Өскеменнің «Торпедосы» Жоғары хоккей лигасының (ЖХЛ) плей-офф додасының алғашқы кезеңінен аса алмады.
Петров кубогы жолындағы жарыстың алғашқы айналымында жерлестеріміздің жолы Мәскеудің «Звездасымен» қиысқан еді. Өскемендік клуб осының алдындағы төрт ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, үшеуінде ұтылған еді.
Соңғы бәсеке Ресейдің астанасында өтті. Бәсекені жап-жақсы бастаған «Торпедо» біразға дейін тізгінді бермей келді. 19 минутта Сергей Шестаков және 45 минутта Александр Тарасов соққан голдардан кейін қазақстандықтар алда келе жатты.
Десек те кездесудің аяқталуына бар-жоғы жеті минуттай уақыт қалғанда жерлестеріміз білгендерінен жаңылды. Қарсыластарымыз үш рет нысананы дәл көздеп, жеңісті уысымыздан жұлып әкетті. Негізгі уақытта Даниил Лобанов пен Евгений Каницкий таразы басын теңестірсе, овертаймда Максим Рыжков мергендік танытты. Есеп – 3:2.