• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Сәуір, 2020

Арзан жанармай жеткізілуде

250 рет
көрсетілді

Қазір коронавирус індетіне байланысты әр өңірде сақтық шаралары барынша күшейтіліп, адамдар мен көлік қозғалысы шектеліп тұр. Бірақ карантиннен кейін де өмір бар, шектеулер аяқталысымен сан саладағы тіршілік қайтадан қалыпты арнасын табуы тиіс. Сондықтан да қара күзде ел несібесінің ортаймауын ойлаған Сыр диқандары сақтық шараларын барынша күшейтіп, көктемгі егіс науқанына шықты.

Жалпы, ала жаздай атыз басында жүретін диқан­дар­дың жылдағы алаңы – судың толық әрі дер кезінде жетуі болатын. Соған қоса егінге қам жасаған әр шаруаның көңіл түкпірінде «Науқан қарсаңында бағасы мың құбылып кететін жанармай жайы қалай болар екен?..» деген күдік те жоқ емес еді. Бірақ Мемлекет басшысы төтенше жағдай мен дағдарысқа қарсы іс-шаралар жөніндегі мәлімдемесінде диқан­дар­ды мазалаған осы мәселенің оң шешілетінін айтты. Президенттің Үкіметке ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизель бағасын 165 теңгеден асыр­мау­ды тапсырғаны еңбеккерлер үшін ерекше қолдау бол­ды.

 Қазір осы тапсырма жүзеге асып жатыр. Облыс диқан­дарына мемлекет тарапынан жеңілдетілген баға­мен бөлінген дизельді жеткізуші оператор болып «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС мен «РК-Мұнай» компаниясы белгіленіпті. Бұл екі серіктестік облыс­тық ауыл шаруашылығы ұсынатын тапсырысқа сәй­кес, күз бен көктемгі науқан кезінде диқандарға 28 мың тонна дизель жеткізеді.

 «Нефтьтранс-Қызылорда» наурыз айының басында ғана Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан жанармайдың әр тоннасын 194 мың теңгеден алып, шаруаларға литрін 178 теңгеден жеткізген. Ал сәуір айынан бастап зауыт өнімі едәуір арзандап, тоннасы 174 теңге болыпты.

– Біз оған тасымалдау шығындарын қосып, литрін 162 теңгеден шаруашылыққа жеткіземіз. Белгіленген кесте бойынша диқандарға жанармай уақтылы барып тұр, – дейді «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС директоры Нұрымжан Сопбеков.

 Мұнай тасымалдаушы компания басшысының айтуынша, алда зауыттағы баға түсіп жатса, аймаққа жететін дизель де арзандап отырады.

Мемлекеттің қолдауын сезініп, көңілдегі секемі сейілген шаруалар ел несібесін еселеуге кірісіп кетті. Биыл облыс бойынша 183,1 мың гектарға егiс егу меже­леніп отыр. Негізгі дақыл күріш көлемі 88 мың гек­тардан асады. Егістікке қажетті минералдық тыңайт­қыштар бар, тұқым да толығымен жетеді.

 

Қызылорда облысы