«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» Оралдық Қайырболды Сисенғалиев Абай хакімнің осы сөзін шын пейілімен айтады. Өйткені ол екі жылдан бері жүрекке орнатылған LVAD көмекші аппаратымен жүр.
Қайырболды Орынғалиұлы Жымпиты ауданының Шағырлыой ауылында туып-өскен. Қарапайым ауыл баласының тірлігі әдеттегідей өтіп жататын. Кеңес өкіметі жылдары аға шопан әкесіне көмекші болды. Ауылдың берекесі қашып, азаматтары жұмыс іздеп жан-жаққа сабылғанда вахталық әдіспен жұмыс та істеді. Шаруа қожалығын құрған туысқанына жәрдемші болып, біраз жыл кәсіпкерліктің де дәмін татты. Бірақ 2000 жылдардан бастап жүректің ақауы білініпті.
– Кеуде тұсым шаншитын. Алғашында «Асқазан болар» дедік. Кейін жүрек екені анықталған соң дәрігерлердің нұсқауын орындап, уыс-уыс дәрімді уақтылы ішіп жүрдім. Осылайша 2007 жылға дейін арнайы есепте тұрдым. Бірақ отбасын асырау керек, 2007 жылы жұмысқа шығып кеттім. Ақыры 2016 жылы желтоқсан айында қатты ауырып, Сырым аудандық ауруханасының табалдырығына әрең жеттім, – дейді ол.
Дәрігерлер оған «жүректің ишемиялық дерті» деген диагноз қойғанда Қайырболды енді бүкіл өмірі өзгеріп кететінін білген жоқ.
Алғыс
– Сізбен кездесуге неге бірден келіскенімді білесіз бе? – дейді маған Қайырболды аман-саулықтан кейін. – Мені бұл өмірге қайта алып келген дәрігерлеріме алғыс айту мүмкіндігі туғанына қуандым!
Иә, сұхбаттасым ақ қағазға маржандай қылып тізіп, өзіне көмегі тиген ақ желеңді абзал жандардың аты-жөнін жазып алып келіпті.
– 2016 жылы желтоқсанда есім кіресілі-шығасылы болып Сырым аудандық ауруханасына жеткенімде дәрігерге дейінгі кабинет медбикесі Гүлжауһар Бақтығұлова жедел көмек көрсетті. Дәрігер кардиологтар Ләззат Бөкенбаева, Айнаш Қосмағұлова, медбике Гүлбаршын Ерғожиева барын салды. Сол кезде ажал аузында тұрған екенмін. Бірден төсекке жатқызып, жедел көмек көрсетіп, сәл-пәл қалпыма келген соң Оралдағы кардиологиялық орталыққа Жедел жәрдем көлігімен жеткізді. Ол жерде Жанайдар Досқалиев бастаған дәрігерлер екі мәрте ота жасап, жүректің бітелген қан тамырына стенд салды. Отадан кейін 9 күн ес-түссіз жатыппын, – дейді Қайырболды.
Оралдық дәрігерлердің көмегімен өмірге қайта оралған Қайырболды Сисенғалиев қауіптен құлантаза құтылған жоқ еді. Арнайы жолдамамен Астана қаласындағы әйгілі Юрия Пя жетекшілік ететін кардиохирургиялық орталыққа жеткенде жүректің 15 пайызы ғана жұмыс істеп тұрғаны мәлім болған. Мамандар пациенттің жүрегіне LVAD көмекші аппаратын қоюды ұсынған.
– Жарқыраған темір аппарат үстел үстінде жатыр екен. Ұстап көрдім, зілдей ауыр көрінді. Салмағы 800 грамдай екен. Қосымша түтіктері, арнайы сөмкесі, қуатбергіш аккумуляторлары бар. Көп ойланып, ақыры осы аппаратты орнатуға келісім бердім, – дейді Қайырболат.
