Сұлулықты, көркем дүниені жан азығы деп білетін қостанайлық көрермендерге мұндағы суретшілердің, мүсіншілердің аты ғана емес, олардың қолтаңбасы, техникалық әдістері мен мәнері, жанры да таныс.
Ал соңғы жылдары көркем дүние көрмелері өзге де шығармалармен толығып жүр. Солардың қатарында кесте, әсіресе моншақтап, яғни бисермен кестелеп жасаған шығармалар жұртшылықтың да назарын аудара бастады. Оның авторы Күләнда Есекина өз шығармаларынан бірнеше көрме ұйымдастырып үлгерді. Моншақты кестелері көпшілікті нәзіктігімен баурайды. Бисермен өрілген бояулар үйлесімі картинаға ерекше реңк береді, жүректен төгілген мінсіз өлең, көмейден құйылған ән секілді жанды баурай түседі.
Күләнданың бисермен кестелеуі қандай шығармасына да салтанат сыйлағандай болады. Оның ой мен жүрек сезімі сәулесіндей ақ кенепке түскен әр картинасы аяқталғанша өзінен уақыт пен төзімді талап етеді. 90-жылдары Арқалық қаласындағы жұмыссыздар армиясына қосылғанда, көп ойланбастан мектепке келді. Уақыттың қиындығы мен өзгерісі жоғары білімді білдей технолог Күләнданы педагогикадан бір-ақ шығарды. Ол орыс мектебіндегі қазақ тілі кабинетін ұлттық мазмұнда жасақтауға белсене кіріскен. Балалармен жұмыс істегенде тігін де тікті, сурет те салды, кесте де тоқыды. Сол жылдар Күләнданың өзін өнерден іздеген де жылдары екен. Сурет өнеріне деген ынтамен ол Арқалық педагогика институтының көркемсурет факультетіне түсіп оқыды.
– Мен бисермен кестелеу өнеріне ойламаған жерден жолықтым. Бірде Гүлжамерия сіңлімнің үйіне барсам, дүкеннен алынған бір жапырақ орамал көзіме түсті. Бисермен гүл бейнеленіпті. Маған оның әсер еткені соншалық, сол сәтте өнерден өзімді тапқандай болдым. Содан бес жыл бойы тынымсыз бисер кестелеумен айналыстым, іздендім, көз майын тауысып, талай түнді кесте тоқумен өткіздім. 2007 жылы алғашқы жеке көрмемді дайындадым. Содан бері Қостанай мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кітапханаларда бірнеше көрмем өтті, – дейді Күләнда Ғалиасқарқызы.
Ол шығармаларының барлығында өмірдің шаттығын, қуанышын, табиғаттың ғажап сұлулығын беруге тырысады. Күләнда кестелі суреттерін тек көрме үшін ғана емес, өзінің отбасының, туыстарының, достарының қуанышы үшін де жасайды. Мысалы, өзінің немерелеріне және дос-жарандар мен әулетінде сәби туғанда құтты болсын айта барып, бисер моншағынан кестелеген тай «мінгізіп» кететіні бар. Сәбилі болған кісілерге мұнан артық қандай сый керек?! Күләнда мінгізген «тай» бала азамат болғанда да тозбай, қабырғада ілулі тұрады. Басқа да бұйымдарға тіккен кестелері бағалы сыйлықтың төресіндей көрінеді.
Күләнда халқымыздың ұмытылып бара жатқан кестелеу өнерін жаңғыртып, жаңа деңгейге көтергісі келеді.
– Кесте – қазақтың қолөнерінің бірі. Біз оны дамыта түсеміз, сонда ғана ұрпақтар ұмытпайтын болады, – дейді өнер иесі.
Күләнда апай коронавирус карантинінде үйден шықпай, бисер моншағымен кесте тоқып отыр. Мұны ол әлемді шошытқан нәубетке өнермен көрсеткен қарсылығым деп біледі.
ҚОСТАНАЙ