Коронавирусқа қарсы күрес үшін Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталық КММ-і жанынан Еріктілер штабы құрылды. Штаб бірнеше бағыт бойынша қызмет атқарады.
Кез келген адам атыраулық еріктілердің қатарына қосылып, төменде көрсетілген бес бағыт бойынша жұмыс істейді:
Авто-еріктілер (тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратуға көмек); Медицина еріктілері (жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек); Мониторинг жүргізетін еріктілер (азық-түлік бағаларына мониторинг жасауға көмек); Рейдке шығатын еріктілер (полиция қызметкерлеріне көмек); Ерікті тігіншілер (бірнеше мәрте пайдалануға болатын маскаларды тігуге көмек);- Көмекке мұқтаж жандарға азық түлік тасып жүргенімізге, міне, бір апта уақыт болыпты. «Қалалық жұмыспен қамту бөлімі тізімінде бармын, денсаулығыма байланысты учетта тұрмын, 109 қауырт желі операторлары нөміріңізді берді», деп хабарласқан жандардың айтарын тыңдап, қолымыздан келгенше көмектесіп әлекпіз. Бүгін бізге бір өтініш түсті. Өтініш иесі 90 жастағы әжейге көмектесуін сұрапты. Кім-кімге де көмектесеміз, бірақ жалғызбасты қарттар - бірінші орында. Азық түлігімізді алып, әжені іздеп бардық. Есікті ұзақ қағып тұрдым. Біраз уақыттан соң әже есікті ашты. Құлағы дұрыс естімейді. Ерікті екенімізді айттық. Алғысын жаудырып жатыр. Әженің әкесі соғысқа қатысқан екен. Төрде әкесінің медальдері ілулі тұр. Кіре берісте қызының суретін қойыпты. «Жалғыз қызым болған, ол да қайтты.Қызымды ойлаймын деп ауырып қалдым» деп көзіне жас алды. Әжені өз бақылауымызға аламыз деп отырмыз, - дейді Азаматтық орталықтың директоры Айгерім Досқалиева.
Қайырымдылық эстафетасы басталғалы екі күнде 1 002 330 теңге жиналды. Бұл қаражатқа әлеуметтік осал топтағы жандарға, барлығы 164 отбасына азық-түлік таратылды.
Еріктілер штабы эстафета бастап, Қазақстанның әр аймағындағы қайырымды жандардан екі күнде 1 002 330 теңге жинады. Олар осы уақытқа дейін жалғызбасты қарттарға, көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлығы 164 отбасына азық-түлік себетін таратты. Азық-түліктің бір себеті 13 600 теңгеден 14 800 теңгеге дейінгі баға мөлшерінде алынған.
Ерікті тігіншілер бірнеше мәрте пайдалануға арналған 12 269 маска тігіп, таратқан. Полициямен бірге рейдке шыққан еріктілердің айтуынша, қала тұрғындары әлі де карантин ережесін сақтамай жүр.
Мониторинг жүргізетін еріктілер аудандарға бөлініп, азық-түлік бағасына мониторинг жүргізе бастаған. Әрқайсысы дүкендерді, супермаркеттерді аптасына үш рет аралап шығады. Олардың айтуынша, баға тұрақты.
Еріктілер штабында 100-ге жуық волонтер бар. Олар бес бағыт бойынша көмектеседі. Волонтерлардың жасы 30-55 аралығындағы қала тұрғындары. Олардың арасында таксистер, компания қызметкерлері, үйде отырған жандар да бар.