• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 26 Наурыз, 2020

«Қамаулы карантин айналасы...»

1749 рет
көрсетілді

Өзіміз туып-өскен Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылының күншығыс бетінде әжептәуір биік оба болатын. Жыл сайын мамыр айында ат бәйгесі мен палуан күресі әдетте сол маңда өтетін. «Оба деген – оба ауруынан өлген адамдарды бір жерге жиып, көмген жер» дегенді үлкендерден жиі естігесін бе, әлгіндей обалардың төңірегіне жақындауға жүрексінетінбіз...

Атпен қашып құтылған...

Өткен ғасырларда елге өлім болып тиген оба ауруынан талай ауылдың тайлы-таяғы қалмай қырылып қалғаны тарихи шындық. Емі жоқ ерекше індеттен құтылудың сол кездегі жалғыз жолы – аталған аурудың аты естілген жерден үдере көшу, қашу болыпты.

Тайпақ өңірінде 1890-1976 жылдары өмір сүрген, ерекше қасиетімен, емші­лі­гімен танымал болған Арыстан ата Жұмалыұлының өміріне қатысты бір қызық хикаяны ақсуаттық зейнеткер Мұрат Ғұбайдуллин былайша жеткізеді:

...Арыстан жігіт кезінде наға­шы­сының үйіне қыдырып барыпты. Наға­шы­сы беріш екен, болашақты болжап оты­ратын қасиеті бар қарт көрінеді. Жие­ніне қой сойып қонақасын беріп, таңертең:

– Жиенжан, жүр, мал шығарып келе­йік, – деп ілестіріп шығыпты. Қойды қо­ра­дан шығарып жатып, үңіліп қарап тұрып:

– Е, жағдай қиын екен, балам, – депті. Сөйтсе нағашысы тірі қойдың жауырынын қарап, күндік оқиғаны болжай береді екен.

– Мен қазір ішке кіремін. Сен кірмей тұра тұр. Анау ауылдың бағытынан бір аттылы шауып келе жатыр. Соны алыстан тоқтатып, қайтарып жібер. Сонан соң атыңның айылын мықтап тартып ал да, желге қарай қаш! – депті қарт, – құтылсаң сен құтыларсың. Біз құтылмаспыз. Елге оба келген екен!

Нағашысы осыны айтып, жиеніне батасын беріп, бақ тілеп, үйге кіріп кетеді. Арыстан қатты тіксініп қалса да нағашысының қадап айтқан көріп­кел­дігін сынамақ болып, сыртта тұ­рып күтеді. Әлгіндей болмай айтқан жа­ғы­нан құйын-перен болып шауып келе жатқан біреу көрініпті. Хабаршыны қа­шық­тан айқайлап тоқтатып, «Білеміз!» деп қайтарып жібереді де, Арыстан наға­шы­сының айтқанына мойынсұнып, атын ерттеп алып желге қарсы желіп жө­нел­ген екен.

Желмен таралатын ажал індетінен жие­нін құтқарып жіберіп, өздері мерт бол­ған нағашысы туралы Арыстан өле-өлгенше айтып отырады екен...

 

 Есіңде ме, Есімтөбе?!

Ағам Жәнібек айтатын осы әңгімені есті­ген сайын 1913 жылы Тайпақ өңі­рінде, атап айтсақ «Есім төбесі» ата­латын жерде (қазіргі Базаршолан ауыл­дық округіндегі елді мекен) болған алапат оба эпидемиясы туралы дерек ойыма түседі.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде (1900-1926) бұрын Орал губерниясы, кейіннен Орал облысы аталған өңірде оба індеті 43 мәрте бас көтеріпті. Бүгінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы тұрған «Урало-Каспийский край (Уральская губерния и бывшие земля Уральского казачьего войска и Уральская область) Краеведческий спра­­вочник по истории, географии, эко­номике и быту русского население края» («Жайық-Каспий өлкесі», ав­тор­лары К.В.Данилевский мен Е.В.Руд­ницкий, Орал қаласы, 1927 жыл) атты кітапта ХХ ғасырдың басында Орал губерниясы аумағында болған оба ошақ­тары туралы төмендегідей мәлімет келтіріледі:

Жоғарыдағы кітаптың дерегінше, 1904-1926 жылдар аралығында Орал губерниясы аумағында 1585 адам обаға шалдығып, соның 1564-і қаза тапқан екен. Соның ішінде ең көп адам шығыны – 1904 жылы Сарайшықта (ол кезде Гурьев уезі Оралға қараған) бас көтерген обада болған. Сол жолы 416 адам дауасыз дерттің құрбанына айналыпты. Тұтас ауылдарды жайпап кеткен алапат апаттың қатарында 1913 жылы Есімтөбе мен Калмыковта болған оба ошағы бар. Сол жолы Есімтөбе ауылында 342 адам обаға ұрынып, соның біреуі ғана аман қалған екен. Қазақтар «Кінәз» деп атайтын Калмыков елді мекенінен сол жолы 14 адам опат болған.

