Токио Олимпиадасына баратын отандық боксшылардың лицензиясы түгелденді. Енді алаңсыз дайындалуға болады. Ерназардың сегізі бөлек те, Ер Төстігі бөлек демекші, ерлер арасында бокстан сегіз салмақ болғанымен, оның ішінде салмақтың да салмағы бар. Қазақ боксындағы Ер Төстіктердің өткен Олимпиадалардағы ойын өрнегіне көз жүгірткен едік...
Осыдан 16 жыл бұрынғы Олимпиада құдды алыптар айқасы іспетті. Ресейлік комментатор қазақ боксшысынан гөрі қарсыласына бұра тартатын тәрізді. Оның да өзіндік сыры бар, жартылай финалда біздің боксшы ресейлік былғары қолғап шеберінің атақ-даңқынан қаймықпай, шеберлігін танытты. Алаштың өрені Олег Саитовты Олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырды...
Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған оғыланның желі оңынан тұрды. Бақтияр кубалық Лоренцо Арагонға ақтық кездесуде бас көтертпеді. Стивенсонның ізбасары қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, қарсыласының қауқарлы соққысына қарсы қайрат ете алмады. Артаевтың асығы алшысынан түсті. Алтын медаль Қазақстан қоржынында! Оған қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын иеленгені тағы бар! Бұл – 2004 жылы ежелгі Эллада елінде өткен Олимпия ойындары еді....
2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы. Финалдық жекпе-жек. Рингтің қарсы бұрышында Кубаның үкілеген үміті. Біздің жігіт сериялы соққылар жасайды. Кубалық Карлос Бантеур соққысы ауа қармап жатыр, қарсыласы оң жағына бір, сол жағына бір жалт-жұлт етіп шыға келеді.
Төрт раунд бойы Карлос әбден діңкеледі. Жылдар бойына шегіне жеткен төзім тиегі ағытылып, бүгін кубалық боксшыға соққы болып жауып жатқандай. Қазақ боксшысы соққыны үсті-үстіне төпелей түседі. Есеп 18:9 Бақыттың бенефисі еді бұл. Бейжіңде Сәрсекбаев теңдессіз боксшы екенін дәлелдеп, қазақ әнұраны көкте қалықтады!
Қанша мықты болсаң да, жарыс өтіп жатқан елдің өренімен сайысқа түскенде «Қалай болар екен?» деген күмән-күдіктің бойыңды билейтіні бар. 2012 жылы Лондонда да дәл сондай күйде болдық. Ақтық сында біздің боксшының шөбі Фредди Эвансқа түсуін неге жорырымызды білмедік. «Тәуекел! Алып шығады!».
«Фредди» деген дауыс залда жаңғырып тұрды. Қарсыластың мысын басатындай қалың жұрт. Бірақ Серік Сәпиев өзіне нық сенімді. Оң қолымен қарсыласын түрткілейді де, сол қолымен соққы жасайды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасын ойқастап жүр.
Бастан-аяқ басты рөлде ойнаған біздің оғылан Эвансқа еш мүмкіндік берген жоқ. Шабуылды сайыстың соңына дейін әсте бәсеңдетпеді. Ағылшын боксшысы қорғанумен әлек. Жеңісті жұлып алу деген осы болар. Нағыз жеңімпаз. Тұманды Альбион алтын тұғырға көтерілген Серік сынды Алаштың айбынды ұлына қол соқты. Осымен екінші мәрте Алаш баласы Вэл Баркер кубогын иеленді!
«Біздің Әлімханмен сөз таластыратын орыстан да ұл туыпты-ау» демекші, соңғы кездері өзбек боксшылары да Олимпиаданың ақтық сынында өнер көрсетіп жүр. Әсіресе 2016 жылы Риода өзбек боксшыларының мерейі үстем болды. Бірақ біздің салмақта емес!..
Данияр жылдамдығының арқасында жеңіске жетті. Шахрам Гиясов ышқына ұмтылғанымен, соққысын дарыта алмай жүр. Керісінше біздің боксшы қарсыласына дәл соққымен жауап береді. Біресе оң жағынан, біресе сол жағынан сытылып шыға келеді. Бір қарағанда Гиясов жиі шабуылдағандай болғанымен, дөп тиген соққысы сирек. Даниярдың шапшаңдығынан Шахрамның сілікпесін шығып, ашу-ызаға бой алдырды. Сөйтіп жеңіліске ұшырады. Жеңіс Елеусіновтің еншісінде!
Төрт Олимпиада, төрт алтын! Әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 килода жеңімпаздар дәстүрі Токиода – бесінші Олимпиадада жалғасын таба ма? Әрине Абылайхан Жүсіпов лицензияны жеңіп алды. Жауапкершілікті арқалай ала ма? Қазір кәсіби рингте атой салып жүрген Садриддин Ахмедовті құрама бапкерлері әуесқой бокспен ерте қоштастырған жоқ па? Асланбек Шымбергеновтің де шамырқанып тұрған шағы емес пе? Таңдау кімге түседі? Бапкерлер бұра тартып, «қазақ салмағының» киесіне ұшырап жүрмесе екен...