Төрткүл дүние жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген жекпе-жектердің бірі – филиппиндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Майки Гарсия арасындағы бәсеке биыл жазда өтеді.
Қазіргі кезде айтулы кәсіпқой боксшылардың промоутерлері тарапынан келіссөздер жүргізілуде. Кейбір дереккөздеріне сенсек, екі жақ ортақ мәмілеге келген көрінеді. Осылайша, қос саңлақ 11 маусымда Сауд Арабиясында күш сынасады.
Расында да бұл бір керемет жекпе-жек болатыны даусыз. Себебі, қазіргі кезде екеуінің де даңқы дүркіреп тұр. Мәселен, 41 жастағы Пакьяоның бағындырмаған белесі жоқ. Ол бірнеше белді нұсқалары бойынша және бірнеше салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Кәсіпқой рингте 25 жылдан аса уақыт бойы жұдырықтасып жүрген Филиппиннің мақтанышы сол кезден бері 71 жекпе-жек өткізіп, 62 мәрте жеңіс тойын тойлады. 39 қарсыласын есінен тандырды. Жеті рет ұтылып, тағы екі бәсеке тең аяқталды.
32 жастағы Майки Гарсияның да спорттың бұл түрін серік еткеніне 15 жылдан асты. Ол 40 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана ұтылды. 30 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. АҚШ боксшысы да алтын белбеудің талайын иеленді.