• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2020

Тұтқадағы тазалық

383 рет
көрсетілді

Рас-өтірігін бір Құдайдың өзі біледі, ғалымдардың зерттеуінше адам күніне қолын бетіне бірнеше мың рет апарады екен. Әрине адамзатты алаңдатып отырған ауыр ахуал кезінде мұндай ақпараттардың түр-түрін сіз де оқып-біліп отырған боларсыз. Біздің айтпағымыз, сол мұрныңыз бен көзіңізге қайта-қайта қатынасып жатқан қолдың тазалығы жайлы болғалы отыр.

Жалпы, қос қолдың адам үшін атқаратын қызметін ауызбен айтып тауысу мүмкін емес. Көзімізді тырнап ашқаннан екі білек, қос алақан, он саусақсыз ешқандай тірлігіміз өнбес еді. Оның бәрін қазір тізбелеп отыру артықтық етер, бір ғана есік тұтқасын ашуға қолыңыз болмаса қорлықтың көкесін көрдім дей беріңіз.

Иә, есік тұтқасы деп қалдық қой, бүгінде әлемді әбігерге салған әлектің басы осы тұтқаларға да тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығара қоймас.

Жуырда New England Medicine журналынан коронавирус туралы маңызды мақаланы оқыдық. Оның авторлары вирус үш сағаттан үш күнге дейін әртүрлі затта сақталатынын анықтады. Әңгіме, дауасыз дерттің вирусы айналамызды қоршап тұрған элементтерде әртүрлі өмір сүретіндігінде болып отыр.

Мақаладағы мәліметтерді айтпас бұрын, ілгеріде әлеуметтік желіден мыс – əрбір 8 сағат сайын өз-өзін микроптан тазартып тұратын қасиетке ие металл деген ақпарды көзіміз шалып қалған болатын. Бірден көп қақпалардың тұтқалары мыстан жасалатыны содан екен деген ой түйген едік. Бұл ретте күмістің де адамды қауіпті микроптардан тазалап тұратынын жақсы білеміз. Жаңа туған нәрестені күміс теңгеге шомылдырып жататынымыздың да құпиясы сол болса керек. Әшекейді күмістен тағудың да мәні тазалықты бірінші орынға қоюдан басталған. Негізі күмістен, мыс­тан құйылған ақша айналымы да қауіпті микроптардың адамдар арасында таралуына тежеу болады.

Енді жоғарыда атаған ақпарат көзінде айтылған деректерге келсек, мыстан жасалған заттарда вирус 4 сағат өмір сүретіні жазылған. Бұл біз айтқан дереккөзден де жаңа ақпарат. Сондай-ақ тұманды ауа мен шаң-тозаңда вирус 3 сағат, пластиктен жасалған түрлі затта 3-4 күнге дейін сақталады. Қағаз өнімдерінде бір күнге дейін аты жаман ауруды тасымалдаушы вирус өмір сүреді-мыс.

Міне, көріп-байқағанымыздай, қақпа­лар­ға сары жез тұтқалар тегіннен-тегін қойыл­май­тынын осыдан-ақ байқауға болады. Бірақ қақпаны қадағалаумен ғана қауіпті індетті қақпайлауға болады десек, тағы қателесеміз. Жуырда еуропаның бірнеше еліне сапар шеккенімізде байқаған басты ерекшелік, маңызды ғимараттар мен қонақүйлердің есігінде швейцарлардың ақ қолғап киіп алдыңыздан шығады, ерекше пейілмен есік ашқанына кәдімгідей сүйсініп қаласың. Індеттен бөлек ізетке де көп нәрсе байланыс­ты ғой, жалпы. Өкінішке қарай, сол еуропаңыз бірақ қатерлі дерттің қалың құшағында бәрібір қалып отыр.

Жалпы, біздің елде есік тұтқасына ерекше мән беріп жатқандығымыз көп байқалмайды. Жұрт жиі жиналатын ойын-сауық, сауда орталықтарының есіктері әлі де тазалыққа тосқауыл бола алмайтындай. Кеше ғана елорданың қақ төріндегі «Артем» сауда үйіне бардық. Аталған нысанның қай қақпасынан кірсең де бірнеше есіктің тұтқасын түгендеуіңе тура келеді.

Заман дамып, небір технологиялар алға озған уақытта осындай ірі-ірі сауда ошақтары өзі ашылатын есіктер орнатуын қарапайым халық талап етуіміз керек деп ойлаймыз. Бұл біріншіден тазалықты күшейтсе, екіншіден екі қолына зілдей дорба іліп жөңкіліп жатқан жұртқа көп көмек болар еді.

Бәрін айтып жатырмыз ғой, десек те есімізден шығармау керек ең басты талап, дәрігерлер ескерткендей, мүмкін болса, қоғамдық шараларға және адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тарта тұруымыз керек. Қолыңызды жиі жуып, түшкіргенде немесе жөтелгенде бетіңізді жабыңыз. Бөлмені желдетіп, ылғалды шүберекпен заттарды жиі тазалаңыз. Ең алдымен далаға шығуды шектей тұрыңыз. Ақ халатты абзал жандар өздері айтқандай, «біз сіздер үшін жұмысқа келдік, сіздер біз үшін үйде отырыңыздар».

Сонымен мыс тұтқа металл сипатымен өзін өзі тазалап тұруға бейім болды. Ал адам ше?! Адам сол металдардың барлығынан да күрделі құбылыс емес пе? Біз де ендеше қатерлі дертке шалдықпас бұрын алдымен тазалық, одан бұрын жан дүниемізді өкпе, реніш, қызғаныш, арамдық, күнә сынды миымыздағы микроптардан, өне бойымызды дертті қылып, жүректі қарайтатын жаман сөзден тазартып тұруды да ұмытпағанымыз абзал.