Роман Василенко резиденциясы Братиславада орналасқан Қазақстанның осы елдегі тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде Словак Республикасының Президенті Зузана Чапутоваға сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Тапсыру салтанатынан кейінгі сұхбат барысында Р. Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және жалпы Қазақстан басшылығының Словакиямен жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығын атап, өткен жылы еліміздің Братиславадағы елшілігінің ашылуы бұның айқын дәлелі екеніне назар аударды.
Екі ел арасында әлі толыққанды іске қосылмаған ынтымақтастықтың әлеуеті сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық пен адамдар арасындағы байланыстарды нығайту саласында жатқаны атап өтілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда словак үлесі бар 40-тан астам компания қызмет етуде. Өзара іс-әрекеттестіктің айтарлықтай перспективалары инжиниринг, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, IT, фармацевтика, ауыл шаруашылық өнімдерді қайта өңдеу және тағы басқа салаларда байқалуда. Сонымен қатар, ү.ж. 1 наурыздан бастап Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оған мүше-мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің толық күшіне енуі тұрғысында екі елдің өзара іс-әрекеттестігін күшейту үшін қолайлы перспективалардың пайда болатыны да ерекше аталды.
Өз кезегінде Президент З. Чапутова Қазақстанның Братиславадағы елшілігінің ашылуының позитивтік мәнін айта келе, елдеріміз арасындағы соңғы жылдардағы ынтымақтастықтың қарқыны одан әрі күшейе беретініне үміт білдірді.
Сұхбаттасушылар екі ел арасында тарихи дамуда, сондай-ақ нарықтық экономикалы демократиялық мемлекеттер ретінде қалыптасуының қазіргі кезеңінде көптеген ұқсастықтар бар екенін атап өтті. Бұл ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тәжірибемен алмасу үшін жақсы алғышарт жасайды.
Cұхбат барысында климаттың өзгеруіне қарсы күрес және баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі екі елдің күш-жігеріне ерекше көңіл бөлінді. 2050 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөнінде қабылдаған міндеттемелері тұрғысында словак мемлекетінің басшысы 2050 жылға қарай жаңартылмалы энергия көздері есебінен еліміздің энергетикалық қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан күн, жел және баламалы энергетиканың басқа да түрлерін дамыту жұмысы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады.
Жылы атмосферада өткен сұхбаттан кейін З. Чапутова Қазақстан басшылығы мен халқына ізгі тілектерін білдірді.