Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық ахуалы ауыр Жаңақорған және Шиелі аудандарына барып, індеттің таралуын тежеу бағытындағы жұмыстармен танысты.
Бүгінде облыс бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырған 151 адам бар. Солардың 61-і Шиелі, ал отызы Жаңақорған ауданы тұрғындары.
Осы күні Жаңақорған кентінде 4 санитарлық тосқауыл бекеті жұмыс істеп тұр. Медицина, полиция және әкімдік қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте. Тұрғындардың жүріп-тұруына қатаң тыйым салынған. Қызметкерлер ыстық тамақ және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.
Ауданда вирус жұқтырғандар жұқпалы аурулар ауруханасында, ал олармен қарым-қатынаста болғандар Жаңақорған шипажайына жатқызылған. Қазір 80 адам дәрігерлер бақылауында. Кент орталығындағы 15 дүкен, «Қазақтелеком», «Казпошта» ғимараттары маңайына, науқастар тіркелген Әлімкөл, Аралбаев, Жеңіс, Әлшекей көшелерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 527 667 шаршыметр аумақ дезинфекцияланды.
Жасалып жатқан жұмыспен танысқан аймақ басшысы аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ұдайы назарда ұстауды және карантин ережелерін мүлтіксіз орындауды тапсырды.
Ал Шиелі ауданы орталығында 11 санитарлық бекет жұмыс істейді.
Карантинге жабылған Қодаманов, Бала би, Жиделіарық, Ортақшыл елді мекендерінің тұрғындары жергілікті кәсіпкерлер есебінен тегін азық-түлік және медициналық бұйымдармен қамтамсыз етілуде.
Гүлшара Наушақызы кенттегі индустриалды-аграрлық колледжінде орналасқан провизорлық стационардың мамандарымен сөйлесті. Дәрігерлер қажетті препарат жеткілікті екенін, қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілгенін айтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Гежуба Шиелі цемент» зауытының жатақханасында ашылған уақытша тұрақтау орнының жұмысымен де танысты. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков мұнда дәрігерлердің тынығып, демалуына бар жағдай жасалғанын жеткізді.
Облыс басшысы тұрғындарының көбі вирус жұқтырған Қодаманов ауылына да барды. Елді мекен толық оқшауланған. Ауылдан шыққан 46 науқас облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ауылды және тосқауыл бекетін тәртіп сақшылары мен сарбаздар күзетіп жүр. Ауданға келісімшарт бойынша жұмыс істейтін 25 әскери қызметкер жіберілген. Олардың қатарына бүгін аумақтық қорғаныс бригадасын жасақтау мақсатында арнаулы жиынға шақыртылған тағы 25 әскери міндетті сарбаз қосылды.
–Біз үшін қазір ең бастысы – дендеген дертті тоқтату. Азық-түлік, дәрі-дәрмек арнайы көліктермен жеткізіледі. Ауылдан ешкімді шығармай, сырттан ешкімді кіргізбеу керек. Вирус жұқтырған адамдардың тезірек жазылып шығуына бар күшті жұмылдырамыз, – деді облыс әкімі.
Ауданда осы күнге дейін 1 млн 262 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылып, 28 млн теңгеге антисептик, хлор, қорғаныш киімдері және басқа да медициналық бұйымдар сатып алынған.
Сапар қорытындысында Гүлшара Әбдіқалықова ауданда індеттің таралуын болдырмау шараларын әлі де ширата түсу керектігін айтты. Талаптардың уақытылы орындалмауының салдарынан көпшілік шаралар өткізіліп, аурудың жайылып кетуіне жол берілген. Аудан басшылығы тез арада олқылықтың орнын толтырып, бақылауды бір сәт те бәсеңсітпеуі керек.