• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Жамбылда қант қызылшасының «жыры» әлі жалғасуда

213 рет
көрсетілді

  Көктем келіп, күн жылыған кезде жер жыртып, егін салатын жергілікті шаруалар биыл да өз жұмыстарын бастады. Қант қызылшасын егумен аты шыққан Жамбыл облысында биыл да тәтті түбір өнімділігін арттыру жоспарлануда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы 5,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген екен.

Зауытқа өткізілетін өнім 141,5 мың тонна болса, өнделетін қант көлемі 15,1 мың тоннаны құрайды. Жоспар әрине, жақсы. Бірақ, Жамбылда қант қызылшасының «жыры» әлі де жалғасуда. Нақты айтсақ, жергілікті шаруалар «Меркі қант зауыты» кәсіпорнына өткізген тәтті түбір өнімдерінің ақшасын әлі ала алмай жүр. Жыл басында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп бергенде, бір топ кәсіпкерлер әкімнен осы мәселені шешіп беруін сұраған болатын. Сонда әкім оларға мәселелерінің шешілетінін айтқан еді. Басшының сөзінен кейін сең қозғалғандай болып еді, бірақ сол мәселе әлі сол күйінде қалып тұр. Тіпті аталған мәселеге орай бірнеше жиын да өтті. Алайда, әзірге нәтиже аз.

Жалпы, Жамбыл облысында тәтті түбірден мол өнім алуға мүмкіндік бар. Бейнетінің зейнетін көруге талпынған шаруалар да бұл жұмысқа бел шеше кірісіп, ойдағыдай көрсеткішке қол жеткізуде. Қант қызылшасын егуден өңірде Меркі ауданы көш бастап тұр екен. Бірақ, өз өнімінің құнын ала алмай жүрген кәсіпкерлердің көңілінде күдік көп. Әлі күнге дейін сағызша созылып келе жатқан мәселенің толық шешілетін түрі көрінбейді. Мәселен, Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 180 гектар алқапқа қант қызылшасын егуді жоспарлаған екен. Аталған серіктестік басшысы Қанат Шайхиевқа хабарласқанымызда, ол қаржы мәселесінің әлі де шешілмей отырғанын айтты. «Меркі қант зауыты» қарызды өтеудің соңғы мерзімі 15 сәуір деген болатын. Бірақ, ол мерзім де өтіп кетті. Зауыт маған 140 миллион теңге қарыз. Қант қызылшасын егу де оңай шаруа емес. Миллиондаған қаржы керек. Биыл мен 180 гектарға қант қызылшасын егуді жоспарлаған едім. Бүгінде 100 гектардай жерге егіп қойдық. Тұқымды Франция мемлекетінен қарызға алып отырмын. Тұқымдарының сапасы жақсы», дейді Қанат Шайхиев. Кәсіпкердің айтуынша, 1 гектар жерге тәтті түбір егу үшін 500 мың теңге көлемінде қаражат кетеді екен. Сонда жүздеген гектарға жүз миллиондаған ақша керек деген сөз. Алайда, ол бұған өте көп қаражат кететінін, ал аталған қант зауыты 100 миллион теңгені барлық шаруаға бөліп-бөліп төлеп, мәселені созып келе жатқанын жеткізді. «Зауытқа барсаң, кіргізбейді. Қант қызылшасын еккендер күн сайын бір-бірінен қарыз сұрайды. Бірақ қарыз беретін де ешкім жоқ. Ал, біз қажетті тұқымды уақытында алуымыз керек қой», дейді ол.

Әрине, шаруаның айтып отырғаны негізсіз емес. Кез-келген кәсіптің өнімділігі еңбекпен қатар, қаражатқа да келіп тіреледі. Облыста 150-ге тарта қант қызылшасын егумен айналысатын ірілі-ұсақты шаруашылықтар бар десек, бәрінің де мәселесі осы ақшаға байланысты болып шығады. Жыл сайын «жырға» айналатын мәселе енді қашан, қалай шешімін табады? Барлық шаруаның көкейінде осы сауал. Бұл ретте Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, «Меркі қант зауыты» кәсіпорны кәсіпкерлерге 1 миллиард 42 миллион теңге берешек екен. Яғни, бұл ақша қант қызылшасын егумен айналысатын 149 шаруаға тиесілі. «Біз бұл мәселені бақылауға алып отырмыз. Бүгінде қарыздың 302 миллион теңгесі қайтарылды. Аталған кәсіпорынның қант өнімдері Ресейдің өнімдерімен бәсекелес бола алмады. Бізге Ресейден қанттың әр килограмы 130-135 теңгеден келеді. Ал, «Меркі қант зауытының» өнімдері 150-155 теңгеден айналады. Негізі бүгінде өңірдегі 149 шаруа қожалықтың 70-80 пайызының қарызы төленген. Ал, ірі шаруа қожалықтарға зауыттың әлі 740 миллион теңге берешегі бар», дейді басқарма басшысының орынбасары. Сонымен қатар, Ерлан Құлкеев «Меркі қант зауыты» кәсіпорны тәтті түбір өнімінің әрбір килограмын 8 теңгеден қабылдаса, қант қызылшасын егушілерге мемлекет тарапынан 12 теңгеден субсидия берілетінін де жеткізді. Бұл да дала еңбеккерлеріне деген лайықты қолдау. Әрі асыраушы саланы алға бастыруға үлкен көмек. Ал, біз бұл мәселенің қашан толықтай шешілетінін білмек ниетпен аталған зауыттың басшылығына хабарласып, жауап ала алмадық. Дегенмен, бұл мәселе бүгін ғана шығып отырған мәселе емес. Біраз уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Тек Меркі ауданы ғана емес, облыстағы Шу, Жамбыл аудандары да қант қызылшасын егуге лайықты үлес қосуда. Осы уақытқа дейін өңірде қант қызылшасын егуде көш бастап жүрген аудандар қатарында Байзақ ауданы да бар болатын. Алайда, Байзақтағы «Аспан Агро» шаруа қожалығының төрағасы Саха Манатов та биыл 70 гектар алқапқа ғана тәтті түбір еккенін айтты. «Қант қызылшасын егуді биыл азайттым. Негізі жыл сайын 200 гектарға дейін егетінмін. «Меркі қант зауытында» алатын біраз қаражатымыз бар. Енді біздің бұл мәселемізді оң шешіп береді ғой деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сенім артып отырмыз», дейді ол.

Бүгінде жамбылдық шаруалар қант қызылшасын егуде тағы да белсенділік танытуда. Мәселен, өткен жылы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Меркі қант зауыты» кәсіпорнына 15 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізген. Сол сияқты өзге де шаруашылықтар жүздеген, мыңдаған тонна тәтті түбір жөнелткен. Бірақ, облысқа қант өнімдері негізінен Ресей, Беларусия мемлекеттерінен келеді. Сонымен қатар, Меркі қант зауытының өнімдері де өңір жұртшылығын қамтып отыр. Дегенмен, бұл мәселенің қашан және қалай шешілетінін уақыт көрсетеді.

 

Жамбыл облысы