Əлемді коронавирус жаулағаны аз болғандай, мұнай бағасының құлдырауы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Бұл əсіресе экономикасы шикізатқа тəуелді елдерде анық байқалды. Өкініштісі сол, бұл тізімде Қазақстанда бар. Ресей мен Сауд Арабия арасындағы мұнай теке тіресінің салқыны қара алтынды экспорттайтын мемлекеттерге де тиіп жатыр. Нарықтағы тектоникалық өзгерістер төл валютамыздың əлсіреуіне алып келді. Құбылмалы жағдайда Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені көтеруден басқа амал қалмады. Пандемиялық дауылдың салдарынан дүние жүзі авралды режімге көшті.
Саудиялықтар мен ресейліктер ымыраға келе ме?
1-ші сəуірдегі жағдайға сəйкес, эталонды шикізат маркілері төменге құлдилауын жалғастыруда. Дəлірек айтсақ, ICE Futures Лондон биржасында Brent мұнайы фьючерсі барреліне 22,70 долларды құрады. Бұл алдыңғы сессиядағы бағамен салыстырғанда 0,6 (0,26%) долларға аз. Осыған дейін оның құны 4%-ға жоғарылаған еді. Дегенмен Нью-Йорк сауда биржасында (NYMEX) WTI мұнайы 0,51 долларға қымбаттап, баррелі 20,60 долларға саудалануда.
Bloomberg агенттігі Сауд Арабия нарықтағы шытырман ойынын қоймаса, Парсы шығанағындағы елдер үлкен дағдарысқа ұшырау мүмкін деп жазады. Сарапшы Дэвид Фиклингтің айтуынша, қара алтынның баррелі 20 доллармен саудалануы жалғасса, 2027 жылға қарай саудиялықтар барлық табысынан қағылады. Ол мұнай нарығындағы сауда соғысы онсызда экономикасы тұрақсыз Парсы шығанағындағы елдерді тоқырауға жақындата түсетінін айтады. Неге десеңіз, Сауд Арабияның халықарлық қорларындағы табысы таусылуға жақын. Мұндай болжамға Bloomberg сарапшысы Халықаралық валюта қорының 2019 жылдағы мəліметтерін зерттеген соң келген. Сондай-ақ оның пікірінше, егер де мұнай бағасы барреліне 50-55 доллар аймағында сақталса да, 2024 жылы қордағы ақшаның азаюы импорт шығысының бесайлық көрсеткішіне тең болады.
Əлемдік мұнай бағасының құлдырауы ОПЕК-ке (Мұнай экспорттаушы мемлекетерінің ұйымы) мүше елдерінің өзара келіспеушілігінен орын алған-ды. Атап айтқанда, ОПЕК+ келісімінің негізгі қатысушылары Ресей Федерациясы жəне Сауд Арабия мұнай өндіруді қысқартуға байланысты ортақ шешімге келе алмай, ақыры нарықта көмірсутекті шикізатының профициті байқалды. Экономикалық коллапсқа жауапты қос тарап, бір-бірін айыптауда. Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин, Ресей ОПЕК+ келісімінің талаптарын бұзбақ түгілі, одан шығуға мүдделі болмаған алға тартты. Ресейлік үкімет басшысының сөзінше, ресми Мəскеу келісімді екінші тоқсанның соңына дейін немесе жыл аяғына дейін созуға ұсыныс білдірген. Осы орайда сəуірдің 1-нен бастап мұнай өндіруші елдер үшін шикізат өндірісін қысқартуға байланысты міндеттеме тоқтатылатынын айта кетейік. Осы өзгерістер наурыз айында мұнай бағасының 30%-ға төмендеуіне əкеліп соқты.
