Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық Түркі поэзиясы мүшәйрасының лауреаты, көптеген жыр мүшәйрасының жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері, сөздің парқын да, нарқын да түйсінетін қалың жұрты бүгінде «Ақмаржан жыр» деп еркелете атайтын ақын қызы Баян Бекетованың шығармашылық әлемі туралы ойымды білдіруді жөн көрдім.
Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова Баянның балауса жырларына үлкен үміт артып қана қоймай, оның алғашқы қадамынан-ақ суреткерлік ерекшелігін дәл танып, әділ бағасын берген екен. Жас талаптың талантына серік болған «шыншылдықтың сөз түсінер оқырманды жалт қарататын» қуатын да алғаш аңдаған Фариза ақын болатын. «Баян дүниенің барлық құбылысын өлең етіп ұйқастыра бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені көреді, сезеді. Сол сезім өлең болып өріледі.... Баянның ерекшелігі сол – ол өз жанына әсер етпеген құбылысты өлең етем деп әуреленбейді. Өлең деген кейде асау өзендей алабұртқан, кейде көз жасындай мөлтеңдеген пәк әлемнің өріне бағыт түзеген Баян Бекетова – өз қолтаңбасы бар, өз дүниетанымы қалыптасқан ақын» деп жазыпты «Жалғыздық» (1994 ж.) атты жыр жинағына берген беташар тілек сөзінде. Иә, одан кейін де, дейін де жарияланған «Үмітім менің» (1992 ж.), «Сәмбітал» (2001 ж.) «Көлбастау» (1994 ж.), «Мен сені сағынғанда» (2005 ж.), «Ұйықтамайды жұлдыздар» (2010 ж.) сынды жинақтары да Баянның жүрегі қалаған дүниені ғана жырлайтын өнерпаздық мұратына, өмірлік кредосына адалдығын айқындайды.
Баян – қазақтың қара өлеңі мен батыс классикасын тел емген қаламгер, оның өлеңдерінде батыс классикасының сипаттары да кездесіп отырады. Осы талап биігінен көрінетін өлеңінің бірі «Шықтың әні» деп аталады.
Шық – ақынның өз табиғатымен егіз жаралған көркем бейне. Ақынның сезімтал болмысы мөлдір шықпен бүтінге айналған. Сұлулық та, тазалық та, өмірге іңкәрлік те, сәттік ғұмырында ізгілікті ту еткен шынайы миссия да осы бір тамшы құдіреттің бойына түгел сыйып тұр:
Мен – Шықпын,
Көктем-жаз – мекенім,
Пәктіктің, мөлдірліктің не екенін
Ұқтырып, дәлелдеп пендеге
... көрсетіп кетемін.
Шық – Махаббаттан жаралған, қысқа ғұмырын мәнді етуге құштар, ізгілікке іңкәр, өмірге ғашық тылсым құбылыс. Себебі оның тегі – Теңіз, әкесі – Тау, анасы – Ай... Сондықтан оған Тереңдік – өлшем, Биіктік – бағам, Сұлулық – серік! Ол өзінің бір сәттік тіршілігінде «гүлдерге Махаббат әнін жазып» қалдырғысы келеді. Өлеңді оқи отырып, Шықтың ғұмыры ұзара түссе деп тілейсің, оны алақаныңда аялап, ең бір аяулы жәдігеріңдей жүрегіңнің түбінде сақтағың келеді...
«Тәп-тәтті дәмім,
Мөлдір су – тәнім,
Махаббат, мейірім,
Пәктік, тазалық – жаным,
Сұлулық – әнім», деп мөлдіреп тұрған осынау бейкүнә жаратылыстың табиғатына тамсанып, сырына құныға түсіп, тереңдей қанығасың да, ендігі сәтте уақытты тоқтатар құдіретті іздейсің. Жер-жаһанға нұр сыйлайтын Күннің жарық сәулесінен де қорғағың келеді, оны тежеуге әлің келмейтінін сезінген кезде жүрегіңді қимастыққа толы алақұйын күй тербейді, Шықтың соншалық әлсіз, бірақ соншалық құдіретке ие тағдыры тебірентеді. Бар дүниені ұмытып, бір тамшы Шықтың бақытты һәм қып-қысқа ғұмырын өз басыңнан кешесің. Сөйтеді де, өмірге басқа көзбен қарауға мәжбүрлейді. Бұл ақындық қуат, талант табиғатының күрделілігін айғақтайды. Тумысынан нәзік сезімтал ақын айналасынан айрықша әсер алумен шектеліп қалмайды, одан сыр іздеп, сол құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығының тереңіне бойлап, тербеле тебірену күйін бастан кешіреді. Сол тебіреніс өлең болып құйылады ақ қағаздың бетіне...
Ең ғажабы, мұндай өлеңді «жіліктеп талдау» да мүмкін емес: оның мазмұны мынау, формасы мынау, идеясы мынау деп бөле-жарып айта да алмайсың. Мазмұн мен форма ажырамастай тұтасып кеткен. «Мазмұн бөтен нәрсе емес, ол – форманың мазмұнға айналуы, форма басқа жақтан келген жоқ, ол мазмұнның формаға түсуі» (Гегель) деген философиялық формулаға сүйенсек, өлеңнің жеп-жеңіл ырғағы мен әсем ұйқастарынан естілетін сыңғырлы үн бұл сезімді басқаша жеткізудің мүмкін еместігін мойындатады.
