Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтар федерациясына қарасты «КЕА» (Kazakhstan En’bek Adamy) корпоративтік қоры «Еуразиялық диалог» әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты қолдау халықаралық қорымен өзара іс-әрекет және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес тараптар Жеңістің 75 жылдығына арналған қоғамдық бастамаларды қолдай отырып, Қазақстан мен Ресей халықтарына ортақ құндылық болып саналатын Отан үшін от кешкендердің өшпес ерлігін мәңгі есте сақтап және жас ұрпақ бойына отансүйгіштік рухты сіңіру мақсатында Ресей Федерациясының Иванов облысындағы әскери қорымда жерленген қазақстандық жауынгерлерді және олардың туған-туыстарын іздеуді бастады.
Қазіргі кезге дейін «Еуразиялық диалог» қоры Ресей Федерациясының Иванов облысындағы әскери қорымнан қазақстандық 108 жауынгердің зиратын тапты. Жерленген қазақстандықтардың аты-жөні көрсетілген алғашқы тізімді ҚРКФ өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады. Тізім сонымен қатар өңірлерге мүшелік ұйымдары арқылы таратылады, ресми сайты және федерацияның «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетінде жарық көретін болады.
Қазақстан Республикасының кәсіптік одақтар федерациясы мен «Еуразиялық диалог» әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты қолдау халықаралық қоры бұдан бөлек Жеңістің 75 жылдығына орай сұрапыл соғыста кеудесін отқа тосқан майдангерлердің ерлігін ұлықтау мақсатында Қазақстан мен Ресей аумағында бірқатар шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.