State Oil Marketing Organization (SOMO) Ирактың мемлекеттік мұнай компаниясы сəуірде мұнай экспортының көлемін ұлғайтуды көздеп отырғанын мəлімдеді. Артынша ОПЕК-тің тағы бір алыбы Кувейт Азиядағы тұтынушылары үшін мұнай баррелін 6 долларға дейін азайтты. ADNOC Біріккен араб əмірлектерінің мұнай компаниясы да шикізат өндірісінің көлемін тəулігіне 1 млн баррельге дейін арттырмақ ниетте. Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы саудиялық биліктің өкіліне сілтеме жасай отырып, бағаны төмендетуге басты мақсат - "нарықтағы ресейліктердің əлеуетін əлсірету" деп жазған болатын. Алайда ресми Эр-Рияд ресейліктерді нарықтағы басты серіктестерінің бірі ретінде санайды. Saudi Aramco компаниясының басшысы Амин Насер мұнай өндірудің динамикасын тəулігіне 25%-ға, 12,3 млн баррельге дейін арттыруды жоспарлауда.
Қазақстанның жаһандық дауылға қарсы амалы
Бұрын-соңды болмаған жағдаймен бетпе-бет келген Қазақстан да, жаһан елдерінен қалыспай шұғыл əрекеттерді қолға алды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдай мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына тоқтала кетейік. Мемлекет басшысы осының алдында да дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялаған еді. Десе де ахуалдың күрт өзгергені ескеріліп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Нақты айтқанда, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялау тапсырылды. Осыған орай азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекеттен 200 млрд теңгеден аса қаражатты бөлу қарастырылып отыр. Екіншіден, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетіледі. Бұл көмекті алатын азаматтардың санаты да кеңейтілмек. 42 мың көлеміндегі қаражат тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандармен қатар өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарға да берілу тиіс. Төтенше жағдай енгізілгендіктен, отандық кəсіпкерлердің жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі. Сол себепті іскерлік орта қосымша қолдауға мұқтаж. Əсіресе бұл жұмыс орындарын сақтау мен жалақыны төлеуде аса маңызды. Сондықтан ең көп зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады. Мұндай мүмкіндік қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да кəсіп иелеріне беріліп отыр. Олардың нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет жағдайда толықтырып отырады.
«Президенттің мəлімдемесі кəсіпкерлерге үміт ұялатты. Өйткені, карантиннің алғашқы күнінен бастап бизнес шығынға ұшырады. 6 айға салықтық жүктемеден босатылу бұл сөзсіз əжептəуір қолдау. Себебі біздің кəсіпорын халық көп тұтынатын өнімдерді шығарады. Қызметкерлерімізді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберуге мəжбүр болдық», - деді қарағандылық кəсіпкер Галина Паршина.
Сол секілді Үкімет маңызды импорт тауарларына салынатын баж салығын алып тастау мәселесіне қатысты Еуразия экономикалық одағы елдерімен жұмыс жүргізуде. Президент Қ. Тоқаев жеке қорғаныс құралдары, өндіріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жабдықтар жөнінде тиісті шешім қабылданғанын, сондай-ақ Қазақстанда жеткіліксіз азық-түлік тауарларына салынатын импорттық баж салығын төмендету бойынша шаруалар да жалғасып жатқанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы ұсынған қолдау пакеті əсіресе шағын кəсіпкерлік субъектілер үшін маңызды. Десек те қолдауға мұқтаж кəсіпорындар елімізде аз емес. Олардың қордаланған мəселелерін жүйелеп, тиімді шешім əзірлеуге «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы көмектесуге дайын. Экономистерді, заңгерлерді, бизнес өкілдерін осы жағдайдан шығу үшін ұсыныстарын тыңдауға əзірміз. Себебі қазір ірі бизнестің де шатқаяқтап тұрғаны мəлім. Оның ішінде өңдеуші өнеркəсіп секторын атауға болады. Қазір елімізде орта жəне ірі бизнесте 3 миллиондай отандасымыз еңбек етеді. Сондықтан бұл мəселеге жіті көңіл бөлу қажет», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру үшін əкімдіктер және Үкімет («Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы» арқылы) отандық агро және қайта өңдеу кәсіпорындарынан кемінде 6 ай бұрын өнімді сатып алудың кепілді жүйесін жолға қоюға тиіс деген тапсырманы жүктеді Президент. Демек, «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойынша сатып алу» тетігі енгізілетінін аңғартса керек. Əйтсе де бизнес өкілдері өндіріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты бағаны ұстап тұру, жұмыспен қамту және өзіне жүктелген басқа да міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тиіс деп нақтылады Қ. Тоқаев.