Мектеп мәселесі маңызды
Жамбыл облысында білім беру саласындағы көптеген түйінді мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Өңірдің бірқатар ауданындағы апатты мектептердің мәселесі де жыл сайын шешілуде. Ал тоғыз жолдың торабында орналасқан Т.Рысқұлов ауданында апатты мектептердің мәселесі болмағанымен, мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесі маңызды болып тұр. Аудан бойынша 39 білім беру ошағы бар болса, онда 14590 оқушы оқиды. Аудан орталығы Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте орын тапшылығы сезілуде. Аталған білім нысаны 1976 жылы салынған. Салынғанына қырық жылдан асқан мектепте қазір бала саны көбейген. Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовтің айтуынша, сыйымдылығы 730 оқушыға арналған мектепте бүгінде 1600 оқушы білім алады. Яғни оқушы саны екі есе көп. Құландықтардың басты мәселесінің бірі – білім беру нысанын кеңейту. Мектеп жанынан 300 орындық қосымша ғимарат құрылысын жүргізу мақсатында аудан әкімдігі облыстан қаражат сұраған. Дегенмен бұл мәселе әлі қарастырылу үстінде.
Сонымен қатар Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектептің мәселесі де өзекті. 1991 жылы салынған білім нысаны сол уақыттан бері жөндеу көрмеген. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда тозығы жетіп тұрған мектепті жөндеуге қаражат болмаған. Білім нысанының тозығы жетіп тұрғанын бүгінгі көрінісінен де байқауға болады. Жуырда ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Б.Сапарбаев та Құмарық ауылындағы білім ошағының жай-күйімен танысқан еді. Әкім халықаралық күре жолдың бойында орналасқан мектептің әлі күнге дейін жөндеу көрмей тұрғаны ыңғайсыз екенін айтып, бұл мәселені қарастыратынын айтты.
«Ауылда жер көп, бірақ жоқ»
Өңірде ауылды жерлердегі тұрғындар негізінен егін және мал шаруашылығымен күнелтеді. Аграрлы аймақ болғандықтан ауылдарда төрт түлікті бағып, тіршілік жасауға мүмкіндік мол. Бірақ мыңдаған гектар жайылымдық және егістік жер тұрғындардың игілігіне жарамай отыр. Облыстың жалпы жер қоры 14427,5 мың гектарды құрайды. Алайда облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыс аудандарында 35,5 мың гектар егістік жерлер игерілмеген. Сонымен қатар игерілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 104162 гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл жұмыстар қазір де жалғасын табуда.
Шынында да, қазір жерді жекешелендіріп алып, оны не өзінің, не өзгенің кәдесіне жаратуға қимай отырғандар көп. Ауылды жерде мал бағып, жан сақтап отырған тұрғындар үшін бұл қиын. Құмарық ауылындағы халықтың жанайқайы да осы. «Ауылда мал жаятын жер жоқ. Күнде таңертең шығыстан бір табын, батыстан бір табын сиыр шығады. Бұл малдың бәрі қайда жайылады? Жердің бәрі жекешеленіп кеткен. Иелері біздің малды жолатпайды. Не өздері ол жерге мал бақпайды. Ауылда жер көп, бірақ жоқ», дейді ауыл тұрғыны Жандос Жазықов. Мал бағуға ұлтарақтай жердің табылмағаны көпшілікті қынжылтады. Ал бұл жерлердің кімдікі екенін халық тағы білмейді. Тіпті жекеменшік жерлерге қазық қағылып, белгі де орнатылмаған. Тағы бір мәселе, жайылым жер ғана емес, ауылда тіпті үй салатын жер де қалмаған. Қолы жеткендер, есебін тапқандар ауыл жерінің бәрін де кезінде пышақ үстінен үлестіріп алған екен. «Жер алып, балаларымызға үй салайық десек, жер жоқ. Ол жерлерді кімдердің алып қойғаны да белгісіз. Картаны ашып көрсек, жер иелерінің бірде-біреуін танымаймыз. Бұл жақтың адамдары емес. Бірақ бәрін алып алған», дейді Марат Жазықов.
