Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Акция 2020 жылдың 15 мамырына дейін жалғасады. Шара киіктердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын, сондай-ақ фаунаның басқа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатында қолға алынып отыр. Осы бұйрықпен табиғатты қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бірнеше мобильді топтардан құралған 200 инспектор, 6 блокпост, 64 жоғары өтімді автокөлік, 16 КУНГ, 5 мотоцикл мен пилотсыз ұшу аппараты акция барысында браконьерлікке қарсы рейдтік шараларды ұйымдастыру үшін жұмылдырылды. Аталған шараны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының мамандары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізеді» делінген комитеттің хабарламасында.
Қазіргі таңда Қазақстанда киіктердің популяциясының саны 334 400 басты құрайды.
«Табиғатты қорғау шараларының өткен жылғы нәтижесі көрсеткендей, киіктердің мүйіздеріне заңсыз сұраныс азаймай отыр. Мәселен, 2020 жылдың басынан бастап ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киіктерді заңсыз атудың 16 браконьерлік фактісін анықтап, 381 ұша мен 367 киіктің мүйізін тәркіледі. Табиғат ресурстарына келтірілген шығынның сомасы 1,08 млрд теңгені құрады. Комитет қазір заңға сәйкес браконьерлікке барған адамдар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын еске салады» делінген хабарламада.