Жаһанды жайлауға шақ қалған коронавирус жайлы дәрігер вирусологтар қазіргі таңда жатпай-тұрмай, таңды таңға ұрып зерттеу жасап жатыр. Өйткені, індеттің шығу тегін, сапа-сипатын, мөлшер-көлемін, өмір сүру мерзімін, таралу жолы мен жұғу факторын анықтап алмайынша, онымен күресу тәсілі нәтиже бермейді дейді дәрігерлер.
Вирусолог мамандардың анықтауына қарағанда, COVID-19 вирус көлемі 0,01 микрон. Ол дегеніміз 1 см ішінде 10 мм болса, онда оның ішінде 10 000 микрон бар деген сөз. Ал 1 мм = 1000 микрометр (микрон). Бұны бидай дәнімен түсіндіріп көрсек: егер COVID-19 вирусын бидайдың дәні сияқты көлемде көзбен көргіңіз келсе, ол 4 футбол алаңының көлемі деңгейінде үлкейеді екен.
– Вирустың таралау жолына келсек, коронасы болсын, басқасы болсын вирус атаулы адамның түшкірік, жөтелі, сөйлегені арқылы ауадағы бактерияларға жабысып, басқа сау адамдарға тасымалданады. Нақтырақ айтқанда, вирус адамның тыныс жолы, мұрын қуысы, жұтқыншағына кіріп, өзіне қолайлы орын - тамақ, мұрынның кілегей қабатына жабысады, - дейді дәрігер-журналист Абай Мауқараұлы.
Дәрігер-қаламгердің сөзін ары қарай жалғастырсақ: вирус ұялаған кілегей қабат, бірінші кезекте, түшкіру арқылы «қонақты» қуып шығуға тырысады. Тіпті кілегей қабаттың сөлдері оны жоюға кіріседі. Одан да аман құтылып, кеңірдекке қарай қашқан вирустарды «жөтел» деген рефлекс қақырықпен қосылып қуып шығуды қарастырады. Сонымен қатар, иммундық жүйе қарсы шабуылға дайындалады. Сөйтіп, лимфадағы, қандағы қаншама «арнайы түйіршіктердің» сандары әдеттегіден молайып, қорғанысқа көшеді. Мұндай табиғи «SOS»-тың ең алғашқы белгісі дене температурасының ерекше қызуы арқылы білінеді.
Қауіпті вирус денеге кірмей, «SOS» жарияланбайды. Яғни «жасырын» кезең деген болады. Бұл денеге кірген вирустың адаптацияға түсіп, күш алғанша «бұғып жатуы» десе болады. Мысалы, коронавирусты ауырғанын білмей шетелден жұқтырып келгендер - осы кезеңге түскендер.
Коронавирус дәл осы жолмен тарауда. Көпшілік тығыз жиналған жерде тез таралуы, үлкен қалаларда көбеюі бұл вирустың да ауадағы бактерияларды «көлік» ететінін дәлелдеп тұр. Және жұққан адамдардың ең әуелі тыныс жолын бүлдіруде. Сол себептен де, үлкен қалаларда ауқымды дезинфекция жүргізілуі, адамдардың бетперде пайдалануы вирустардың жолын кесу болып табылады. Вирус жұқтырған адамдар болса оны әлі жетпеген жерге «тасымалдаушы» деген сөз. Сол себептен де, індетті одан әрі таратпаудың, қоғамды сақтаудың бірден-бір жолы - карантин тәртібін қатаң сақтауымыз керек.