Құмарық, оған іргелес жатқан Көкдөнен ауылының халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, жер мәселесі екі ауылға да ортақ. Алатау сілемдерінің етегінде орналасқан ауылда әйтпесе барлық мүмкіндік бар. Тіпті Құмарық ауылы өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыратын қанатқақты жобаға да енген. Ауылда бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, қажетті техникалар да алынған. Шаруалар мемлекет тарапынан берілетін несиеге қол жеткізіп, 250 млн теңгеден астам қаражатқа мал сатып алып, бағуда. Бірақ тағы да сол жайылым жерлердің мәселесі елді қос бүйірден қысып тұр. Бар малды бағайын десе, жер жоқ, бақпайын десе тағы болмайды.
Әлеуметтің әлеуметтік мәселелері көп
Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарын толғандырған әлеуметтік мәселелер көп. Тұрғын үй, газ, ауызсу аудан халқы үшін өзекті. Сонымен қатар ауданда көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін баспана – басты мәселе. Ал әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында осы уақытқа дейін ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. «Шынында да аудан тұрғындары үшін баспана мәселесі өзекті. Түрлі сұрақтары бойынша тұрғындарды қабылдап тұрамын. Соның ішінде тұрғын үйге байланысты сауал – ең ауыр сұрақ», дейді аудан әкімі Ерболат Садырқұлов. Дегенмен бұл мәселе бірден болмаса да, ретімен шешімін тауып келеді екен. Былтыр 4 баспана әкімдіктің, ал 3 үй демеушілердің көмегімен мұқтаж жандарға алып беріліпті. Құлан ауылының тұрғыны, көп балалы ана Жауһар Жұматаева үшін ең басты мәселе баспаналы болу. Мүмкіндігі шектеулі баланы бағып отырған ана облыс, аудан басшылығынан көмек сұрап, хат та жазыпты. Әкімдіктің көмегімен немесе қайырымды жандардың қамқорлығымен баспаналы болғысы келетінін айтады.
Көгілдір отын мәселесі де көпшілік үшін маңызды. Бүгінде аудандағы 42 елді мекеннің 24-іне газ тартылған. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. Алайда кей жағдайда басталған істің қиюы қашып, берекесі кететіні де болады. Газ мәселесіне қатысты тұрғындардың уәжі де осыған саяды. «Жаңатұрмыс, Қарақыстақ, Каменка ауылдарына газ тарту жұмыстары жақсы басталып еді, кейіннен тоқтап қалды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдарда көгілдір отынның болмауы қалай?», дейді аудан тұрғыны Рахманәлі Әбдіхадыров. Жалпы, газ мәселесі – мұндағы барша халықтың тілегі. Бұл мәселеге жауапты басшылар Т.Рысқұлов ауданының қалған ауылдарына газ тарту жұмыстарының жалғасатынын айтады.
Осы уақытқа дейін Әбжаппар Жылқышиев ауылы тұрғындарының ауызсудың тапшылығын тартып, тіпті арықтан лай су ішіп отырғаны туралы жазылған еді. Мұндай мәселе ауданның біраз ауылында әлі де бар. Дегенмен сең қозғалып, бұл мақсатта жұмыс жүргізілуде. Тағы бір мәселе, аудан негізінен таулы аймақта орналасқанымен, өзен суын ауылдарға тарту мәселесі де өзекті күйінде қалып тұр. Қарақат ауылының тұрғындары осы жайға алаңдаулы. «Ауылымыз тау сағасында орналасқан. Өзен суы бар. Бірақ сол өзен суы он жылдан бері ауылға келмейді. Мұнда 150 үй бар, әрқайсысының 30-40 сотықтан жері бар. Халық жермен күн көріп отыр. Ал өзектен су тарту қиын», дейді ауыл тұрғыны Үмбет Жанәділов. Бау-бақша егетін, егін салатын ауылға өзен суын тарту маңызды. Сөйтіп табиғаттың ен байлығын тиімді пайдалану, өзін-өзі жұмыспен қамту да – жергілікті жұртшылықтың негізгі мақсаты.
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы