Ел тұрғындары жыл сайын 600 млрд теңгенің аяқ киімін киеді екен. Әрине, әжептәуір сома. Әттеген-айы сол, біз бұл қаржымен басқа елдердің саудасын қыздырып отырмыз. Өйткені, шетелде бұл сала дамыған әрі өнімдерінің бағасы да көңілге қонымды. Өзімізде тері өңдеу саласы әлі күнге адымын кең аша алмай келеді. Төрт түліктен кенде болмасақ та, тері өңдірісі тағасыз тұлпардың күйін кешуде.
Сапалы, ұзаққа киіс беретін аяқ киім ірі қара мен ұсақ мал терісінен тігіледі. Ал елімізде жыл сайын 3 миллионға жуық ірі қара сойылады. Орташа есеппен алғанда, әр сиырдың терісінен 15 жұп етік тігуге болады. Ендеше аяқ киім өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыттар терінің жартысынан былғары өндірсе, екінші бөлігімен валюталық түсімдерді реттей отырып, жартылай фабрикат түрінде экспорттайды. Бірақ, біздің кәсіпорындар оған қауқарсыз.
Кезінде еліміздегі тері зауыттары қаржы институттарының көмегімен қайта жаңарып, жаңа импорттық жабдықтар сатып алған-ды. Әйткенмен бұл жоба толық іске аспады. Орта жолдан тоқтап, бұл саланың тынысы тіптен тарыла бастады. Айталық, Арқалық былғары зауыты мен Семей тері-былғары комбинаты. Семейдегі комбинат тері шикізатын өңдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи үлгідегі итальялық қондырғылар орнатты. Алайда, зауытты қалпына келтіру кезеңінде Қазақстан даму банкі жобаны қаржыландыруды кешіктіріп, кепілге қойылған мүлікті көбейтуді талап етті. Кәсіпорын банк талабын орындағаннан кейін де қаржыландыру ісі соңына дейін жетпеді. Осындай жағдай Арқалық былғары зауытының да басынан өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Торғай өлкесіне жасаған сапарларының бірінде жеңіл өнеркәсіпті өркендету керектігін айтып, аяқ киім саласын дамыту үшін тері өндірісінің көлемін ұлғайтуға тапсырма берген еді. Бірақ бұл міндет орындалмады, фабрикалар тоқтап тұр. Қаншама маман жұмыссыз қалды. Былтыр Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Семей тері-былғары комбинатын банкрот деп жариялады. Бұл комбинаттың қазіргі тыныс-тіршілігін білу қиын, тіпті кәсіпорын жағдайымен таныспақ болған бір топ Парламент депутаттарын зауыт басшылары ішке кіргізбей қойды.
Бір белгілісі, кезінде бұл комбинаттың өнімі АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Үндістан сияқты ірі елдерге тасымалданды. Аяқ киім және тігін фабрикасы Қорғаныс министрлігі, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз»-дың ірі құрылымдарының барлық бөлімшелерін қысқы киіммен қамтамасыз етіп отырды.
Жалпы, Семей тері-былғары комбинатының жұмысы жүрмей, еліміздегі тері және аяқ киім өнеркәсібінің алға басуы қиын. Өйткені бұл – еліміздегі ең ірі заманауи зауыт. Комбинаттың бүгінгі ахуалына қазақстандық 9 аяқ киім фабриканың жетекшілері де алаңдап, Мемлекет басшысына өтініш хат жолдаған.
Жақында Парламент отырысында «Қазақстан тері және тері өңдеушілер қауымдастығы» ұйымының төрағасы Бейбіт Рахымғалиев та осы екі кәсіпорынның болашағына алаңдаушылық білдірді.
– Бұл қиын жағдайдан шығудың бір жолы – тері өңдеуді субсидиялау. Сонда ғана тері құны артады. Сондықтан сапасы жоғары тері сұрыптарын субсидиялауды ұсынамыз. Бұл бір жағынан мал соятын орындарын көбейтіп, дайын өнімнің сапасын арттыруға ынталандырады. Мемлекет сапалы өнімнен түсетін салық арқылы субсидиялауға жұмсаған қаржыны қайтарып алады. Бұл сондай-ақ ұсақ малдың терісіне де қатысты. Көп жағдайда теріні сатып алуда оның сапасы талап етілмейді. Біздегі қойдың терісі континенталды климатқа байланысты жұқа әрі мықты. Яғни, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Десе де, аяқ киім фабрикалары үшін ең басты мәселе – отандық шикізаттың болмауы, – дейді Б. Рахымғалиев.
Заңнамаға сәйкес, тендерді жеңіп алған компания мемлекет тапсырысы бойынша отандық былғарыдан аяқ киіп тігуге міндетті. Бұл мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында жасалады. Егер былғары өндірісінде белгілі бір химиялық заттар қолданылса, әскерімізге қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті Қорғаныс министрлігі аяқ киім фабрикаларына тапсырыс бергенде 75-90 пайызға дейін алдын ала төлем жасап тастайды.
«Қазақстан тері және тері өңдеушілер қауымдастығы» ұйымы төрағасының айтуынша, Қазақстандық қамту туралы заңның талаптарын қатаңдату қажет.
– Бұл бастаманы «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «KEGOC» бөлімшелері құптаса тіпті керемет. Қорғаныс министрлігінің үлгісі бойынша алдын ала төлем жасауды көбейту керек. Сол кезде кәсіпорындар қарыз алуға мәжбүр болмайды. Осы шаралардың барлығы былғары зауыттарын қайта жандануына және мыңдаған адамдардың жұмысқа шығуына мүмкіндік берер еді. Оның үстіне кез келген былғары зауытының айналасында жеке аяқ киім тігумен айналысатын қосымша компаниялар, тігін цехтары, былғары бұйымдар жасайтын орындар ашылатыны сөзсіз, – дейді Б. Рахымғалиев.