Шын мәнінде, суреткерлік шеберліктің түп негізінен ақынның өз табиғаты көрініс табады. Өйткені көркем туындының болмысы мен ақынның табиғаты, өмір-танымы – өнер құраушы элементтер. Олар осылайша тұтаса алғанда ғана бір элемент екіншісіне әсер ете алатын, өнердің сән-сипаты мен мәнін аңғартатын қым-қиғаш функционалды қозғалысқа толы байланыс жүйесін құрайды. Бұл – «тұтастық эффектісі». М.Бахтиннің тұжырымдауынша, «автор дәл осы мазмұн мен форманың тығыз тұтасуы сәтінде көрінеді. Әдебиеттану бүкіл мазмұннан бөлінген тұстан, яғни дүниетаным, өмірбаян, уақыты анықталған адамнан авторды іздейді. Автор өзі тудырған дүние аясында айқын көрінуі мүмкін емес. Бұл – «naturata» емес. Жасаушыны біз өзінен емес, ол жасаған дүниеден көреміз». Олай болса, Баянның «Шықтың әні» атты өлеңі – осы пікірдің айқын дәлелі. Бұл өлеңде лирикалық кейіпкер – автор жоқ, бірақ біз оның болмысын өлеңнің өн бойынан таба аламыз.
Баянның шығармашылық өлкесінде ерекше орын алған символикалық мәні терең тағы бір бейне – Сәмбітал. Ақынның жыр жинағының «Сәмбітал» деп аталуы да кездейсоқ емес. Баян, онымен қатар Гүлнар Салықбаева, Гүлнар Шәмшиева, Шәмшия Жұбатова, Нәзкен Алпамысқызы секілді қазақ поэзия әлеміне келген уақыты, қоғамның бір формациядан екінші формацияға ауысқан, екі ғасырдың тоғысындағы аласапыранға толы, өтпелі кезеңге тұспа-тұс келді. «Сәмбіталдың» да тууы осы кез.
Баян осы кезеңде тарих дауылы шайқалтқан қыз-ғұмырды өзіне бала кезден етене таныс, көзге ыстық, көңілге жақын Сәмбітал бейнесінде шеберлікпен астастыра суреттейді:
Сұлулығы суыған әлемде...
Иілдім, сынбай майыстым –
Келін-ғұмырды өткердім,
Ақ сүттей екен... Ай іштім,
Көкейін тесіп көктемнің...
Бес жолдан тұратын осы бір шумақтың өзінде нәзік иығына ақындықтың ауыр жүгін ғана емес, заманның ауыр сынын артқан арудың ащы тағдыры, ішкі мұңы Сәмбіталдың жаратылысымен қабысып жатыр. Сәмбітал – сұлу, нәзік, бірақ қанша балталап, бұтарласа да, келесі көктемде өскіндерін қайта көктетіп, жап-жасыл жапырақтарын өзен суына малып, иіле жайқалып тұратын ғажайып өсімдік. Ол – өміршең, өмірге құштар... Баян осынау тылсым сырдың жұмбағын тереңнен толғай отырып, ақын арулардың майысса да, сынбай, бойын қайта тіктеп, тіршілік қамыты бұтарласа да, қайта түлейтін өлермен ақын қыз тағдыры кейпіндегі шуағы мен қуатын егіз өріммен жеткізеді:
Топырақ, судан нәр алып,
Жапырақ – жаннан жаралып,
Сұлулығы суыған әлемде...
Айналып қайта өлеңге –
Жасыл желек боп оралып...
Қалтарысы мың қатпарлы әйел болмысын түсіну қиын, ал ақын арудың жұмбаққа толы жан әлеміне бойлау одан да күрделі. Өйткені әрбір шығармашылық тұлға қайталанбас болмысымен дара. Сондықтан да Баян әр жылдарда жазылған өлеңдерінде Қыз-құпияның сырын өзгеше өрнектейді:
Қыз – құпия, түсін, мейлі түсінбе,
Не болса да – бәрі-бәрі ішімде...
Іздеу мені өзгелерден – сабылыс!
Сарғаясың сағымы боп сағыныш... десе, тағы бір өлеңінде:
Таңдайыңда ерісе шырын сөздер,
Өзім сенің еримін жүрегіңде... – дейді.
Көрнекті ақын Темірхан Медетбек кезінде оның шығармашылығы жөнінде былай депті: «Б.Бекетова – өмірдің жарығы мен күнгейін, зұлымдық пен ізгілік, ақ пен қара, адалдық пен аярлықтың тартысын бар жан-тәнімен жырлап келе жатқан өз заманының үлкен ақыны».
Біздің айтпағымыз – бір мақалада талантты ақынның сұлу да сындарлы шығармашылық әлемін бар болмысымен ашу мүмкін еместігін алға тарта отырып, оның жауһар жырлары ғылыми тұрғыдан терең талданып, ақынның қайталанбас талантын әр қырынан ашатын арнайы зерттеулердің жасалуы керектігіне назар аударту. Ол, әрине, алдағы уақыттың еншісінде.
Жанат Дәулетбекова,
педагогика ғылымдарының докторы, ҚБТУ профессоры