Жүрек
Қайырболдының жүрегіне күрделі ота 2018 жылы 8 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жасалған. Содан бері ол өмірді жаңа қырынан ұққандай.
– LVAD аппараты электр қуатымен жұмыс істейді. Тәулігіне екі мәрте аккумуляторды ауыстырып отырамын. Түнде ток желісіне тікелей жалғап қоятын қондырғысы да бар. Барлығын қосқанда салмағы әжептәуір, 3 килоға жуықтайды. Күні бойы көтеріп жүру оңай емес, әрине, – дейді Қайырболат.
Жаңа аппарат кейіпкеріміздің өмірге көзқарасын мүлдем өзгертті деуге болады. Қазір ол өміріне, күнделікті тіршілігіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын болған. Қан құрамын үнемі бақылап отырады. Өйткені жүректен кедергісіз өтуі үшін тамырдағы қаны тым сұйық та, тым қою да болмауы керек. Уақытында су, сұйықтық ішіп отырмаса болмайды. Темекіні отаға кірер алдында тастаған. Ішімдік туралы айтпаса да түсінікті. Артық тамақ, артық салмақ та жүрекке күш. Апта сайын қан құрамын терең талдап, астанаға жібереді. Айтпақшы, осы бойындағы аппараттың өзін емдеуші дәрігер Тимур Мұратұлы компьютерінен онлайн бақылап отырады екен.
– Отадан өткен соң кешікпей бір оқиға болды. Оралда, көшеде келе жатып бір кісімен қатты ренжістім. Қатты ашуланып, өзімді ұстай алмай қалдым. Сол кезде күтпеген жерден аппаратым шиқылдап қоя берді. Қарасам, «аккумулятордың 15 минутқа ғана жететін қуаты қалды» деген ескерту дабылы екен. Таңертең ғана толық зарядтап үйден шыққан бойым еді. Кемінде 12 сағатқа жетуі тиіс болатын. Сөйтсем адам ашуланғанда аппараттың аккумулятор қуаты тез жойылып кетеді екен. Такси ұстап, үйге қарай ұштым. Әйеліме телефон соғып, «қосалқы қуатты алдымнан алып шық» деп жатырмын. Әйтеуір ауыстырып үлгердім, – дейді Қайырболды.
Осы оқиғадан кейін кейіпкерім көңіл күйін ерекше бақылайтын болыпты. Ғажапты қараңызшы, ренжімей, көңілді жүрген күндері аккумулятор қуаты 20 сағатқа дейін жетеді екен. «Апырмай, адамның өз жүрегі де осылай ашу-араздықтан, ұрыс-керістен тозады екен-ау» деген ойға нық бекінген. Достарына, ағайын-туысына, ұл-қызына да: «Ешқашан ашуланбаңдар, әрдайым көңілді, күліп жүріңдер, жүректеріңді сақтаңдар!» деуден жалықпайды.
P.S.: Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында жүрегіне LVAD аппаратын орнатқан 9 пациент бар. Соның ішінде Қайырболды ғана ауылда тұрады. Бір диагнозға таңылып, тағдырлас болған жандар бір-бірімен үнемі хабарласып тұрады. Олар жүрек дертіне шалдыққан жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ерекше риза. «Құны өте қымбат шетелдік аппаратты сатып алуға, күрделі ота жасатуға қарапайым ауыл адамының қаржылық мүмкіндігі жетпес еді. Осының бәрін тегін қамтамасыз етіп отырған мемлекетіміздің жәрдеміне, ақ желеңді дәрігерлердің біліктілігіне ризамыз. Әлемді әбігерге салған бүгінгі коронавирус дүрбелеңінде де біздің дәрігерлер алдыңғы шепте, ауыр індетпен күрес майданында жүр. «Аман болыңдаршы, ақ желеңді абзал жандар!» дейді Қайырболды Сисенғалиев. Шын көңілімен айтады.
Батыс Қазақстан облысы