Аустрияның Зальцбург қаласында өткен Премьер-лига додасында каратэден Қазақстаның ұлттық құрама комадасы төрт қола медальға қол жеткізді.
60 кило салмақ дәрежесінде үшінші орын үшін тартыста Қазақстанның қос спортшысы – Дархан Асәділов пен Еркінбек Байтөреев күш сынасуға тиіс еді. Еркібектің өзінің командалық әріптесімен айқасудан бас тартуына байланысты қола медаль Дарханға бұйырды.
67 кило салмақтағы бәсекені де тамашалай алмадық. Себебі, түркиялық Угур Бурак жарақат алып, жарыс жолына шықпады. Нәтижесінде қола жүлдені Мұса Бексұлтан иеленді.
84 кило салмақтағы Данияр Юлдашев үшінші орын үшін сайыста Айхан Мамаевпен кездесті. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар Әзірбайжанның өкілінен еш қаймықпаған жерлесіміз көздеген мақсатына қол жеткізді.
Тағы бір қола медальді Софья Берульцева жеңіп алды. 68 кило салмақта өнер көрсеткен аруымыз шешуші тұста испаниялық Мария Торрестен айласын асырды.