• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2020

«...Тауыңда қыран қалды ма?»

1932 рет
көрсетілді

Бәлкім, біздің бабаларымыз да бағзыда құс тілінде сөйлескен шығар.

 Жақында жаһантордан құс тілінде сөйлесетін ауыл жайында оқыған едім. Кушкөй (қазақша мағынасы – құс ауылы) деп аталатын бұл ауыл Түркияның таулы аймағында орналасқан екен.

Байланыс нашар һәм тұрғындар төбе-төбені мекен еткендіктен де болар, олардың құс тілінде, яғни, ысқырық арқылы сөйлесіп келе жатқандарына 400 жылға жуықтапты. «Бұл – біздің ана тіліміз. Осы тілдің арқасында кез келген жерде, кез келген қашықтыққа қарамастан сөйлесіп, бір-бірімізді қиналмай түсінеміз» дейді сай-саланың арасындағы ауыл тұрғындары.

Бүгінде 10 мыңдай адам сөйлейтін бұл тіл ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізіліп, мектептер мен университеттерде сабақ ретінде оқытылып, жыл сайын дәстүрлі түрде фестиваль өткізіледі екен.

Құс тілі туралы неге айтып отырмыз?! Бәлкім, біздің бабаларымыз да бағзыда құс тілінде сөйлескен шығар. Бала кезімізде ата-әжелеріміз: «Балалар, ысқыруға болмайды, жел шақырасыңдар» деп тыйым салса да, ауылдағы қарасирақтар бір-бірімізді ысқырық арқылы танып, ысқырық арқылы табушы едік. Қазіргі балалар ысқырықтың не екенін біле ме екен, өзі?!

 

Ернар Әуезовтің жолын жалғайтын қазақ жастары неге жоқ?

Осы бір тұста әңгіме ауанын құс тілінен құстың түріне, жалпы, аң-құс тақырыбына бұрғым келіп отыр. Бір байқағаным, қазіргі қазақтың көбі құс танудан қалған секілді. Қарқылдаған қарғаны, шықылықтаған сауысқанды, көзге көп түсетін көгершінді, ара-тұра жанды жадыратып, бір мезет жарқ ете қалатын қарлығашты, тағы да бірер құстарды таныса танитын шығар. Қалған құстарды түстеп танитын адамдар сиреп барады.

(Сурет: Тілеубек Шаяхмет)

«Өкінішке орай, жастарды айтпағанда кексе ақындарымыздың өздері туған аймақтың өсімдіктер әлемі туралы сұрай бастасаңыз таяз білімін танытып, далаға сөйлейді. Құстан танитыны – қарға мен сауысқан, әрі кетсе, бүркіт, бері кетсе, шымшықты біледі, ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі бір гүл.

(Сурет: Тілеубек Шаяхмет)

Кешегі аспанға қарап алдағы айда не болатынын болжайтын сұңғыла қазақтың бүгінгі ұрпағы көктемде әуелі қай гүл бүр ашатынын, күзде ең соңғы боп қай ағаштың жапырағының түсетінін, қай шөптің не қасиеті барын білмейді. Не ауыл қазағы, не қала қазағы білмейді. Мұны өзімізден бұрын сырт көз сыншы орыс ағайындар байқап жүр, аудармашылар аңғарып жүр» деп қынжылғаны бар еді қазақ даласындағы құстар жайында бірнеше топтама жазып, кітап шығарған, белгілі ақын Есенғали Раушанов ағамыз.

(Сурет: Валентин Зенков)

Ауылда бала кезімізде көктемде сары ала қаздарды, ара-тұра бәбісектерді көруші едік. Қазір қаладамыз, көп көрмеген соң құстардың заты тұрмақ, атын да ұмыта бастайды екенсің. Ақын сөзінің жаны бар. Орыс ағайындарымыздың табиғатты, оның ішінде аң-құстарды аялауға келгенде бізден оқ бойы озық тұрғаны рас. Алысқа бармай-ақ, өзім тұрып жатқан Шығыс Қазақстанды алайық. Білуімше, біздің облыста құстармен шұғылданып, індете зерттеп, санақ жүргізіп, олардың тағдыр-талайына алаңдап жүрген бірде-бір қазақ орнитологы жоқ.