Әрине оба ошақтарын ауыздықтауда сол кездері жаңа құрыла бастаған обаға қарсы күрес стансалары ерекше қызмет жасаған. Дауасы, емдеу жолдары әлі толық қалыптаспаған атышулы дертпен өз басын қатерге тіге жүріп күрескен сол бір абзал жандардың ісі қандай құрметке де лайық. 1908 жылы Қазақстандағы тұңғыш обаға қарсы зертхана Хан ордасында ашылса, 1912-1913 жылдары Жымпиты, Калмыков (қазіргі Тайпақ) және Жаңақазан ауылдарында да жұмыс істей бастаған.

 Халелдің жан күйзелісі

Қазақтың тұңғыш жоғары білімді дәрігерлерінің бірі, Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедов (1883-1939) Орал губерниясындағы оба ошақ­тарын жоюға, халықты құтқаруға, сақ­тандыруға бір кісідей қатысқан.

1909 жылы Санкт-Петербург импе­ратор­лық әскери-медицина академиясын үздік дәрежелі дәрігер атағымен, алтын ме­даль­мен бітірген Халел офицер ретінде ке­лісімді мерзімге әскери міндетін өтеу­ге жіберілген. Алдымен Пермь гу­бер­ниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал казак-орыс атқыштар баталь­он­ында әскери кіші дәрігерлік қыз­мет атқарады. Осы жылдары Орал қала­лық ауруханасында бір жыл ма­ман­­дандыру курсынан өтеді. 1912-1913 және 1915 жыл­дары оба індетіне қар­сы күрес ісіне қа­тыс­­ты. Бұл еңбегі үшін Им­ператорлық қола медальмен ма­ра­пат­та­лады.

1913-1918 жылдары «Қазақ» газе­тінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру ха­қында» сынды кәсі­би, әлеуметтік-сая­си тақырыптарда мақа­ла жариялап, өзіндік ой-пікірін біл­діріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» («Қазақ хал­қы­ның ішіндегі оба індетімен қалай күресуге бо­лады?» 1916 жыл) деген кітабы өз ке­зін­де оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсіл­де­рін түгел қамтыған еңбек болды.

Халел Досмұхамедұлының жоғарыда атал­ғ­­ан Есімтөбедегі алапат індеттің нақ орта­сында болғанын Ығылман Шөре­к­ұ­лының «Оба» деп аталатын өлеңі­нен көреміз. «Халелдің атынан» шыға­рыл­ған өлеңнің кіріспесінде «1913 жылы Кал­мыков қаласының Есім­тө­бе­сінен оба ауруы шыққанда ішінде бол­ған дәрігердің жан күйзелісі» деген түсі­нік­те­ме беріліпті:

Бисмилла, сөз бастаймын қалам алып,

Ақ қағаз, сиясауыт тамам алып.

Жылында мың тоғыз жүз он үшінші

Көп халық апат тапты назаланып.

Алаша, масқар, тана рулары,

Сарбасты, Есімтөбе тұрулары.

Жақсыбай, Дендерден де көп кісі өлді,

Шашырап қазалыға жұғулары.

Жігіттер, дей көрмеңдер қаза қайдан,

Жүзіңді раушан еткей күн мен айдан.

Ұшырап осы апаттан көп кісі өлді

Қызылжар, Дендер менен

Жақсыбайдан.

Апатты жаман атап таптық хабар,

Почтальон, телеграмм жүріп шабар.

Жады етіп бір Алланы біз де тұрдық

Сақта деп пазылың кең Қадыр-Жәлел.

Доктордың қызметінде

тұрдық дәйім,

Күн болды заманақыр қайғы-уәйім,

Сағындық үлкен-кіші ел адамын

Құрбының, аға-жеңге қызыл шәйін.

