• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2020

Кәсіпкерлерді толғандырған түйткіл көп

258 рет
көрсетілді

Кез келген өңірдің әлеуметтік әлеуетінің жоғары болуы және экономикалық тұрғыдан дамуы кәсіпкерліктің кең өріс алуына байланысты. Кәсіпкерлікті дамытудың нәтижесінде жүздеген жұмыс орны ашылып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал «Кәсіп түбі – нәсіп» қағидасын ұстанып, адал еңбегімен алға басуды мақсат тұтқан барлық адам үшін бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар бар.

Елімізде жүзеге асырылып жат­қан түрлі бағдарламалардың шең­берінде талай тұрғындар шаруасын шалқытып, тірлігін тіктеп отыр. Тіпті Жамбыл облысында бас­тау алған тұрғындардың тұр­мы­сын арттыруға арналған қанат­қақ­ты жобаның өзі кәсіпкерлік­ті да­­мытуға мемлекет тарапынан көр­­­сетіліп отырған үлкен қол­дау. Бұл күнде өңірдің он ауданы­нан бекі­тіліп берілген он бір ауыл­дық окру­гтің тұрғындары төмен па­йыз­бен несие алып, жеке шаруашы­лық­тарын дамытуды бастап та кетті. Өңірде бас­тау алған жақсы бас­­тама өзінің нәтижесін бере бас­та­­ды. Бұдан бөлек, кәсіптің түрлі са­­­ла­­ларын игеріп, сол арқылы же­тіс­­­тікке жетіп, өңір экономикасын да­­­мы­­­тып жүрген кәсіпкерлер де бар.

Кәсіптің түрі көп. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қар­ның тіленбей» дейді. Кә­сіп­­­тің кең қанат жаюы еңбек­ке де бай­ла­нысты. Жалпы, Жам­был облысы аграрлық аймақ бо­лған­дық­тан, мұнда егін және мал ша­руа­шылығымен айналысуға мүм­кін­дік мол. Егін салып, мал бағу сын­ды ежелгі атакәсіптің жаңа за­­манда да ырысы кеміген жоқ. Алай­да кәсіпкерлікпен айналы­су­да да кейбір кедергілер кез­деседі екен. Өңір кәсіпкерлерін толғандырған түйткілді мәселелер көп болып шықты. Мәселен, өңір­де қант қы­зыл­шасын егіп, ауыл ша­руа­шылы­ғы саласының дамуы­на үлес қо­сып жүрген біраз кәсіпкерлер адал еңбегінің өтемін әлі ала алмай жүр. Облыстың шаруалары «Меркі қант зауыты» кәсіпорнына жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын, салмағы 126 мың тонна болатын тәтті түбір тапсырған. Енді ақшасын алайын десе, жоқ. Өздері өткізген қызылшаның қаражаты оларға төрт айдан бері берілмеген. Тіпті бұл мәселені Байзақ ауданы­нан келген кәсіпкер Саха Манатов Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есепті кездесуінде де көтерді. Меркі, Қордай, Байзақ, Шу аудандарынан жиналып, облыс орталығына келген 102 кәсіпкер әкімнен көмек сұрады. Шаруалардың шырқырайтыны, өткен жылы аймақта 2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген болса, биыл өңірде тәтті түбір­дің мүлде егілмей қалу қаупі басым. Олар мұндай жағдайдан кейін енді қызылша еккісі де кел­мейтінін айтуда. Кәсіпкерлер әкімге зауыт басшылығынан қай­ран жоқтығын айтып шағынды. Шаруалардың шағымына құлақ асқан Бердібек Сапарбаев оларға бұл мәселе төңірегінде нақты шешім қабылдайтынын жеткізді.

Жалпы, тәтті түбір мәселесі өңірде біраз жылдан бері бар жағдай. Енді бұл мәселенің қалай шеші­летінін уақыт көрсетеді. Со­ны­мен қатар облыста кәсіп­кер­лер үшін жер телімін беру мәселесі де өзекті болып отыр. Тараз қала­сындағы «Көк­жиек-2030» жауап­кер­шілігі шектеу­лі серік­тестігінің директоры Әбдіғали Бегімбетов өткен жылы облыстық жергілікті атқарушы органдар 60 конкурс пен аукцион өткізіп, 1085 жер телімі берілгенін айтты. Алайда кәсіпкер жер телімін беруде ашықтық­тың жоқтығына қынжылады. Тіпті тендерлер мен аукциондар туралы кәсіпкерлерге тиісті орындар хабарламайды екен. Сонымен қатар кәсіпкер жобалық-сметалық құжаттардың шығынын төмендету керек деген пікірде. Ал Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожа­лығының жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, сапалы тұ­қымның жетіспеушілігінен кар­топтың өнімділігі төмендеп кеткен. Аймақта картоп егумен аты шыққан шаруашылық енді сапалы тұқымға зәру. Енді кәсіпкер облыс әкімі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиеге Қарағанды және Павлодар облыстарынан 3,5 мың тонна сапалы тұқым жеткізіп беруге ықпал етсе», дейді. Сонда бұл мәселе де оңынан шешіліп, кәсіптің нә­сіп­ті болатынын айтады. Бал ша­руа­шылығымен айналысатын «Альфа» шаруа қожалығының бас­шысы Бахром Нұралиев болса, биз­несін ұлғайтуға лизингтік несие қа­рас­тырылса деген ойда. Сондай-ақ кәсіпкер «Мектепке дейінгі ме­ке­мелердің тамақтануына бал өнімі қосылса, колледждерде бал шаруа­шылығымен айналысатын мама­ндар даярланса», деген де ойын жеткізді. Көпшілікке таңсық көрінетін бұл кәсіптің алға басуы жергілікті биліктің қолдауына да байланысты.

Негізінен Жамбыл өңірі кәсіп­кер­лікті дамытуға қай жағы­нан да қолайлы. Облыстың халықара­лық күре жолдың бойында орна­лас­қаны, темір жол және әуе қатынас­тары­ның да талапқа сай екені кәсіп­кер­ліктің кең өріс алуына жол ашады. Бірақ әлгіндей мәселе­лер­дің өзі-ақ кәсіпкерлік­тің дамуы­на кедергі келтіретіні рас. Өндір­ген өнімін әлемнің бірқа­тар елдеріне экспорттайтын «Қазфосфат» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің өзі Әулие­ата ай­мағын көтеріп тұрған үлкен құры­лым. Бұдан басқа жекелеген шаруашылықтар, қожалықтар, түрлі өнім шығаратын кәсіпорын­дар, бәрі де өңір экономикасын да­мы­туға, әлеуметтің әлеуетін арт­тыруға жұмыс істеп келеді. Кәсіп­керлер­мен кездесуінде де Б.Сапар­баев оларға мүмкіндігінше қолдау көрсетілетінін, мәселелерінің шешілетінін айтқан.

 

Жамбыл облысы