(Сурет: Валентин Зенков)

Ал өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде орыс халқының құстарға соншалықты құштар, қанаттыларға өзгеше қамқорлықпен, ерекше мейіріммен қарайтынына қарадай қарап қызығасың. Қашан көрсең, қыс демей, жаз демей, жауын-шашын, боран демей, тау-тасты, құз-қияны ерінбей, жалықпай аралап, аң-құсты тізімге алып, суретке түсіріп, соңынан кітап-альбомдар шығарып жүретініне кәдімгідей сүйсінесің. Бұл ретте Б.Щербаков, С.Стариков, Ю.Котухов секілді облыстағы орнитологтар есімін құрметпен атап өтуге тиіспіз. Біз аңғарған тағы бір дүние, қазақ фотографтарының көпшілігі таза ауаға шығып, табиғатты суретке түсіруге құмбыл болғанымен, тау кезіп, тас басып, аң-құсты фотоға тартуға келгенде кежегесі кейін тартатын секілді. Бір қарағанда, бір қарағанда емес-ау, шынында, арнайы уақытты бөліп, бәрін тастап, тау-тасты шарлап, аң-құсты суретке түсіру ғажабынан гөрі азабы көп жұмыс екені де рас. Қазақ фотографтары осы азапқа (дұрысында, ғажап қой) шыдамайтын секілді, «Әй, қойшы соны» деп жандарын қинағысы келмейтін сияқты. Жуықта, осы мақаланы әзірлеу барысында өңірімізге есімі белгілі жазушы, былтыр 80 жасқа толған өскемендік орнитолог Борис Щербаковқа хабарластым. Облыстағы аң-құстың жайын сұрастырып, сөз арасында өзімді көптен толғандырып жүрген «Қазақ неге құстарға қызықпайды? Облыста неге қазақ орнитологтары жоқ?» деген сауалымды қойдым. «Қазақтар табиғатқа, оның ішінде аң-құстарды зерттеуге көп қызықпайды. Кейде диссертация үшін жазады. Соңғы жылдары Ғылым академиясында Нұрдәулетов деген жігіт тұяқтыларды зерттеумен шұғылданып жүр» деп қысқа қайырды қарт орнитолог.

Алайда бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын, бұрындары Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Жаратылыстану және экология факультетін басқарған, кейін проректор қызметін атқарған ботаник- ғалым, биология ғылымдарының докторы Анар Мырзағалиева қазақтардың орнитологияға қызықпауының бір себебін алдымызға тартты. «Шығыста орнитологиямен шұғылданатын қазақтардың жоқтың қасы екені рас. Мәселен, өзім еңбек еткен Аманжолов атындағы университетте орнитология биология факультетінде зоология курсының ішінде оқытылады. Константин Прокопов деген кісі сабақ береді. Шәкірттерді де сол кісі таңдайды. Ғылымды көтеру үшін әр ғалымның өзінің ғылыми мектебі болуы керек. Өзім Қуанышбек Сыбанбеков деген кісінің мектебінен өттім. Ол кісі біраз шәкірттер тәрбиеледі. Университетте Жаратылыстану және экология факультетін басқарған уақытта биология кафедрасы арқылы «Қазақ балық шаруашылығы» институтының тапсырысымен қазақ балаларын балық шаруашылығына дайындадық.  Университетте  өзімнің де ғылыми мектебім болды, шәкірттерімнің алды докторантурда оқып жатыр. Қазір жоғары оқу орындарының ғалымдарына өз ғылыми мектептерін дамытуға қолдау қажет, оларға қамқорлық жасау керек. Қамқорлық болмаған жағдайда ғылыми мектеп жойылады, сабақтастық үзіледі. Қазақ жастарының орнитология саласына бармауының бір себебін осыдан іздегеніңіз жөн шығар» дейді ботаник-ғалым.

Әрине, қазақ орнитологиясы сөз болғанда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің құсшы ұлы Ернарды тебірене еске аламыз.

