Қазақстанда іргетасы қаланған «Алаш Прайд» компаниясы алдағы күндері ел аумағында ережесіз жекпе-жектен екі бірдей аса ірі халықаралық турнир өткізуді жоспарлап отыр. Оның бірі – Түркістанда, екіншісі – Алматыда ұйымдастырылады. Байрақты бәсекелер қарсаңында біз аталған ұйымның президенті Данияр ҚАСҚАРАУОВПЕН жолығып, азды-кем әңгімелескен едік.
– Өзіңіз басқарып отырған «Алаш Прайд» компаниясы бұған дейін де республикамыздың бірқатар аймағында дүбірлі додалар ұйымдастырып, жекпе-жек десе делебесі қозатын жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Ал бұл жолы қалың көрерменге қандай сый даярлап отырсыздар?
– 22 ақпанда көне шаһар – Түркістанда «Гран-при Алаш Прайд – 2020» турнирінің тұсауы кесіледі. Бұл ретте біз 61,2 кило салмақ дәрежесі бойынша өтетін бәсекелер барысында Орталық Азияның ең үздік өренін анықтаймыз. Сол кеште жарыс жолына сегіз спортшы шығады: Қазақстаннан – Мұқағали Несіпбай мен Әлішер Ғабдуллин, Өзбекстаннан – Нұрәлі Мажидов пен Мұратжан Қадыров, Қырғызстаннан – Әлимардан Әбдіқаров пен Бостон Анарбеков және Тәжікстаннан – Саидшох Рузиметов пен Мехроз Умаров. Осылардың арасынан озған оғланға алтын белбеу және 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады. Сонымен қатар Қаршыға Дәуітбек, Ғалымжан Қанаев, Жандос Исабеков, Олжас Есқараев сынды сайыпқырандардың қатысуымен бірнеше рейтингтік бәсекелер ұйымдастырылады.
– Таңдауларыңыз неліктен дәл осы салмақ дәрежесіне түскенін түсіндіре кетсеңіз?
– Оның еш құпиясы жоқ. Алдағы уақытта біз барлық салмақ дәрежелері бойынша мықтыларды анықтау мақсатында ел аумағында осындай жарыстар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл бір жыл көлемінде жүзеге асатын шаруа. Мәселен, 11 сәуірде Шымкентте өтетін турнирде 66 кило салмақтағы сайыпқырандар сайысқа түседі. Солардың арасынан да үздікті анықтаймыз. Осылайша халықаралық федерация бекіткен барлық сегіз салмақ дәрежесі бойынша «Алаш Прайд» нұсқасы бойынша алтын белбеу иегерлері белгілі болады.
– Осы жарыстарда күш сынасатын спортшылар қандай талаптар бойынша анықталады?
– Ұйымдастыру жұмыстары оң шешімін тапқаннан кейін өзіміздің ресми сайтымыз арқылы «Пәленбай күні Қазақстанда осындай байрақты бәсеке өткелі жатыр» деп барша жұртқа хабарлаймыз. Көршілес елдердің федерациялары мен түрлі клуб өкілдеріне арнайы хат жолданады. Бақ сынауға ниет білдіргендер бізбен байланысқа шығады. Осылайша көптеген үміткерлер арасынан көрсеткіштері ең жақсы жігіттерді іріктеп аламыз.
– Ал Алматы төрінде өтетін жарыс жайында не айтасыз? Осы турнирге қатысушылардың атақ-даңқына қарап-ақ, 6 наурызда Алатау баурайында алапат айқастың куәсі болатынымызды сезіп тұрғандаймыз...
– 6 наурыздағы жарысты біз Чешенстанның АСА-сымен (Absolute Championship Akhmat) бірлесіп ұйымдастырамыз. Бүгінгі таңда АСА ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйымдардың бірі. Деңгейі мен беделі жағынан олар әзірге UFC мен Bellator промоушендерінен ғана қалып келеді. «Алаш Прайдтың» сол ұйыммен іскерлік байланыс орнатқанына екі-үш жылдың жүзі болды. Сол кезден бері Алматыда екі бірдей турнирдің жалауы желбіреді. Сол бәсекелердің аса жоғары деңгейде өткеніне сан мың жанкүйер куә. Бұл жолы да «Алматы Аренаға» жиналған көрермендер әр жекпе-жекті айыздары қанып тамашалап, үйлеріне керемет әсермен оралатынына күмәнім жоқ.
