Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынында «Сочиді» 2:0 есебімен ұтқан Уфаның «Салават Юлаевы» Гагарин кубогы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.
Өз мұз айдынындағы жеңістен кейін Башқұртстанның хоккейшілері 66 ұпайды қоржынға салды. Бұл олардың тұрақты біріншіліктегі 59 ойыны еді. Осы нәтиженің арқасында «Салават Юлаев» плей-оффқа шықты.
Осылайша, биылғы маусымда Гагарин кубогы үшін таласатын 12 команда анықталды. Осыған дейін ЦСКА (Мәскеу), СКА (Санкт-Петербург), «Динамо» (Мәскеу), «Йокерит» (Хельсинки), «Ақ Барс» (Қазан), «Авангард» (Омбы), «Автомобилист» (Екатеринбург), «Барыс» (Нұр-Сұлтан), «Спартак» (Мәскеу), «Сибирь» (Новосібір) және «Локомотив» (Ярославль) плей-офф сайысына жолдама алған еді.