(Суретте: Ернар Әуезов ортада)

Ернарды еске алғанда оның 1968 жылы Алакөл аралдарынан реликті шағала деп аталатын, әлемнің үш-ақ жерін мекен ететін ғажайып құсты тауып, тауып қана қоймай, 1972 жылы оған тұқым статусын беріп, кейін «Алакөл» табиғи қорығының ашылуына себепкер болған жанкешті еңбегі ойға оралады.

Өкінішке қарай, бүгінде Ернардың есімін де, қанша жыл ғұмырын арнаған есіл еңбегін де ел ұмытып барады. Ернардың жолын жалғап жүрген қазақ жастары да ілуде біреу.

Былтыр бір әріптесіміз: «Жалпы, Алакөлдің аралдарына немесе көрнекті бір жеріне Ернар мен шағаласының аты беріліп, поэтикалық мүсін орнатылса, өзімізге де, өзгелерге де (туристерге) маңызды мәлімет болар еді. Алакөлді туризм орталығына айналдыру үшін тер төгіп жүрген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осы ұсынысты жерге тастамай, жүзеге асырса игі еді» деп орынды ұсыныс жасаған болатын. Өткен жылы Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігінде туристерге арналған музей ашылған еді. Келешекте осы музейдің бір бөлмесі Ернар Әуезовке, оның тапқан шағаласына арналса ғибратты іс болары анық.

 

152 құс түрі қорғауға зәру

Ал 283 мың шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан, орманға, өзен-көлге бай, жері шұрайлы, табиғаты шырайлы Шығыс Қазақстанда аң-құс атаулы қалай өсіп-өніп жатыр? Қандай аң-құс түрлеріне қауіп төніп тұр? Қайсысы азайды, қайсысы көбейді? Ең әуелі облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған мәліметтерге көз жүгіртелік. Басқарма берген деректерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағында жабайы жануарлардың 94, құстардың 335 түрі мекендесе, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген, құрып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың, құстардың 50 түрі кездеседі. Соңғы бес жыл көлемінде аймақтағы аң мен құстар саны біршама өскен екен. Мәселен, жабайы тұяқтылар саны өңірде 2015 жылы 24 834 болса, 2019 жылы 28 334 (12,3 %) болыпты. Терісі бағалы аңдар 310 839-дан 321 208-ге артса (3,2 %), аю 2296-дан 2654-ке (13,4 %) көбейіпті. Осы жылдар мұғдарында қарағай және орман құстары 160 882-ден 191 368-ге (15,9 %), суда жүретін жабайы құстар 985 403-тен 1323399-ға, яғни, бір миллионға (25,5 %) ұлғайыпты. Иә, басқарма ұсынған ресми деректерге көз салсаңыз, кәдімгідей көңіліңіз марқаяды. Құдды, айналамыздың бәрі аң-құсқа толып, аққу ұшып, қаз қонып жүргендей.

(Суретте: Борис Щербаков)

Ал облыста талай жылдан бері орнитологиямен шұғылданып жүрген, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, 300-ден астам экспедицияға қатысып, 20 мыңнан астам шақырым жол жүрген, Сауыр, Маңырақ жоталарын, Зайсан қазаншұңқырын, Батыс Алтай, Оңтүстік Алтай, Ертіс бойы мен Қалба сілемдерін зерттеген Борис Щербаковтың сөзін тыңдасаңыз, керісінше көңіліңіз түседі. Осы мақаланы әзірлеу барысында орнитологтың сан жылғы төккен тер, еткен еңбегінің нәтижесі деуге әбден тұрарлық 1140 беттік, салмағы 10 келіден асатын «Восточный Казахстан – сердце Евразии» атты әдемі суреттермен әдіптелген кітабын шолып шықтым. Осы еңбегінде қарт орнитолог Шығыс Қазақстанда өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі өсетіндігін, 600-ге жуық омыртқалы жануарлар тіркелгендігін, Қазақ Алтайында сирек кездесетін құстардың 150 түрі бар екендігін келтіріп, облыс бойынша 152 құс түрі қорғауға зәру болып тұрғандығын тілге тиек етеді. Өңірде соңғы 20-30 жыл көлемінде бүркіт, сұңқар, дуадақ, қараторғай, бозторғай секілді құстардың саны мүлде кеміп кеткенін жаны ауыра отырып жазады. «2003 жылы қысқа мерзімді экспедициямен Зайсан өңірін аралап, 2 мың шақырымдай жол жүрдім. Сол кезде осыншама аумақтан ұсақ құстардың 4-5 түрін, бір-екі ақбас тырнаны, 20-ға тарта дала бүркітін кездестірдім. Бірде-бір бүркіт пен сұңқарды көрген жоқпыз.

