Қазақ жерін өз отаны деп санайтын диаспоралар Қазақстанға тағдырдың теперішіне тап келген түрлі кезеңдерде келгені хақ. Солардың бірі – поляк ұлтының өкілдері. Бүгінгі күні олар осынау қасиетті де киелі топыраққа тастай батып, судай сіңіп, қазақ халқымен бірге тату-тәтті тірлікте өмір сүріп, еңбек етіп келеді. Біздің ата-бабаларымыздың Ұлы далаға алғаш рет аяқ басуы – сонау ХІІІ ғасырда тіркелген екен. Яғни Арал маңы арқылы Сырдария мен Іле алқабына тұяқ іліктіріп, содан соң Балхаш көлінің тұсынан өткен поляктар – бүгінде тәуелсіз еліміздің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Олар ортақ отанымыз Қазақстанның дамуы мен өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. 1992 жылдың 6 сәуірі күні Қазақстан мен Поляк республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Біз қазақстандық поляк этносының өкілдері сол кезеңнен бері қос мемлекеттің сенімді әріптестері ретінде тығыз қарым-қатынастар мен өзара байланыстар жасап келе жатқанына сүйсінеміз. Бұл жағымды жәйт мерейіміздің өсіріп, жанымызды жадыратады.
Сондай-ақ 1994 жылдың 20 наурызында Польшаның елшілігі Қазақстанда ашылса, 2000 жылдың қазанынан бастап Польшада Қазақстанның елшілігі өз жұмысын бастады. Қазақ топырағында қазақстандық поляктардың алғашқы бірлестігі сонау сексенінші жылдары құрыла бастаса, Ақтөбе облысында мұндай қоғамдық ұйымның қаз басып, қызмет жасай бастағанына биыл 20 жыл толып отыр. Бұдан шығатын түйін - біздің жанымызға әркез жылы нұр құяды. Тағдырдың қазақ халқымымен бірге болуды жазғаны – біздің бақытымыз және алаңсыз ғұмырымыз бен еселі еңбегіміз деп сеніммен айта аламыз. Ұзақ жылдардан бері қос халық өкілдерінің арасында титтей болса да жарықшақ, сызат түспегені атап айтуға тұрарлық мәселе деп санаймыз.
Біздің білуімізше, әлем халықтары арасында қазақ халқын ерекшелендіріп тұратын жайт – олардың бойындағы сөзбен айтып жеткізгісіз бай адамгершілік қасиеттері. Мемлекет құраушы ұлттың ешкімді жатсынбайтын мәрт мінез-құлқы, өзінің баласындай кең айқара құшағы еліміздегі татулық пен келісімнің басты кепілі болып отыр. Қазақ халқының бойына о бастан орныққан қонақжайлық пен қарапайымдылық та өзге отандастарға шуағын шашып келеді.
Міне, осындай кек, дық сақтамайтын, мейірімі мен кешірімі мол, шынайы, адал достықты ту етіп көтеріп, оны бағалай білетін халыққа айтар алғысымыз шексіз. Мемлекет құраушы ұлтты өзгелерден даралап тұратын тағы бір қаисеті – жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы үшін ешкімнен ешқашан ештеңе сұрамайтындығы, оны бұлдамайтындығы. Сондықтан да бүгінгі Алғыс айту күні осы айтулы датаны белгілеген және қазақ мемлекеттігін өз қолымен құрып, барша әлемдік қауымдастыққа таныта алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және сабақтастық салтын сақтай білген бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа поляк этномәдени бірлестігі атынан шексіз ризашылығымыз бен алғысымызды жеткізгіміз келеді.
Біз үшін Алғыс айту күні - татулық пен өзара келісімді паш ететін ерекше күн. Ендеше, осындай мерейлі сәтте замана запыраны қазақ жеріне тап келтіруге мәжбүрлеген мыңдаған жанды жатсынбай қарсы алып әрі қолындағы ризық-несібесін олармен бөліскен Ұлы даланың бүгінгі мұрагерлеріне тағы бір мәрте басымызды иіп, алғысымызды айту артықтық етпейді.
Елена ЦИБУЛЬСКАЯ,
Ақтөбе облысы поляктарының
«Святло» этномәдени бірлестігінің төрайымы
АҚТӨБЕ