Бұл жай қарайтын, бейқам отыратын, әйтеуір өтіп кетеді ғой деп кеңдікке салынатын ауру емес. Індеттің қауіпті болғаны сонша соғыспен бірдей. Соғыста қандай темірдей тәртіп болатын болса, бұл індетпен күресте де сондай тәртіп керек.
Осыны Президент барлық облыс пен аудан басшыларына тапсырып жатыр. Мұндайда тәртіпке бағыну – ең басты нәрсе. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей бір адам вирусты жұқтырып алса, көріп отырғаныңыздай, айналасына түгел қауіп төндіреді. Міне, осы мәселеге біз ел болып, жұмған жұдырықтай болып, сабырлық пен байсалдылық танытып, үрейге бой алдырмай, күресе білуіміз керек.
Әсіресе жасы келген адамдар мүмкіндігінше үйінен шықпай, есікті қымтап, бала-шағаны ойлауы тиіс. Қиыншылыққа байланысты Мемлекет басшысы кеше көптеген әлеуметтік шараның қолға алынатынын жария етті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, шағын бизнестің салық төлейтін уақытын созып, халықты қолдау тетіктерін атады. Бұл – үлкен риза қыларлық көмек деп ойлаймын.
Қазір халықты індет бір қысса, экономикалық дағдарыс екінші жағынан қысуы мүмкін. Қалталы азаматтардың елге қарасатын кезі келгендей. Өз басым вирустың ауыл-ауылға тарап кетпеуін тілеп отырмын. Халыққа сабыр тілеймін. Қазір көптеген азаматтың тәртіп сақтамай 15 күнге қамалып жатқанын, көшеде бейсауат жүргенін естимін. Мұндайды қою керек. Халыққа түскен нәубеттен дәулет көріп, масканы жаппай сатып алып, қымбаттата өткізген жағдайды да естідік. Осындай пиғылдың жолын кесу керек. Одан кейін елді бейқамдыққа шақырып, «ойбай бұл жай тұмау» деп жүрген әншісымақтарды да шектеу керек. Алла бәрімізге оң көзімен қарасын. Ақсақалдар елге басу айтуы керек. Жастар сабырлы болуы тиіс. Ел болып етек-жеңімізді қымтамасақ, көзге көрінбейтін індет ана тесіктен де, мына тесіктен де кіріп кетеді.
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын