Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингінен қазақстандық үш өреннің есімдерін кезіктірдік.
Жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтиже екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлына тиесілі. WBO Global және WBC Asia нұсқалары бойынша алтын белбеуді иеленіп отырған 28 жастағы Алматы облысының тумасы үздіктер тізімінде екінші орынды иеленуде. Ол осы күнге дейін өзі өткізген 13 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, тоғыз қарсыласын нокаутқа жіберді.
Жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаев жетінші орынды иеленді. Жамбыл облысында туып-өскен 27 жастағы былғары қолғап шебері сегіз рет рингке көтеріліп, барлығында басымдық танытты. Бес бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Қазіргі кезде ол WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian нұсқаларының чемпиондық белбеуінің иегері.
Бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Continental Americas және IBF Inter-Continental нұсқаларының алтын белбеу иегері Батыр Жүкембаев 15 орынға табан тіреді. Ол 18 жекпе-жектің барлығында жеңіс тойын тойлап, 14 қарсыласын сұлатып салды.
Сондай-ақ, тағы бір қандасымыз Бейбіт Шүменовтің дәл осы нұсқа бойынша тұрақты чемпион атағы бар екенін естен шығармайық. Ол бірінші ауыр салмақта өнер көрсетуде.