жүйелі түрде дамыту арқылы ішкі нарықты отандық препараттармен қам­та­­ма­сыз етіп, Орталық Азия мен Таяу Шы­ғыстың нарығына шығаруға болатын еді, – дейді бұл жөнінде сенатор Мұхтар Жұмағазиев.

Сондықтан бұл салада ветеринариялық препараттардың сапасын бақылайтын тә­уел­сіз мемлекеттік ғылыми-бақылау ұйы­мын құру қажет. Әрине ел медицинасы тұралап қалған жоқ. Бізде өзгеге мақ­та­нып көрсетер мүмкіндіктер де, әлем­дік деңгейде мойындалған клиникалар да, мамандар да бар. Әйтсе де, отандық дәрі жасаушылар әлі де қанатын кеңге жая алмай келеді. Яғни дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізу мә­се­лесінде шетелдік компаниялардың сау­­да­сын қыздыруға деген құмарлық қа­шан басылар екен? Өзімізде жоқ дүни­­е­­­ні шетелден сатып алуға болар, ал отан­дық кәсіпорындар дайындап қой­ған дәрі-дәрмекті көзге де ілмей, келі­сім­шарт­­ты бұзып, сонау шетелден алдыру қан­­шалықты ақылға қонымды? Қанша жер­­ден баға саясаты болса да отандық биз­неске деген жанашырлық алдыңғы қа­тарда тұруы керек емес пе? Ендеше бұл мәселеге жоғарғы жақтан тағы да бір тоқпақ керек сияқты.