(Суретте: Сұңқар)

Құстарсыз көк аспан да көңілсіз, кірбің тартады екен. Алайда 2010 жылы Зайсан қазаншұңқырына Қызыл кітапқа енген қарабауыр бұлдырық пен қылқұйрық бұлдырықтың оралғанын көріп, қатты қуандық.

(Суретте: Қарабауыр бұлдырық)

2005 жылы Өскеменнен Бородулиха ауданына барып қайтқанда жол бойынан оншақты қарға, ұзақ, бірнеше көгершін мен кезқұйрықты ұшырастырдық. Айналаның бәрі тым-тырыс. Орман да тып-тыныш. Қайда барсаңыз, дауыстары жүйкеге тиетін шықылықтаған сауысқан, қара қарға мен ұзақ. Күйкентай мен бүркіттерді бүгінде емге таппайсыз. Қазақстан әзелден бозторғайдың Отаны еді. Бүгінде көк жүзінен олардың үнін де сирек естисіз. Жиырма жыл бұрын айналаны думанға бөлеп жүруші еді» дейді Б.Щербаков.

Текелі өзені бар, тау текенің өзі қайда?!

Облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданында Сібе көлдері деп аталатын ғажайып бес көл бар. Осы маңда алыстан мұнартып көрінетін, жап-жасыл қарағай қымтаған Көктау деп аталатын тау бар. Осы тауда ертеректе тау теке мен бұландар көп болған екен.

«Көктау шатқалдарын бір кездері Сібір тау текесінің мекендегені рас. Осы таудың оңтүстік-батыс жағында Текелі деген кішкене өзен бар. Өкінішке қарай, бүгінде тау теке жоқ, бірақ өзен аты қалды. Мұны жергілікті тұрғындар да білмейтін шығар.

Біраз жыл бұрын өмірден озған белгілі ақын, Ұлан ауданының тумасы Серік Ғабдуллин 1953 жылдары тау текелер Шымқора ауылының маңына, Айыртауға, Беріктас шоқысына дейін келгенін айтып еді. 80 жылдары Қалбаның самырсынды ормандарында бұлан да болған, бір жылдары Алтайдан марал да келген. Сібе көлдері аумағында бұрын арқар да көп болған. Соңғы отыз жылда 15-20 бас қана қалды. Ғалымдар осы өлкені мыңдаған жылдар бойы мекен етіп келе жатқан Қалба арқарының ерекшелігін толық зерттеген жоқ. Тек қана Қалбаның самырсынды орманын мекендейтін бор тиіні дейтін тіршілік иесі де қамқорлықты қажет етеді. 20 жыл бұрын Қалба тауларында сұңқарлар да болған. Жалпы, Қалба борында ағаш пен бұталардың 60 түрі бар. Бір қуанарлығы, соңғы он бес жылда тау ормандарында саяқ жүретін маралдар көзге түсе бастапты. Көктау табиғаты оларға қолайлы-ақ. Тағы бір көңіл сүйінтер дүние, 15-20 жылдың жүзі болды, Қалба бойына қара ләйлектер қайта оралды.

(Қара ләйлек)

90 жылдардың ортасында орман алқаптарына алғаш рет орман кептері келді. Бұл құс түрі бұған дейін мұнда болмаған. Егер осы аумақта мемлекет тарапынан қорғалатын қорық ашылар болса, Сібе өзендерінің орманы мен тауына ежелгі аңдары әлі-ақ оралары анық. Біз өткен ғасырдың 70-інші жылдары осы аумаққа кекіліктерді жібергенбіз. Алайда сол жылы қыс қатты болып, қырылып қалды. Тағы да әкеп жіберуге болатын шығар» деген орнитолог Б.Щербаков 90 жылдары Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы В.Филлиповтың ұсынысымен Сібе ұлттық паркін құру бастамасы көтерілгенімен, елдегі елең-алаң жағдайға байланысты игі бастама аяқсыз қалғанын жеткізді.

