Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 60-тан астам дерегі тіркелген. Алайда, өңірде аталған індеттен жазылып шыққан азаматтардың да қатары көбейіп келеді.
Жамбыл облысында коронавирустық инфекциядан тағы 5 адам емделіп, үйлеріне шығарылды. Олардың қатарында Түркия азаматымен қатар, еліміздің Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл облысының Қордай ауданы және Алматы облысының тұрғындары бар.
1961 жылы туған Түркия азаматы Жамбыл облысына Қырғыз Республикасынан үлкен жүк көлігімен келген. Одан алынған COVID-19 талдаулары оң нәтиже көрсеткеннен кейін ол инфекциялық стационарға жатқызылған болатын. Ал, 1999 жылы туған Алматы облысының тұрғыны Үндістаннан келген «Дели-Тараз» рейсінен коронавирус инфекциясы анықталған 6 жолаушының бірі еді. Сонымен қатар, 1990 және 1991 жылы туған ерлі-зайыптылар Нұр-Сұлтан қаласынан Қордай ауданында келген кезде олардан COVID-19 вирусы анықталған. Ал, Қордай ауданының 1996 жылы туған тұрғыны олармен жақын байланыста болғаны үшін 3 сәуір күні ауруханаға жатқызылып, коронавирустық инфекция диагнозымен расталған.
Бұл азаматтардың бәрі де екі апта бойы инфекциялық стационарда ем алу шараларын ойдағыдай өткізді. Алгоритмге сәйкес, олардан коронавирустық инфекцияға екі рет зертханалық талдаулар алынып, теріс нәтиже көрсеткен. Алдағы екі апта бойы олар үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.
Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 46 науқас ем алуда. Олардың жағдайлары тұрақты. Жалпы, аймақта коронавирустан осы уақытқа дейін 11 адам сауығып шыққан.
Жамбыл облысы