– Дағыстандық Расул Мирзаев Ержан Естановпен екі рет жұдырықтасып, екеуінде де жеңіске жетті. Одан кейін Арман Оспановпен күш сынасуға тиіс еді. Алайда түрлі себептермен қос мықтының жолдары қиыспады. Сол кезде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатының бірінде Расулың «Ержан ба, Арман ба! Маған бәрібір» деп айтқаны бар. Шыны керек, Қап тауы қыранының бұл сөзіне кәдімгідей шамданып қалдық. Сіз қалай ойлайсыз, қазақтың қайсар ұлы «Қара жолбарысты» жеңе ала ма?
– Әрине күні бұрын болжам айту қиын. Бір анығы, бұл жолы екеуіне де оңай болмайды. Мирзаев та (18 жеңіс, 2 жеңіліс), Оспанов та (9 жеңіс, 3 жеңіліс) өздерінің спорттық мансабында мол тәжірибе жиып, талай биік белесті бағындырғаны баршаға мәлім. Алайда соңғы кездері олардың жолы болмай жүр. Соңғы екі жарым жыл аралығында Арман үш рет ұтылды. Расул да екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. Енді сол олқылықтың орнын толтыру керек. Сондықтан да өздерінің мықтылығын дәлелдеу үшін қос спортшының да Алматыда еш аянып қалмайтыны анық.
– «Алматы Аренада» өтетін жарыста Қазақстанның жалпы қанша спортшысы өнер көрсетеді?
– Арман Оспановтан бөлек, біздің елден тағы бес жігіт жекпе-жекке шығады. Атап айтсақ, 65,9 кило салмақтағы Ермек Тлауов (16 жеңіс, 6 жеңіліс) чешенстандық Әлихан Сулеймановпен (10 жеңіс, 2 жеңіліс) және Нұрсұлтан Қасымханов (9 жеңіс, 2 жеңіліс) беларусьтік Иван Жвирблямен (7 жеңіс, 3 жеңіліс) жұдырықтасады. 70,4 кило салмақ дәрежесіндегі Артем Резников (20 жеңіс, 6 жеңіліс) ингушетиялық Хамзат Аушевпен (13 жеңіс, 3 жеңіліс) айқасады. 93 кило салмақтағы Асылжан Бақытжанұлы (10 жеңіс, 1 жеңіліс) испаниялық Даниель Толедо (9 жеңіс, 7 жеңіліс) және Евгений Егембердиев (10 жеңіс, 2 жеңіліс) польшалық Карл Селинскимен (17 жеңіс, 8 жеңіліс) күш сынасады.
– Айтулы жарыстың басты жекпе-жегінде кімдер айқасады?
– Басты айқас бразилиялық 61,2 кило салмақтағы Даниель де Алмейда (26 жеңіс, 6 жеңіліс) мен чешенстандық Шәміл Шахбулатов (11 жеңіс, 2 жеңіліс) арасында өтеді. Олардың екеуінің де есімдері дүйім жұртқа жақсы таныс. Мәселен, дәп осы Шахбулатов былтыр күзде өткен жарыста Расул Мирзаевты ауыр нокаутқа жіберген. Бразилия өкілінің де атағы алысқа жайылған.
– Өткен жылдың қараша айында АСА ұйымдастырған турнирде жеті жігітіміз жекпе-жекке шығып, солардың арасынан тек Нұрсұлтан Қасымханов қана жеңіске жеткен еді. Осы жолы да сондай жағдай қайталанса, жергілікті жанкүйерлердің көңіліне кірбің түспей ме?
– Бірден айта кетейік, АСА турнирлеріне кіл мықтылар ғана қатысады. Бұл жарыста кімнің жеңіп, кімнің жеңілетінін күні бұрын жорамалдау мүмкін емес. Иә, былтыр Нұрсұлтаннан басқа жігіттеріміздің тегістей ұтылғаны рас. Бірақ түрлі себептермен ол жарысқа Арман, Асылжан, Артем және Евгений сынды мықтылар қатысқан жоқ. Содан көпті көрген кәнігі спортшыларды өзге өрендермен алмастыруға мәжбүр болдық. Өкінішке қарай, олардың дені ұтылып қалды. Десек те бұл ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең үздік промоушеннің бірі ұйымдастырған турнирі екенін естен шығармаған жөн. Біз де өз шәкірттеріміздің тек күштілермен ғана айқасқанын қалаймыз. Өйткені спортшылардың шеберлік деңгейі тек мықты бәсекелестік жағдайында ғана өседі. Біздің ұстанған позициямыз осындай. Сондықтан бұл жолы да алдағы бәсекелерге болжам жасауға асықпаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Алдағы жарыстарда жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