Табиғат жанашыры бұл істі қазір қайта қолға алуға болатынын айтады. Оның ойынша, парк құрылса, біріншіден, өңірдің табиғаты сақталады, екіншіден, сол маңдағы ауылдар дамып, тұрғындары жұмыспен қамтылады, үшіншіден, туристер келеді.

 

Соңғы дуадақ 1949 жылы жойылған

Қазақтың ғажайып ақындарының бірі Жұматай Жақыпбаевтың:

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба?

Ақымақ ғалам бір рет, – деп келетін өлең шумақтары бар еді. Ақын айтпақшы, ақымақ ғалам ақынның ғана емес, Борис Щербаков секілді шынайы табиғат жанашырлары, ғалым-орнитологтардың да тілін бір рет болсын алса ғой, арман-тілегін орындаса ғой деп ойлайсың кейде. Арман дегеннен шығады, қарт орнитолог бір жылдары Өскеменнің дәл іргесіндегі Шешек асуынан 110 гектар жер алып, оқушыларға арналған экологиялық қорық ашпақшы болыпты. Сол маңайдың фауна мен флорасын мұқият зерттеп, экологиялық соқпақтар әзірлеп, тіпті суырларға дейін әкеп жіберіпті. Не деген жанкештілік десеңізші. Орнитологтың жары Лариса Щербакова С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен бірге осы аумақта өсімдіктің 150 түрі бар екенін анықтапты. Сол маңдағы аңдар мен құстар да тізімге алыныпты. «Қала шетіндегі қорық Қазақстанды былай қойғанда, ТМД елдерінде жоқ еді. Ғажап идея еді бұл. Студенттер мен оқытушыларға, жалпы, қала тұрғындарына таптырмас жер болатын еді» деп өкінеді әдемі идеясының жүзеге аспай қалғанына қапаланған кейіпкеріміз.

Айта берсек, 80 жастан асқан орнитологтың арманы көп. Бәлкім, көп арманының бәрі жүзеге аспаса да, бірі жүзеге асар. Өскеменде, қаланың қақ ортасында Жастар паркі (қазіргі Қайсенов саябағы) деп аталатын тамаша жер бар. Мұнда ағаштың түр-түрі өседі. «Біздің қаладағы саябақтар бір қарасаң әдемі, бір қарасаң, жұтаң. Жұтаң болатыны, құстар жоқ.

(Сурет: В.Зенков)

Жастар паркіне Еуропа елдеріндегідей тиін жіберсе ғой, шіркін! Сонымен қатар саябақта бұлбұл секілді әнші құстардың жұмыртқа басуына жағдай жасалса жақсы болар еді. Өйткені, мұндай құстардың қала аумағынан бой көрсетпегеніне 10-15 жыл болды. Оралту керек оларды. Ол үшін саябақ ішінде тығыз, қалың тоғайлар болуы қажет. Қалада қарлығаш та азайып кетті. 1968 жылдан бері Ертіс алабынан сары шымшық пен суық торғайды көрген емеспін. Өскемендегі сол жағалаудағы су жағасынан, әсіресе күз мезгілінде тауқұдірет, шәукілдек, бөдене секілді құстарды көру әдепкі көрініс еді. 1970 жылдан бері бұл аяулы құстар көзден бұл-бұл ұшты. Балықшы құс та мүлде жоғалды.

Соғыс жылдарынан бұрын Ертіс бойы толған дуадақ еді. Қызылсу өзені бойында, Қанай, Ұлан ауылдары, Құлынжон мен Үлкен Бөкен даласында топ-тобымен жүретін еді, жарықтықтар!

Соңғы дуадақ Ұлан ауданындағы Айыртауда 1949 жылы қыста жойылды. Қарапайым қараторғайды көрмегелі де қай заман?! Қайсыбірін айтайын» дейді аң-құсты жанындай жақсы көретін ақсақал.

