Алматы облысында жүргізілген сараптама нәтижесінде өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір алтыншы дерек мемлекеттік сатып алу саласына қатысты екендігі анықталған.
Арнайы мониторинг көрсеткендей, мемлекеттік сатып алу саласындағы жең ұшынан жалғасу жыл өткен сайын тамыр жайып, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы ымыраласу дәстүрге айналып отыр екен. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары өңірдегі мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істеп отырған 18 000 тапсырыс беруші мен 80 000 қызмет көрсетушінің қызметіне талдау жасаған. Нәтижесінде, бұл саладағы әрбір алтыншы жұмыс күдік туғызып отыр. Ал облыстағы мемлекеттік тапсырыс жүйесі бойынша жұмсалған мемлекет қаржысы соңғы 4 жыл көлемінде 1,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін көбейген.
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша орындалған әрбір алтыншы жұмыс күмән туғызады. Бұл жерде тараптардың ымыраласып сөз байласуынан бастап, техникалық мінездеме жасаудағы өрескел қателік, жұмыс атқарылғаны жөніндегі жалған актілер және ұсынылатын бағаны қасақана төмендету, жоғарылату сияқты факторларды ескеру керек. Нәтижесінде, облыстағы мемлекеттік сатып алуға жұмсалған қаржының біраз бөлігі, атап айтқанда 5 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған деген қорытынды жасап отырмыз, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Айтпақшы, аймақтағы мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған зерделеу бойынша заң талабын өрескел бұзған мекемелердің қатарында «Қазавтожол» ұлттық компаниясының облыстағы филиалы да бар екен. Жалпы, бұл мекеме жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің қырағы көзіне бұған дейін де іліккен болатын. Мысалы, өткен жылдың қараша айының соңғы ширегі мен желтоқсан айындағы табиғат сынына Алматы облысының жол жөндеушілері төтеп бере алмай қалған еді. Аймақтағы ішкі қатынас жолдарын былай қойғанда, республикалық маңызы бар трассалардың қары күрелмей, көктайғақ болып жатты. Соның кесірінен жолдарда көлік апаты көбейіп, адам өмірін жалмаған ондаған оқиға болды. Бұл облыстағы жол жөндеуші ұйымдардың қар тазарту жұмыстарына дайын еместігін көрсетті. Ал трассалардың дер кезінде күрелмеуіне жауапты мекемелердегі арнайы техниканың жетіспеушілігі басты себеп болған екен.
– Бұған дейін техникалардың қысқы кезеңге дайындығын тексеру нәтижелері бойынша жол дайындығымен айналысатын «Қазавтожол» АҚ, «КазахАвтоДор» ЖШС ұйымдарында арнайы техниканың жеткіліксіздігі анықталған. Осыған сәйкес арнайы техникаларды алып, оларды стандартқа сәйкестендіру қажеттілігі туралы ұсыныс берілген болатын. Оларға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері 25 желтоқсанға дейін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ескерту де берген. Өкінішке қарай, республикалық маңызы бар автомобиль жолына техникалық қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысатын «КазахАвтоДор» мекемесінің бұрын берілген ескертулерді орындамағаны және жолды қыста күтіп ұстауға қойылатын талаптарды сақтамағаны анықталды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Нәтижесінде, «КазахАвтоДор» серіктестігі Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес айыпталып, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Яғни, облыс жолдарындағы күтіп- баптауға немқұрайлы қарағаны үшін мекеме енді 500 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде айыппұл төлейді.
Алматы облысы