Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Шәмшиддин. Біз Шәмші деген есімімен таныдық, адамдармен қарым-қатынасына, ел алдындағы қызметіне бола айналасындағылар қазір «Шәке», «біздің Шәкең» дейді.
Иә, осы жұрт біздің Шәкеңді біледі. Сондықтан жұрт білген Шәкең туралы жазу – күн астында жарық шаммен бар нәрсені іздегендей немесе жұрттың бәрі оқып қойған кітапты алғаш рет ашқалы отырғандай қылық. Олай болатыны – көпшілік көріп жүрген Шәкеңді сен де көріп жүрсің, бірақ көптің көзі көреген. Олар байқап жүргенді сенің байқамауың мүмкін. Байқамаған, білмеген нәрсеңді тұспалдап айта салуға ақ қағаздың алдындағы, ақ қағазға жазылғанды оқитын оқырманның алдындағы арың жібермейді. Әйтеуір көңіл үшін қызыл сөздің қырманын сапырып, сөйлем көбейтіп жаза салғанмен, жұрттың көңілінен шықпаса, оның қажеті шамалы. Қажеті бар нәрсе – өзім білетін шындық.
Біз бір топта оқыдық. Мектепті жаңа бітіріп келіп оқуға түскендердің көбі басқа топта. Ол топта Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсанбек, Бейбіт Сапаралы, Жүсіпбек Қорғасбек, Батырбек Садыхан, Жұмағали Арғынбай, Ырымтай Сағынбек, Үмітхан Алтай (жандары жаннатта болғыр Алтынбек Сәрсенбайұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсанбектер бұ күнде пейіштің төрінде, ұлт ұрпағының жадында) секілді бүгінде елге аты белгілі ұлдар мен қыздар оқыды. Бұлар шетінен білімпаздар, ізденімпаздар, ұйымшылдар болып шықты. Ал біздің топта мектепті бұрынырақ бітіріп, бірнеше жыл өмірді көріп, оң-солын танып, аздап ыстық-суығы басылып келгендер. Бұлардың ана топтағы тыз етпе жүйріктер секілді алыпұшпа мінезі жоқ, қоңыртөбел, біртоға, сабырлы. Осылардың ішінен алабөтен алға ұмтылып тұратыны – Шәмші. «Кеттік, жігіттер! Тауға шығамыз!», деп жұртты жұмылдыра биікке ұмтылдыратын да осы Шәмші. Шәмші айтқан соң тауға сан мәрте бардық. Сондай сәттерде алауды айнала алқақотан отыра қалғанда өзге ақындардың өлеңдерін жаңылмай жатқа соғатын осы Шәмші. «Алға, жігіттер, футболға!», деп бар этаждағы жігіттерді соңынан ерте алаңға алдымен шығатын да, алдына келген ала допты ала торда аунатып тастайтын да осы Шәмші. Әлгі «Ялла» деген эстрада ансамбліндегі гитара тартып, құйқылжыта ән салып тұратын өзбек жігітінің шашы секілді дудар-дудар шашы басына сыймай, үнемі топтың алдында шешіле сөйлесе, көсіле ой тастап бара жататын да осы Шәмші. Айтып жатқанын тыңдап отырсаң, мұның бармаған жері, білмейтіні жоқ сықылды. Өзі барып, көзімен көріп келгендей бірде сонау Қиыр Шығыстағы Вьетнам оқиғасын, енді бірде Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы саяси жүйе айырмасын айтып кетеді. Енді бірде Американың президентімен бірге кофе ішіп келгендей, АҚШ-тың саясатын сапырады.
Үнемі бір жаққа асығып бара жатқан секілді қимылы жылдам, қозғалысы тез әрі өзін сергек, ылғи көңілді ұстайтын, әзіл-қалжыңы кімге де болса әзір біздің Шәмші – ойдың адамы. Ойланбай сөйлемейді. Меніңше ол хадистердің бірінде айтылған «бір сағат ойлану – бір жылдық құлшылықтан қайырлы» дегенді жадына бала күнінен сақтап алған. Қашан көрсең ой үстінде. Саған үнемі ойлы көзбен қарайды. Кез келген жағдайды ақылға салып, саралап, қорытынды жасауға келгенде одан асқан білермен іздеп қажеті жоқ. Университетті мектепте жүргенде-ақ бітіріп тастаған сияқты қолына кітап, дәптер ұстамай-ақ дәрісханаға кіріп-шығып жүре беретіні, кез келген ұстаздың кез келген сұрағына орнынан тұрып жауап бере беретіні – оның ойлау қабілетінің, айтылған ойдың қисынын тез табу машығының жастайынан дұрыс қалыптасқандығынан. Сөйлеу мен айту бір емес. Ол – сөйлеудің емес, айтудың адамы. Есту мен тыңдау да бір емес. Ол сәби шағынан естігенінің бәрін есіне сақтауға емес, айтылған ойды тыңдауға дағдыланған. Тыңдағанынан тұжырым шығаруға жастайынан машықтанған. Сондықтан да оның ойы озық, ақылы алда.
