• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2020

Жамбыл облысы: Бас имам бірқатар сұрақтарға жауап берді

405 рет
көрсетілді

Қасиетті Рамазан айының келуіне санаулы күндер қалды. Бұл күні күллі мұсылман баласы ораза ұстап, құлшылығын өтейді. Осы орайда бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысты.

Ол Рамазан айының артықшылығы туралы айта келіп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуін жеткізді. Бас мүфтидің «Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және тағы да басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз. Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру және тағы да басқалар», деген үндеуін жамбылдықтарға жеткізді.

Шынында да көпшіліктің көкейінде сауал көп. Оның дені бүгінгідей індет тарап тұрған кезде ораза тұту қалай болады деген мәселе төңірегінде екені де шын. Бұл сауалдарға да өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жауап берді. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», деген хадисі бар. Осы өсиетке амал етіп, әркім өз отбасында Рамазан айында жасалатын амалдарды жасап, иманы мен амалына, мінез-құлқына көңіл бөліп, қайырымдылық та жасай алады», деді ол.

Сонымен қатар, карантинге байланысты оразаны кейін өтеуге бола ма деген сауалдың да жауабын берді.

«Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға, денсаулығы дұрысталған келесі жылдарда қарыз күндерін өтеуге шариғат рұқсат береді. Ал, ораза – әрбір ақыл-есі дұрыс пендеге парыз болғандықтан, дені сау адам әлемде карантин болып жатыр деп бекерге оразаны тәрк етуі дұрыс болмайды», деді Бейбіт Мырзагелдиев.

Сондай-ақ, карантин кезінде тарауық намазы қалай болмақ деген сұрақтың да жауабын берді. Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын, әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес беретінін айтты.

 

Жамбыл облысы