Кінәздың барып тұрдық қаласына,

Қамалған карантин арасына.

Ауылдан мал табам

деп шыққанменен,

Ой түсті жігіттердің санасына.

Қуады жалған дүние адамзатты

Тіршілік қызығында балдан тәтті.

Көмуге жер қазушы болмаған соң

Өлікті жүз елуден отқа жақты.

Аспанға түтін шықты будақ-будақ,

Томарды карбөлкемен салған турап.

Иесі өліп, төрт түлік мал

тозып кетті

Ақкөлдің бақасындай улап-шулап.

Қап-қара түтін шалған зілмәңкелер

Әдіре қыр басында қалды қурап.

Көремі көз алдында ойран үйді

Мал қалып, қожа басын жойған үйді.

Ызбырай, зілмәңкесін – бәрін жағып,

Қарайтып керегесін қойған үйді.

Көбі өліп, азы қалды осы дерттен,

Кем емес үшбу апат жанған өрттен.

Секілді қара сия жұққыштығы

Ақыры себеппенен дағдыр жеткен.

Хал білген, бата оқыған адамдардың

Бәрі де үлес алды келген-кеткен.

Қамаулы карантин айналасы

Бұл апат марқұмдарға болды өктем.

Қайғыға қасіретпен аза беріп

Күйініп сөз сөйлейміз жаза беріп.

Дүния, адыра қалсаң бәрі сондай

Уақытсыз шәй ішпейміз қаза көріп.

Тартады санитарлар салып ырғақ,

Құр кеуде сүйреледі жерді тырнап.

Жиналып көп ағайын қауым болып,

Күн қайда құран оқыр молда жинап.

Жігіттер, арманы жоқ

өлген жанның –

Ақ жуып, жаназа оқып

көмген жанның.

Ай жатты кейбір адам ісіп-шіріп,

Қызыл ит кеудесінде өлген малдың.

Көз көрді мұндай түрлі

ғаламатты-ай,

Жүреміз дүние қуып саламатта-ай.

Бүлінген топ-топ болып көп адамдар,

Секілді қияметтің ғаламаты-ай.

Сау бөлек, ауру бөлек, өлген бөлек,

Айнала қарауыл тұр дөп-дөңгелек.

Араннан қарғып өткен сұр киіктей

Қатысқан қаза тапты елден бөлек.

Батырлық тірлік емес

болмай қорқақ,

Өлгендер толып жатыр

болып орпақ.

Қазасыз бала-шаға тірі қалды,

Секілді жұттан шыққан

бұзау-торпақ.

Бұл дерттен мырза-байлар,

бәрі де өлді,

Белгілі жасы жеткен кәрі де өлді.

Қызыл тон, иық ішік, жібек киіп,

Жас жандар қасіретпен жанып өлді.

Мирасқор бұл сапарда байып қалды,

Секілді өрді жайлап малы келген.

Біреулер жанталасып, сасып өлген,

Қасірет қара тұман басып өлген.

Асыл зат, жиған ақша, жиһаздарын

Жасырып әр орынға шашып өлген.

Қиғаш қас қыздар өлді қарқарадай,

Тіздірген мәнеттері жалтырап-ай.

Тағдырға бәйбіше де мойынсұнды,

Ғалажсыз ақ маңдайы

жарқырап-ай.

Қиылған қыршынынан жас адамдар,

Өлімнен хабары жоқ мас адамдар.

Сұпылар, қажы-молда, бәрі де өлді,

Халқына инабатты бас адамдар.

Бұлардың ақырап-қауыс ажал

айы-ай,

Табылған бұл оқиға қазалы айы-ай.

Жігіттер, Бір Құдайдан сұраналық,

Осындай тап болмағай пәле-жай-ай.

Қайғылы қазы, қарта шайнағаннан

Уайымсыз артық екен қара шәй-ай.

(Ығылман ШӨРЕКҰЛЫ, «Арыс» баспасы, Алматы, 2001 жыл, Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы, 194-197 беттер).

Міне, бір ауылды тып-типыл қылған оба­ның бізге белгілі тарихы осындай. Бүгін әлем жұртын әбігерге салған коро­на­вирус індеті тұсында бұдан ғасырдан аса уақыт бұрын бол­ған оқиғаны еске ала отырып, қауіп көп, мүмкіндік аз кез­де ажалмен ар­палысқан ақ желеңді жандардың ру­хына бас иеміз.

 

Батыс Қазақстан облысы