Мен білетін Шәкеңнің жүрегіндегі адамдарға деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімі бір сәтке бәсеңдеген емес. Қашан көрсең кездескен жанды қуана құшақ жайып қарсы алып жатқаны. Үлкеніне ізетін, кішісіне ілтипатын көрсетіп, көптен бері көре алмай жүрген ең жақынын көргендей қуанады. Солардың кейбірінің пендешілігіне бола күйініп, ренжіген де емес. Тек «Қоя бер!» дейді де тынады. Айналасындағылардың Шәмшіге ренжігенін де білмеймін. Сонда тегі, ешкімді ренжітпесе, ешкім оған ренжімесе, оның пендеге тән мінезі қайда? Апырау, ол да ет пен сүйектен жаралған емес пе еді? Ызаланып біреуді ұрмаса, ашуланып біреуді балағаттамаса, ренжіп біреуді ғайбаттамаса, тым болмаса өкпелеуіне де болатын еді ғой. Жоқ, біздің Шәкеңде ондай мінез болған емес. Болмайтыны – ондай сәтте сонау орта ғасырларда Жәләләддин Руми айтқан: «Егер адам өзгелерден жамандық не зұлымдық көрсе, ол – өз мінез-құлқының сол адамдардан көрініс табуы» деген қағида санасында қайта жаңғырып, өзгелердің кемшілігі үшін өзін де кінәлі санайтындығынан болса керек.
Білермендердің айтуы бойынша, пәк жүректілердің үш ерекшелігі болады екен. Біреуі ешкімді ренжітпейтіндігі, екіншісі ешкімге ренжімейтіндігі, үшіншісі жасаған жақсылығы үшін ешкімнен алғыс күтпейтіндігі. Меніңше, біздің Шәмші осы үш қасиетімен де ерекшеленетін пәк жүректі жан. Шындығында ол қаншама адамға қайырымдылық жасады, қаншама адамға жақсылығын көрсетті. Бірде-бірін жария қылып айтқан да немесе бірде-бірінен алғыс күткен де емес. Ұлы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегенін санасына ұялатып, жүрегіне тұндырып алған ол адамдарды ұлтына, ұлысына, жүзіне, жеріне, руына қарап жақсы көрмейді. Кімді болса да «Құдайдың жаратқан бір құлы» деп істеген ісіне, атқарған адал қызметіне бола құрметтейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Адамдардың түсінігіне қарай сөйлеңдер!» депті. Біздің Шәкең еңбектеген сәбидің де, еңкейген кәрінің де, қатардағы қарапайым жанның да, шіренген шенеуніктің де түсінігіне қарай сөйлеуді жақсы меңгеріп алған. Сондықтан да оның ойы өтімді, пікірі ұтымды.
Қазақта «Қазанаттың асылы шапсаң – тұлпар, сатсаң – пұл, азаматтың асылы түзде – мырза, үйде – құл» деген мәтел бар. Осы сөз дәл біздің Шәкеңе қаратып айтылған секілді. Бір қарасаң, мемлекеттік деңгейдегі елдік мәселелерді шешетін елтұтқалардың ортасында жүргені, енді бір қарасаң, білегін түріп тастап, үйінің айналасын тазалап жатқаны.
