Ашықтықтың бір үлгісі облыс әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беруінен де байқалып отыр. Осы орайда, әлеумет пен әкімнің арасы қаншалықты байланыста екенін Алматы облысының басшысы Амандық Баталовтың қорытынды есебін тыңдау барысында бағамдаған едік.
Былтыр Алматы облысындағы жалпы өңірлік өнім көлемі бұрнағыға қарағанда 4,5 пайызға өсіп, қаржылай түсім 3 трлн теңгеге жетті. Жалпы, 2019 жылы өңір бойынша мемлекеттік бюджетке 509 млрд теңге жиналған. Бір жыл ішінде 31 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ өткен демалыс маусымы Жетісу өлкесі үшін табысты өтті. Өңірге 2,3 млн турист келген.
Биыл облыс бюджетінен бөлінетін қаржының 75 пайызы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен тіршілік етуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады. Мәселен, білім саласына 59 млрд теңге жұмсалмақ. Аймақтағы жолдарды жөндеуге 40 млрд теңге, тұрғын үй құрылысын жүргізуге 32,6 млрд теңге, ауыз сумен қамтуға 10,5 млрд теңге және табиғи газбен қамту ісіне 3,2 млрд теңге қаржы қарастырылған, дейді облыс әкімі А.Баталов.
Өңірде әлі де мектеп ғимаратының жетіспеушілігі бар. Қазір 38 мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр.
– 2019-2020 оқу жылында 48 мың бала бірінші сыныпқа барған. Яғни, білім алуға қажетті орын саны бірден 20 мыңға көтерілді. Нәтижесінде, мектептер үш ауысымда оқытуға еріксіз көшті, – дейді облыс әкімі.
Биыл өңірде тағы 13 мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізіледі. Қазір облыс аумағында 15 700 бала мектепке қатынап оқиды. Олар негізінен шағын елді мекендер мен саяжайлар аумағында тұратын отбасылардың балалары.
– Балаларды тасымалдау бойынша туындаған мәселеге жанымыз ауырады. Бұл мәселені түбегейлі шешсек дейміз. Биыл мұқтаж мектептерге 70 жаңа автобус сатып алып беруді ұйғардық. Қазір осы мақсатқа деп 1 млрд теңге бөлдік, бұл қаржыға барлық мектеп қажетті көлікпен 100 пайызға қамтылады, – дейді А.Баталов.
Өткен жылы Алматы облысындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қаржылай қолдауға 38 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерге бөлінген бюджет қаражаты 3,5 млрд теңгені құрады.
– Өткен жылы әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін тұрғындар мен көп балалы отбасыларға көмек көрсету үшін облыстың әлеуметтік картасын жасадық. Бұл бойынша арнайы санатқа жататын адамдар нақты көмек алды, – деді кездесуде А.Баталов.
Аумақта аз қамтылған отбасыларды көгілдір отын желісіне тегін қосу ісі де жолға қойылды, былтыр 2277 үйге газ кіргізілді. Ал 22,6 мың отбасының үйіне иіс тиюден сақтандыратын қондырғы бюджет қаражаты есебінен орнатылды. Осы жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған шараларды айтпай кетуге болмас. Қазір облыста 67 500 мүгедек жан тұрып жатыр. Былтыр кембағал жандарды оңалту мен басқа да мәселелерді шешуге 3,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде, Талдықорған қаласы мен Іле, Қарасай, Талғар аудандарынан мүгедектерді оңалту орталықтары ашылып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін игілікті іс атқарылды.
Алматы облысының жекелеген аудандарында Жедел жәрдем қызметінің бір бригадасы 10 мың тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсетуге асыққан дәрігерлерге мінетін көлік те жетіспейді. Қазір Жедел жәрдем қызметінің өкілдеріне өз міндеттерін мүлтіксіз атқару үшін 70 көлік қажет.
– Бірінші кезекте көлік тапшылығын шешеміз. Қазір республикалық бюджет есебінен 35 көлік сатып алуға қаржы бөлінді. Қалған 35 көлікті облыстың қаражатына алып жатырмыз, – деді өңір басшысы.
Жалпы, облыстың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Облыс әкімінің есебінде айтылғандай, Жетісуда 214 маманға сұраныс бар екен. Облыс тарапынан кадр тапшылығын шешу үшін дәрігер дайындайтын жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасалып жатыр. Қажетті маманды оқыту үшін облыстық бюджеттен 18 миллион теңге қаржы қаралды. Биылдан бастап 47 жас дәрігер жоғары медициналық оқу орындарын тәмамдап, облыстың аудандарында жұмысқа кіріседі.
– Медицина саласындағы маман тапшылығының бір ұшы жас дәрігерлерді баспанамен қамтуға тіреледі. Әсіресе аудан орталықтары мен ауылдарға барған жас маманның тұрақтап қалуына жағдай жасау керек. Биыл бірінші кезекте жалпы тәжірибе дәрігерлерін тұрғын үймен қамтуға кірісеміз. Оларға арнап барлық аудан мен қаладан 126 пәтер сатып алуды бастады. Бұл мақсатқа 756 млн теңге бөлдік, – деді өз сөзінде А.Баталов.
Алматы облысында былтыр 894 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық болғанымен, баспанаға мұқтаж жандардың үлесін азайтуға мүмкіндік бермей отыр. Қазір тұрғын үй кезегінде 50 700 адам тұр екен.
– Былтыр облыста «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2443 отбасы баспаналы болды. Оның ішіндегі 1779 отбасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жатады, – дейді аймақ басшысы А.Баталов.
Яғни, облыста тұрғын үй құрылысы биыл да қарқын алмақ. Нәтижесінде, барлық бағыт бойынша 3600 отбасын баспанамен қамту мүмкіндігі туады. Осы лекпен 2400 көп балалы және аз қамтылған отбасына да тұрғын үй алу бақыты бұйыратын болады. Айтпақшы, баспана мұқтаждығын шешуге меценаттар да мықтап кірісе бастапты. Өткен жылы қайырымды жандар жеке қаржысына 170 баспана сатып алып, мұқтаж отбасыларына тарту етті.
Алматы облысы