Жаһанды шарпыған коронавирус пандемиясы әлемдік экономиканың кежегесін кейін тартып, дамушы, дамыған елдерді де жаппай шығынға ұшыратуда. Қазына қаражаты шикізатқа тәуелді елдердің жағдайды тіптен тығырыққа тірелді. Елімізде қара алтын бағасының төмендеуі мұнай компанияларынан мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдері 3 есеге қысқартып отыр. Бұл ретте, бюджетке түсетін барлық түсімдердің 40%-ы мұнай-газ секторына тиесілі. Мемлекетке бас аяғы 30 ірі салық төлеп отырған компания барын ескерсек, солардың 18-і мұнай және газ өндірумен айналысады. Былтырғы бұл компаниялардың қазынаға аударған төлемдері 4,3 трлн теңгеден асақан. Биылғы төлемдер бұл көлемге жетеқабыл болуы екіталай...
Экономикасы мұнайға тәуелді елдер үшін қаржылық қиындықты еңсеру оңайға түспейтін деп тұр. Кейбір алдын ала жоспарланған мемлекеттік бюджеттің қайта қаралуына, резервтегі қаражаттың әлеуметтік салаларды қашанға, қаншалықты жететінін екшелеп алуға кірісіп кетті. Өйткені «жығылғанға жұдырық» болған коронавирустың салдарынан жаппай карантин жарияланып, қазынаға бизнестен түсетін табыс кемуде. Оның үстіне жұмыссыз халықтың қарасы көбейді. Соңғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан 39,3 мыңға жуық адам мерзімсіз демалысқа жіберілген. Бұның ішінде жұмыстан босатылғандар да бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнамға 2 мыңнан астам компаниядан 154,4 мың адам қатысқан. 10 сәуірдегі жағдай бойынша 2 мыңнан астам кәсіпорында мерзімсіз демалысқа 35,7 мыңға жуық қызметкер жіберсе, ал 3,6 мыңға жуық қызметкер жұмыстан босатылған. Мерзімсіз демалысқа жіберілгендер арасында 12,8 мыңға жуық адам құрылыста, мейрамхана бизнесінде – 3,7 мың, көлік және логистика саласында – 3,6 мыңнан астам, өңдеу өнеркәсібінде – 3,6 мыңға жуық, білім саласында – 2,7 мың, сауда саласында – 2,3 мың адам жұмыс істеген. Ал мүлдем жұмыссыз қалғандар саны ауыл шаруашылығында 718 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 672, құрылыста – 633, мейрамхана бизнесінде – 400, білім саласында – 270 адам.
Індеттің шарықтау шегі алда екенін ескерсек, жоғарыда аталған жұмыссыздар саны артуы әбден мүмкін. Елдегі кәсіпорындардың уақытша жұмысын тотатуы мемлекеттік бюджетке айтарлықтай салмақ салуда. Таяуда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов коронавирусқа байланысты республикалық бюджеттің кірістері 10,5% - ға төмендегенін айтқан болатын. Салық түсімінің кемуі нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің кірістері 89,9% –ға, республикалық бюджет – 78,8% - ға, жергілікті бюджет-121,4% -ға орындалғаны белгілі болды.
̶ Біріншіден, импорттан түсетін қосымша құн салығы кеміді. Үшінші елдерден келетін импорттық тауарлардың қысқаруы салдарынан 87 млн доллар түсім қысқарып отыр. Импорттың қысқаруына байланысты 11,4 мың салық төлеушіден 49,1 млрд теңге көлеміндегі бюджетке түсетін түсім кеміді. Оның ішінде көтерме және бөлшек сауда бойынша 6 жарым мың салық төлеуші, өңдеу өнеркәсібіндегі 1,3 мың, тау-кен өнеркәсібі саласы бойынша 130 мың салық төлеушіні атап өтуге болады, ̶ Ә.Смайылов. Сонымен қатар, I тоқсанда Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны да 29,3% - ға кемігенін назарға алады Қаржы министрі.
Қазынаға түсетін қаражаттың кемуіне әсер еткен екінші фактор корпоративтік табыс салығының түспеуі. Бұл сыртқа экспортталатын шикізат бағасының соңғы уақыттарда тым құлдырап кетуімен байланысты. Ресми мәліметке сүйенсек, шикі мұнай бағасы 22,1%, мырыш – 20,8%, мыс – 9,4%, алюминий - 9,7%, қорғасын – 10,1%, феррохром – 11,6%-ға арзандаған.
Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында уақытша салықтан болсату бюджетке түсер табыстың кемуіне кері әсер етіп отыр. Соның салдарынан бюджет ішкі тұтыну тауарларына төленетін 132 млрд теңгены құрайтын қосымша құн салығынан қағылып отыр.
̶ Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, біз бизнес алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындаймыз. Карантин кезінде кәсіпкерлерге 193 млрд теңге қайтарылды. Былтырғы жылдың осы кезеңінен салыстырғанда биыл қосымша құн салығын қайтару сомасы 84 млрд теңгеге өсті. Нақтыланған республикалық бюджетте кірістер бойынша жылдық жоспар 6,4 трлн теңгені құрады. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 134 млрд теңгеге асыра орындалып, 759 млрд теңгені құрады, ̶ деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі. Сөйтіп, карантин кезінде республикалық бюджеттің кірістері 10,5% -ға төмендеп отыр. Республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге сомасында кіріс түскенімен алдын ала жоспарланған 378 млрд теңгеның орны толмай отыр.