Оның бойына қарапайымдылық тән. Ол ешқашан ел алдында кеудесін керіп «мені көрдің бе?» дегенді меңзейтін қылық көрсеткен емес. Қашан көрсең бетегеден биік, жусаннан аласа. Қаншама жұмысты дабыра-дақпыртсыз тындырып жүреді, бірақ ол әлдекімдер секілді түймедейді түйедей қылып жария қылған емес. Әлдекімдер секілді өзін өзі жарнамалап тыраштанбайды, қайсыбіреулер секілді өзі туралы өзгелерге насихаттатпайды да. Бәз біреулер мақтау қағаз алса да елден сүйінші сұрап, дүрілдетіп той жасап жатады. Біздің Шәкеңнің бір басында атақ та, марапат та жетерлік. Бірақ ол ешқашан ешкімге мен осындай екенмін деген де емес. Біздің Шәкең белді, беделді бұқаралық ақпарат құралдарын басқарып келеді. Кей газет, журналды, сайтты, порталды қарасаң, мұқабаның бірінші бетінде бас редактордың өзінің фотосының тұрғанын, болмаса ішінде ол туралы мақтау, дәріптеу сөздердің жүргенін көресіз. Бұл – журналистік этикаға, оның ар жағында адами құндылыққа жат қылық. Осы жағынан біздің Шәкең таза адам. Ол қызметтік – адами әдепті сақтап, өзінің суреті тұрмақ, жарияланып бара жатқан мақалаларда өзі туралы бір ауыз мақтау сөз жазылса, өз қолымен алып тастайтын. Жұрт біздің Шәкеңді осындай қарапайымдылығы мен парасаттылығы үшін де ерекше қадірлейді.
Адамзаттың екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Доскерлік – адамгершіліктің биік белгісі» дегенді айтыпты. Иә, біздің Шәкең – доскер адам. Яғни достыққа адал азамат. Өмір болған соң адам басынан неше түрлі оқиғалар өтеді. Солардың біразын достармен бірге біздің Шәкең де басынан кешірді. Бірақ ол – әу бастағы достығына адал күйінде қала білген парасат иесі. Басына түскен аз ғана қиындыққа бола неше жылғы досынан теріс айналып кететіндер де жоқ емес. Ал біздің Шәкең өз ұстанымына қашанда берік. Қасында жүріп, пендешілікпен сатып кеткен досына кешіріммен қарайды. Сол кешірімі арқылы әлгі сатқын досты бейшара күйге түсіріп, пұшайман халде қалдырады да өзі еңсесін тік ұстаған қалпы алшаң басып алға кетіп бара жатады. Кетіп бара жатқанда оның жадына үнді халқының ұлы перзенті Махатма Гандидің «Кешіру ұмыту емес» дегені оралатын да шығар... Оны тек біздің Шәкеңнің өзі ғана біледі.
Біздің Шәкең – көп оқитын білімқұмар жан. Жасаған жақсылығын жария қылмайтыны секілді, кітап оқып жатқанын да жұртқа дабыра қылмайды. Бірде үйіне барсам, тасадағы өз бөлмесінде етпетінен жатып алып бас алмай кітап оқып жатыр екен. Кітапқа берілгені соншалық, айналасындағы дабырды естімейді де. Тағы бірде жұмысындағы кабинетіне рұқсатсыз кірсем, алдында жайылып жатқан газет-журналдардан бас ала алмай отыр. Көбі орыс тіліндегі басылымдар. Ондағы жарияланымдар ішінен оқитыны – көбіне соңғы ақпараттар мен саяси-сараптамалық мақалалар. Өзіне қажетті ойды немесе мәліметті тауып, өзіндік пікірін тұжырып алады да өзі басқарып отырған басылымға бағыт береді.
Ол – сауатты редактор. Біз «Өнер» баспасында бірнеше жыл бірге қызмет атқардық. Аз жылдың ішінде қаншама кітапқа редактор болды. Бірде-бірінде редактор Шәмші Паттеев тарапынан қате кеткен емес және қолжазбаны жылдам оқитын. Себебі ол мектепте де, университетте де жақсы оқыған, сауатты жазып үйренген, тез оқып машықтанған. Үнемі кітап оқып дағыдыланған Шәкеңнің қай мәтін болса да жылдам әрі сауатты оқитыны – оның жүре бітті қалыптасқан машығы.