Ғалымдар Қазақстанда ұя баспайды деп жүрген 25 құстың ұя басатынын дәлелдеп, «Марқакөл» қорығын құруға атсалысқан, Риддер қаласы маңындағы «Батыс-Алтай» қорығын ашу бастамасын көтерген орнитолог өңірдегі сирек кездесетін аң-құстар мен өсімдік түрлерін сақтау үшін Шығыс Қазақстан аумағында әлі де бірнеше кешенді және зоологиялық қорықшалар ашу қажет деп санайды.

(Суретте: Батыс Алтай қорығы, Шығыс Қазақстан, Риддер)

Борис Щербаковтың пайымынша, Ертіс өзені бойында (Өскеменнен Шүлбі су қоймасына дейінгі аумақ) кешенді маусымдық қорықша, Батыс Алтайда (Дөңгелек төбе (Круглая сопка) мен таулы Үлбі ауданы аумағы және Иванов жотасындағы Громатуха шатқалы мен Аю соқпағы аралығында) екі кешенді қорықша, Оңтүстік Алтайда (Нарын мен Бұқтырма өзендерінің құйылар тұсы) зоологиялық қорықша, Зайсан қазаншұңқырында (Қара Бүйрек, Шекелмес шоқылары, Қиын Керіш, Ашутас табиғи ескерткіштері аумағы) кешенді қорықша, Маңырақ жотасында (Тарбағатай зоологиялық қорықшасы аумағына жақын Толағай төбесін) қорғалатын аумақ, Сауыр жотасында (Обалы өзені жазығы, оның төменгі ағысы, Кендірлік өзені, оның Қалқа өзеніне құяр төменгі ағысы, Сайқан жотасының беткейлері аумағы) кешенді қорықша, Алакөл ойпатында (Қаракөл өзенінің басталар тұсы мен Сасықкөлді Мың көл мекенімен қоса алғандағы аумақ) зоологиялық қорықша, Абай ауданында (Арқат тауы мен дала өзендері) кешенді қорықша және Қалба сілемдерінде (Сібе массиві және Айыртау төбесі Сартымбет көлімен бірге) кешенді қорықша мен зоологиялық қорықша құру керек. Өйткені, бұл аумақтарда жылдан жылға құрып, жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енген, аса сирек кездесетін, оның ішінде тек біздің облысты ғана мекендейтін, яғни, эндемикалық өсімдіктер, аңдар мен құстар бар.

Түйін

Әлемді жайлаған аты жаман індет туралы қазір әртүрлі пікірлер айтылып жатыр ғой. Сол көп пікірлердің арасынан «Бұл – Алла тағаланың адамдарға жіберген сынағы. Індет дүние жүзіне тарап, адамдар үйден шықпағаннан кейін табиғи баланс қалпына келе бастады, табиғат тынығып, тазарып, жаңарып, жанданып жатыр» деген сөзді оқығанда кәдімгідей ойға қалғанымыз рас. Рас, қазір табиғат жарықтық тынығып, аң-құстары алаңсыз асыр салып жүр. Бәлкім, осы жағдай адамдардың табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертер, жанашырлық сезімін арттыра түсер деп үміт етеміз. Сөз соңын абайлық ақын Мерғали Ибраевтың мына бір жыр шумақтарымен түйіндегіміз келеді.

    Тауығыңды айтпа, бауырым,

    Тауыңда қыран қалды ма?!

     Інгенді айтпа боздаған,

     Кетеді қайда қолдағы.

     Қойыңды айтпа, қоздаған,

     Қырыңда киік бар ма әлі?!

     Қоймаймын текке сұрауды,

     Көңілде күдік бар мына.

     Сиырыңды айтпа, бұзаулы,

      Сайыңда сусар қалды ма?!

      Келіп еп, демеп үмітті,

       Шыққан жоқ сұлу қырға әлі.

       Текеңді айтпа, түбітті,

       Таутеке таста жүр ме әлі?!

       Демеймін бәрін мансұқта,

       Ағаңның жайын ұқ мына.

       «Жигули» маған таңсық па,

        Жылқыңнан жүйрік шықты ма?!

        Мәз болма, інім, шайлыққа,

        Орманды отқа бұтаса.

        Үйдегі байлық - балық па,

         Түздегі балық жұтаса?!

Шығыс Қазақстан облысы