Алты құрлыққа ауыз салған алапат аждаһа айбарланып тұрған шақта, Алматы көшелерін кезген үйсіз-күйсіздер қайда кетті деген заңды сұрақ туындайды. Басқалар бала-шағасының қасында оқшауланып отырғанда, тіршілік тақтасынан түрлі жолмен тайғанап кеткен тағдыр иелері қауіптен қалай қорғанып жатыр?
Шынында, жылы үйде, жанұямыздың жанында отырған біз осы жөнінде ойланып көрдік пе? Қалыпты кезде саябақтар мен вокзал маңын торуылдап жан бағып жүргендер қайда барып бас сауғалады? Бұл сұраққа қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жауап берді.
– Тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға қатысты сауалдар көп болды. Олар далада қалды, ешкімге керегі жоқ, тіпті қаланың сыртына шығарып жіберді деген қауесет те тараған болатын. Бұл мәселе біздің назардан тыс қалған жоқ. Біз олардың қозғалысын ұдайы бақылап отырмыз, – деген әкім аталған тұлғаларға арнап 300 орындық шатыр қалашық құрылғанын тілге тиек етті.
«Оларға арнап кереует, төсек жай, киім-кешек, азық-түлік дайындалды. Айналасына блокпост қойдық. Жарықтандыру орнаттық. Осы адамдардың кейбірін қарттар үйіне орналастыруды ойластырып жатырмыз. Арасында жұмыс істеуге ниет білдіргендерді жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес қызметке қабылдап жатырмыз. Олар назардан тыс қалған жоқ», - деді шаһар басшысы.