Біздің Шәкең сауатты редактор ғана емес, білімді де білікті менеджер. Күні кеше халықаралық «Түркістан» апталығын басқарып жүргенде аптасына бір-ақ рет шығатын басылымның таралымын күрт көбейтті. Оқырманына оқылатын тың тақырыптар ұсынды. Ең бастысы, ол адамды да, маманды да тани алады. Білікті мамандарды айналасына жинап, газет ісін ұтымды ұйымдастыруға жұмылдырды. Аттары Алашқа белгілі аға буын қаламгерлер Дидахмет Әшімхан, Тынышбек Дайрабаев, Көлбай Адырбаевтардың заман сөзгерлік қабілеттерінің жаңа қырының ашылуына жол ашты. Өз қатарластары Жаңабек Шағатай, Таңсұлу Алдабергенқызы, Рымтай Сағынбектерге өздерінің оң жамбасына келетін тақырыптарын тауып беріп, емін-еркін жасқанбай жазуына ықпал етті. Бұлардың ізін басар жас кадрларды баулуда да ол талғампаздық танытты. Бүгінде халықаралық тақырыпта жазуға қалыптасқан журналистер – Есенгүл Кәпқызы, Гүлбиғаш Омарова, Нәзия Жоямерген, т.б осы «Түркістанда» жүргенде қаламдарын ұштады. Қазірде руханият тақырыбына қамшы салдырмас жүйрік журналистер – Гүлзина Бектас, Камшат Тасболат, Динара Мыңжасар, т.б осы басылымда жүріп шеберлігін шыңдады. Бұлардың да соңынан еріп келе жатқан жас буынды біздің Шәкең таңдап жүріп жұмысқа алған. Сөйтіп журналистика мамандары арасындағы кәсіби сабақтастықты үнемі жалғап отыру дәстүрін қалыптастырды. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-ның тізгінін ұстап отыр. Құрамында бірнеше газет, журнал, сайт, портал бар бұл ұжымды басқаруда да оның жоғарыда айтылған адами қасиеттерімен бірге кәсіби білігі өз нәтижесін берері сөзсіз.
Алла тағаланың ең жақсы көретін амалы ата-анаға жақсылық жасау екен. Біздің Шәкең ата-анасының көңіліне қаяу түсіріп көрген емес.
Алла тағала өзінің құлдарына туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуды тапсырыпты. Біздің Шәкең өзінің туған-туысқандарымен, аға-іні бауырларымен тонның ішкі бауындай бірлікте өмір сүріп келеді.
Мұхаммед Пайғамбар сәбилерді өте жақсы көріпті, балаларын иығына отырғызып алып еркелеткеннен ләззат алыпты. Біздің Шәкең де Алла тағала берген, қасында жүрген сүйікті жары Зәурештен көрген төрт ұлының бірін арқасына көтеріп, бірін құшағына алып, бірін жетектеп жүріп жетілдірді. Бәрі де қазір ұлтына қызмет етер парасатты ұлдар болып ержетті.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Мүмін адам лағнет айтушы кісі болмауы керек» деген хадисін қалдырыпты. Осы хадисте айтылғанды жадында берік ұстап қалған біздің Шәкеңнің біреуге лағнет айтып жатқанын да көрген емеспіз.
«Шын байлық мал-мүліктің көп болуында емес, нағыз байлық – рухани байлық» деген өсиетті де біздің Шәкең бұрыннан білген. Сондықтан да ол рухани азық алуға жас күнінен ұмтылған. Бірде ол мені Оңтүстік Қазақстан облысын аралатуға өз машинасымен алып шықты. Сонда сонау жердің түбі Жетісайға жеткенше біздің Шәкең ән салып барды. Қолына домбыра алып, ел алдында ара-тұра ән салып жүрген, менің білетінім оның жатқа білген әндерінің оннан бірі ғана екен. Халық әндерін, халық композиторларының әндерін, қазіргі композиторлардың ең соңғы хит әндерін де қазақша да, орысша да жаңылмай бірінен соң бірін шырқағанда аң-таң болдым. Өйткені қанша жыл қасында жүріп, оның жадында осынша ән жинақталып жатқанын білмеппін. Қайтарда Шәкеңнің қасында «әу» деуге арым бармай, тек оны тыңдаумен болдым.
Біздің Шәкең кемел адам, яғни толық адам болуға әу бастан дайын болған. Әу бастан дегенім – ананың құрсағында жатқаннан дегенім. Я ол анасының құрсағында жатқанда-ақ әр атқан таң сайын азанның қирағатын естіді. Шыр етіп дүниеге келгенде оның үнін әуелі Алла естіген, Сайрамда жатқан сансыз баб, Отырарда онсан баб, Түркістанда түмен баб, Бабтардың бабы – Арыстан баб, солардың жалғасы Қожа Ахмет Ясауи бабалары құлақ түрген. Атасы оқыған бес уақ намаздың ырғағымен бесігінде тербелген. Тұсауы әжелері әуелеткен Құран кәрім аяттарымен кесілген. Имандылықтың ұрығы сіңген киелі топыраққа кіндік қаны тамған біздің Шәкеңнің кемел адам болуға негізі әу бастан осылайша қаланған.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