Бүгінде өңірде жүзеге асып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Үкімет отырысында мақұлданған қанатқақты жобаға қатысушылардың біразы бүгінгі таңда 2,5 пайыздық несиеге қолжеткізіп, жұмысын бастап кетті.
Сондай тұрғындардың бірі – Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы Жарылқасын-Айжан Пірназовтар отбасы. Егін шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген отбасы бірнеше гектарға алхоры, шабдалы жемістерін және қызылша, күнбағыс, пияз, тағы да басқа көкөністерді еккен екен. Бұл отбасы атажұртқа Өзбекстаннан көшіп келіпті.
«Бала кезімізден еңбекке – мал асырау мен бау-бақша егу жұмыстарына жақын болдық. Қазір де әкеміз жанымызда ақылын айтып жүреді. Малды қай кезде емдеу керек, жем-шөбін қалай беру керек, бәрін үйретіп отырады. Атажұртымызға келген соң да төрт гектарға күнбағыс ектік. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы туралы естігенде алғаш түсінбедік. Кейін облыс басшысы, аудан, ауылдық округ басшылары, арнайы мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп, нәтижесінде тиімді несиені алуға тәуекел еттік. Несиеге алғашқылардың бірі болып қол жеткіздік. 3 миллион 500 мың теңге несие алдым. Оған 3 бас сиыр, 50 бас қой, 500 түк жоңышқа, екі тонна арпа алдық. Қойды Билік көлден бір шаруашылықтан алдым. Сиырды да өзіміз таңдап алдық. Бәріне көңіліміз толады. Мал басы көбейген соң жайылым мәселесі туындайды. Бізге он гектар жер керек. Әйтпесе, жем-шөптің бәрін сатып ала берсек, шығын көп кетеді. Мал азығын өзімізден шығарғанға жер берілсе деймін. Кәсіп ашсам деген және жұмыссыз жүрген жандарға бұл жоба үлкен мүмкіндік болып отыр. Сондықтан Үкіметке ризашылығымызды білдіреміз», дейді Жарылқасын Пірназов.
Аталған пилоттық жобаға енген Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылдық округіндегі несие алып, мал басын көбейтіп отырған еңбекқор тұрғындардың бірі Нұрғазы-Рабиға Әлиасқаровтар отбасы. Отағасы Нұрғазы Әлиасқаров бұған дейін «КамАЗ» жүк көлігін жүргізіп, отбасын асырап жүрген жан. Ал, жолдасы Рабиға Әліпбаева Т.Тастандиев атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ береді екен. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдары Тараз қаласында жұмыс істейді. Алайда демалыс күндері міндетті түрде ауылға келіп, ата-анасына көмектесіп тұрады екен. «КамАЗ» көлігін несиеге алғанбыз. Жазда жүк көлігіне жұмыс көп, ал қыста көбінде тұрып қалады. Қыстың күні несие төлеуде аздап қиналамыз. Оның үстіне банктен алған несиенің пайызы көп. Бар тапқанымызды банктерге беріп отырамыз. Басқа амал жоқ. Ал мына жоба аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несие бізге өте тиімді. Біз 4 миллион 700 мың теңге несие алып, 4 миллион теңгеге 10 бас жылқы және қалған 700 мың теңгесіне малға жем-шөп алдық. Бұған дейін өзімізде үш-төрт бас жылқы болған. Біз несиені ет бағытында алып отырмыз. Мал басын біраз көбейтіп алсақ, әрі қарай жоспарымызды жүзеге асыратын боламыз», дейді Р.Әліпбаева.
Жамбыл облысы