• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

Алматы облысы: 1407 өнеркәсіп нысаны іркіліссіз жұмыс істеп тұр

453 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай кезіндегі талапқа сәйкес еңбеккерлердің денсаулығы мен жүріп-тұруына бақылау күшейгеніне қарамастан, Алматы облысындағы ірі кәсіпорындардың жұмысы қалыпты жағдайда жалғасуда. Қазір аймақтағы 1407 өнеркәсіп нысаны өнім шығару үстінде. Атап айтқанда, 32 ірі зауыт, 64 орта өндіріс орны және 1311 шағын қалыптағы кәсіпорындағы еңбек ырғағы үзілген жоқ. Ал бұл нысандардағы санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң бақылауда.

Жалпы, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі кеміген жоқ. Өткен қаңтар-наурыз айы аралығында кәсіпорындардағы өнім көрсеткіші 106 пайызды құрап, қаржы мөлшері 242 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 53,7 млрд теңгеге артық табыс көзіне қол жеткенін айғақтайды. Яғни, облыс өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемдегі үлесін 85,4 пайызға жеткізіп, республикадағы ең жоғары көрсеткішті бағындырды.

Кәсіпорындардағы өнім көлемінің артуы тамақ өнеркәсібі бағытында анық байқалып отыр. Мысалға, аймақтағы азық-түлік шығаратын компаниялар арасында «Маревен Фуд Тянь-Шань» серіктестігінің зауыты жыл басынан бері 3,9 мың тонна дайын өнім әзірлеп, өндіріс көлемін 120,4 пайызға жеткізді. Былтыр бұл көрсеткіш 3,2 мың тонна шамасында болған екен. Ал облыстағы ғана емес, ел көлемінде кондитерлік өнім дайындаумен көш бастап тұрған «Хамле Компани ЛТД» зауыты тауар ассортименті мен сату нарығын кеңейтіп, өнімділікті 3,5 мың тоннадан 4,3 мың тонна дейін артырып,123,5 пайыздық табыс межесін бағындырып үлгерді. Осы саптағы «Азия АгроФуд»  акционерлік қоғамы да  ұн өндірісін былтырғыға қарағанда 142, 4 пайызға көтеріп, өткен 3 ай ішінде 65, 1 мың тонна өнім шығарды. Сондай-ақ, облыста орналасқан тәтті шырын мен алкогольсіз сусын шығаратын кәсіпорындардағы өндіріс көлемі де едәуір көбейген. Оның дәлелін «Кока-Кола Алматы Боттлерс», «RG Brands Kazakstan», «Галланз Ботлерс» компанияларында дайындалған өнім мөлшерінің биыл 124, 1 пайызға жеткенінен көруге болады. Яғни, өткен жылы аймақта 193,6 млн литр сусын шығарылса, өткен 3 ай ішінде бұл көлем 240,2 млн литрге дейін көбейіпті.

Өнеркәсіп өнімінің тұрақты өсуіне облыстағы қолданбалы шойын өндірісі де өз үлесін қосып отыр. Атап айтқанда, «ТГПК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістің цехтарында құйылған шойын көлемі 8 есеге артқан екен. Салыстып қарағанда серіктестік былтыр 5,8 мың тонна өнім шығарса, биыл бұл меже 46,7 мың тоннаға жетіп жығылды.

Айтпақшы, Алматы қаласының толықтай карантинге жабылуына байланысты облыс аумағындағы кәсіпорындарға қатынап істейтін жұмысшылар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалыпты. Қазір өндірістік қажеттілікке орай 1000 адам Алматы агломерациясына кіретін 3 аудан мен Қапшағай қаласына уақытша қоныстанған екен. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен қауіпсіздігі санитарлық талапқа сай қорғалған.

 

Алматы облысы