Коронавирус індетінің таралуына орай елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері тұрғындарға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы мәлімдемесінде де айтқан болатын. Мәселен, табыссыз қалған азаматтар үшін берілетін 42 500 теңгенің өзі елге көп көмек. Бүгінде жергілікті әкімдіктер де тұрғындарды материалдық қолдауды жүзеге асыруда.
Тараз қаласының әкімдігі коронавирус індетін жұқтырудың алдын алу мақсатында төтенше жағдай кезеңінде келесі санаттағы тұрғындарға азық-түлік жиынтықтарын алу үшін ақшалай түрде көмек көрсетілетінін хабарлайды. Берілетін көмектің көлемі 5 567 теңге.
Бұл ақша азаматтардың жеке шоттарына аударылу арқылы жүзеге асырылады. Әкімдіктің ақпаратынша, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы 1,2,3 топ мүгедектері, он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларына көрсетіледі.
«Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздарға ұсынылады. Көмекті алушылар туралы барлық мәлімет «Е-Халық» ақпараттық жүйесінен алынады. Өтініш берілмейді», делінген ақпаратта.
Жамбыл облысы