• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 01 Сәуір, 2020

Өзбектердің өндірісі өрге домалап тұр

3403 рет
көрсетілді

Ел ішінде көрші қонған мемлекеттермен отанымызда атқарылып жатқан жұмыстарды салыстыратындар көп.  Мұндай пікірлерді әлеуметтік желілерден де жиі байқай бастадық.  

Орталық Азияда көрші қонған елдердің бір-біріне деген көзқарасы мен ұстанымдары кейде, бір шаңырақта бір-бірімен тетелес өскендердің қылығына көбірек ұқсайды. Арғы жылдарды зерделесек, кешегі Дінмұхамед  Қонаев пен Шараф Рашидов, бергі кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ш. Мирзияев араларын тек достық пейілге негізделген байланыс жалғастыратынын байқаймыз.  

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы соңғы 1,5 жылда 2 млрд АҚШ долларын құрады. Мемлекет басшылары алдағы бірер жылда бұл көрсеткіштің 5 млрд АҚШ долларына жететініне сенім білдіріп отыр. Ал  сарапшылар Өзбекстандағы экономиканың либерализациясы мен бизнес-климатты жақсартуға бағытталған реформалар бәсекеге қабілетті экономиканың қалыптасуына тікелей әсер етіп жатқанын алға тартуда. Тұңғыш президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының өкілі Жұмабек Сарабеков Қазақстан мен Өзбекстанның атқамінерлері бұрынғыдай саяси емес, экономикалық дипломатияға басымдық бере бастағанын айтады. Өзбек президенті Шавкат Мирзиеев мүдделі топтар мен құрылымдардың ұлттық экономика мен бизнеске ықпалын әлсірету үшін мемлекет деңгейінде батыл шешім қабылдауға көшкен.  

Әлем сарапшыларының пікірінше, 25 жыл жабық саясат ұстанған Өзбекстан экономикасын сыртқы тәуелділіктен сақтап қалды. Нәтижесінде 1991 жылдан бері бұл елдің жалпы ішкі өнімі 27 млрд доллардан 93 млрд долларға дейін өсті. Өзбекстан «Doing Business» рейтингісінде де іскерлік климаттың жағымды сипатын қалыптастырып, алғашқы ондықтан көрінді. Еуропалық қайта құру және даму банкі Өзбекстанда жұмысын жандандырды.

Жыл басында  Өзбекстанның ТМД елдерінен инвестиция тарту жөніндегі департамент басшысы Бахрам Ризаев қазақстандық кәсіпкерлер Ташкенттің ортасындағы «Ташкент сити» жобасына қатыса алатынын айтты. Жобаға арнап бөлінген 80 гектар жерге 40 қабатты бизнес-кеңсе, қонақ үй, ойын-сауық орталықтары салынады. Өзбектер бұл жобаны Орталық Азия елдерінің бизнес орталығына айналады деп үміттеніп  отыр. «Құрылыс аяқталған соң нысан жекеменшікке өтеді. Инвестор нысанды сата алады немесе жалға бере алады. Ерекше атап көрсетерлігі, шетелдік кәсіпкерлер Өзбекстанда тапқан табыстарын емін-еркін жұмсады және ел аумағынан тыс жерге еш кедергісіз шығара алады», – деді Бахрам Ризаев.

Сарапшылар Өзбекстан экономикасының тартымдылығын арттырып отырған фактор – заманауи көліктерден бастап ауыл шаруашылығы техникасына дейін өздері шығаратынында болып отыр деген ойға басымдық береді. Өзбекстан химия, тоқыма, құрылыс материалдарын, электроника мен тұрмыстық бұйымдарды өзі өндіретін аймақтағы ең ірі өндіруші мемлекет. Өзбекстан экономикасы шикізаттық емес секторға негізделген. Олардың өндірістік базасы да мықты.

«Өзбек экономикасы қазақ үкіметінің қалғып кетуіне жол бермейді. Орталық Азия елдері  нарығында еркін жүзуге, үстемдікке үйреніп алған Қазақстанды ширықтыруы тиіс» деген пікірдің жаны бар. Ендігі күрес тек инвестиция үшін емес, нарыққа үстемдік ету үшін болмақ. Ендігі инвестициялық саясат шетелдік емес, ұлттық инвесторлардың пайдасына қарай бейімделе бастайды.

Қазақ инвесторлары үшін ЕЭО-ның 160 млн тұрғыны бар нарыққа 32 млн адамы бар тағы бір кеңістік қосылды. Қазақстандық инвестор, «Astana Group» холдингінің президенті Нұрлан Смағұлов  2018 жылы осы аптада  журналистермен кездескен кезде Өзбекстан қазақ кәсіпкерлері үшін тартымды нарық екенін, көрші елдің нарығын барлап, байқап көруге ниетті екенін айтты. Тағы бір медиамагнат Арманжан Байтасов Forbes журналының Өзбекстандағы филиалын ашуға ниетті екенін ашық айта бастады. 

Алматы мен Астанада тіркелген халықаралық ритейлерлер өзбек нарығына «сенімді нарық, сенімді бизнес» деп баға бергенін өткен аптада өткен онлайн жиында байқап қалдық. Әлемдік бренд  «New Yorker» сауда белгісіндегі тауарлармен сауда жасайтын «Union Spase» өкілдігінің менеджері Лариса Горренман Өзбекстан халқының 30%-ы 35 жасқа дейінгі жастар екенін, бұл бизнестері үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Себебі «New Yorker» сауда белгісі 20-25 жас аралығындағы жастарға арналған фэшн-бренд. Өзбекстанда мақта-мата өндірісі дамыған. «New Yorker» үшін барлық жағынан қолайлы, шикізатты алыстан тасымалдамайды. Одан бөлек, КСРО кезіндегі жібек дайындайтын көбелектерді қолдан өсіретін шаруашылықтар Өзбекстанда сақталып қалған. Өзбек ағайындар осы саланы дамытуға ниет танытып отыр. Демек, алдағы бес-алты жылда қытайдың жібек матасына бәсеке болатын фабрикалар Өзбекстанда жұмыс істей бастауы әбден мүмкін.     

Тарих қатпарын қаттырақ аршып жіберсең, түбі де, тегі де бір атадан екені айқындалып шыға келетін екі елдің экономикасы бір-біріне қалғып кетуге мүмкіндік бермей қарыштап дами бергені бәрімізге жақсы. 

Алматы