Бұрнағы жылдары көктем келіп, күн жылынған кездерде Жамбыл облысының аумағындағы Талас және Аса өзендерінің арнасынан асып, тасығаны ел есінде. Бір жағы бұл мәселе көрші Қырғыз Республикасының «Киров» су қоймасынан жіберілетін судың мөлшерінен асып кеткенінен де болған.
Жалпы, облыс аумағында су басудың орын алуы Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуі және тау бөктеріндегі елді мекендерде еріген қар мен жаңбыр суларынан болуы мүмкін. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша ауа температурасының күрт жоғарылауы кезінде облыстың барлық аудандарында беткейлерден қарғын су жүруі ықтимал.
Өңірдің елді мекендері мен шаруашылық нысандары үшін қауіпті «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл», «Ынталы», «Қарақоңыз» су қоймалары мен Қырғызстан аумағында орналасқан «Киров» және тағы да басқа барлығы 14 су қоймасы бар. Аталған су қоймалары бөгеттерінің бұзылуы болған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су басу қаупі туындайды екен. Сонымен қатар көктемде еріген қардың салдарынан су басуы ықтимал тағы 38 елді мекен анықталған. Соның ішінде Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарына қарасты бірқатар ауыл бар. Аталған аудандардың ауылдарында мыңдаған тұрғынның тұратынын ескерсек, бұл жайдың аса қауіпті екенін бағамдауға болады.
Негізінен күн күрт жылынғанда Жамбыл облысында су арналарының тасу қауіптілігі артады. Мәселен, соңғы бес жылдың бедерінде су тасқыны мен жер асты суының көтерілуі салдарынан 6 оқиға болған. Соның салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үйдің ауласы, 25 тұрғын үйдің ғимараты су астында қалған және Жамбыл ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолының 515 шақырымында су жол жағасына шығып, жолды судың шайып кету қаупі туындаған. Сонымен қатар Жуалы ауданының аумағындағы «Қоңыртөбе» көлі және Талас ауданы аумағындағы «Ақкөл» көлі дамбаларының зақымдану қаупі артқан. Сондай-ақ жергілікті мәні бар автокөлік жолының «Шөлдала – Дорожник» бағытындағы 20 метрін және «Ақкөл-Үшарал» бағытындағы 15 метр қашықтықты су басқан.
Биыл да өңірдің көптеген ауданында және облыстың бірқатар таулы аймағында қар қалың түсті. Енді соңғы жылдардағы орын алған су тасқыны қаупін болдырмау үшін өңірде қандай шаруалардың атқарылып жатқанын бағамдап көрейік. «Жалпы, су тасқыны қауіп-қатерін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасында облыстың елді мекендерін су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 33 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2017-2018 жылдары 17 нысан бойынша жұмыс толығымен аяқталды. Яғни, 16,2 шақырым жағалауды нығайту және арналарды тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 2,7 шақырым қорғаныш дамбалары жөндеуден өтті. Атқарылған бұл жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 4 елді мекенді су басу қаупі төмендеген. Олар Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар ауылдары және Байзақ ауданының Сарыкемер ауылы, «Здоровье» саяжай алқабы. Қалған 16 нысанның 7-еуі су тасқыны қаупі болмауына байланысты алынып тасталған», дейді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Денис Охрименко. Сонымен қатар өткен жылы қалған 9 нысанның екеуінде жағалауды бекіту жұмыстары аяқталса, екеуінде жұмыстар жүргізілуде екен.
Қалған 5 нысан бойынша ағымдағы жылы іс-шараларды іске асыру жоспарлануда. Республикалық бюджеттен бөлінген 4 миллиард 150 миллион теңгеге Талас ауданындағы «Ақкөл» дамбасы күшейтіліп, Таразда Талас өзенінің жағасы нығайтылса, жергілікті бюджеттен бөлінген 31 миллион 603 мың теңгеге Меркі ауданының Ақермен ауылына айналма канал салу, Т.Рысқұлов ауданының Каменка ауылында жолға су өткізгішті кеңейту және Талас ауданының Үшарал ауылында қорғаныш дамбасын салу жұмыстары жүргізіледі. Алайда, бұл жұмыстардың бәрінен мәселенің бір күнде шешіліп кетпейтіні анық. Мәселен, Жамбыл өңірінде жол картасы бойынша жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері орын алуда. Ол – Тараз қаласында, Жамбыл және Байзақ аудандарының елді мекендерінде су басу қаупінің алдын алу үшін Талас өзенінде 25 шақырым қашықтықта жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 3 миллиард 477 миллион теңгенің бөлінбеуі. «Бұл жұмысты іске асыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді және мемлекеттік сараптама жүргізілді. 2017 жылы облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне республикалық бюджеттен 3,4 миллиард қаржы бөлу туралы өтінім жасады. Аталған өтінімге Ішкі істер министрлігі қолдау білдірді, алайда бұл Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппады. Осыған орай, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұл жобаны іске асыру үшін 2021-2025 жылдардағы аумақты дамыту жоспарына аталған іс-шараларды енгізді», дейді Денис Охрименко.
Тілсіз жауға түбегейлі тосқауыл қою мүмкін емес. Табиғаттың тосын мінезі кез келген уақытта болуы мүмкін. Дегенмен, өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында суару каналдары, арық желісі, темір және автомобиль жолдарында су өткізу құрылғылары тазартылған. Сонымен қатар тау бөктеріндегі елді мекендерінен 32,7 шақырым қашықтықта дренаж арналары салынған. Ал Шу-Талас бассейндік инспекциясы және «Қазсушар» республикалық мекемесінің филиалы «Тасөткел» және «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймаларынан су ағызу мониторингін жүргізуде. Сондай-ақ Шу-Талас бассейндік инспекциясымен бірлесіп Қырғыз Республикасының Су шаруашылығы және мелиорация департаментімен өзара іс-қимыл жүргізілуде. Мұның бәрі де келе жатқан көктемнің қамы. Әйтпесе, «Киров» су қоймасынан келетін су өңірдегі қауіпті су қоймаларының арнасынан асып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Жамбыл облысы