• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Тарих 24 Сәуір, 2020

Аралды зерттеуші Бутаков

2109 рет
көрсетілді

Арал теңізін зерттеуші, оны бойлап кемемен алғаш еркін жүзуші, біршама толық картасын бірінші жасаушы, кейін контр-адмирал шеніне дейін жетіп, ғылыми табысы бүкіл әлем ғалымдары тарапынан жоғары бағаланған Алексей Иванович Бутаков (1816-1869), әрине, ең алдымен Ресей патшалығының игілігіне қызмет етті.

Табиғаттың жауһар төлтумасы сырт ел зерттеушілерінің, саяхатшы­ларының назарына ерте іліккен. Қуаң шөлейт далада кенет алдыңнан ұшы-қиырсыз шалқыған теңіз шықса, кім таңғалмасқа. Оның жұмбақ сырын білмекке, не айдын шалқар төсінде алып кемелермен әрі-бері жүзіп саяхат­тамаққа кім құштарланбасқа.

Ол Кронштадта, әйгілі те­ңіз­шілер әулетінде дүниеге келген. 1832 жылы Теңіз кадет корпусын бі­тір­­ген соң, Балтық теңізінде теңізші болған. 1840-1842 жылдары «Або» кеме­сімен дүние жүзін айналып шығу­ға қаты­сады. Бұл сапары жө­нінде 1843-1844 жылдардағы «Оте­чествен­ные записки» журналында жазады.

А.И.Бутаков білімді болған. Әде­­биет туындыларын көп оқыған, фран­­цуз, ағылшын тілдерінде еркін сөй­леп, жазған, неміс тілін білген, пор­тугал, итальян тілдерін жаттаған. Бір қы­зығы, қазақ тілін білуге де ынта қойған.

А.И.Бутаков өмірінің жарқын бет­те­рінің бірі Арал теңізімен бай­­ла­нысты. 1848 жылдың басында ол Арал теңізін картаға түсіру жә­не жазба жұмыстарын жүргізу ісіне та­ғайындалады. Бұл іске оны дүние жүзін айналып шыққан әй­гілі теңізші Ф.Ф. Беллинсгаузен ұсы­нады. 1847 жылдың шілдесінде Орынбор өлкесінің бастығы, инфан­терия генералы В.А. Обручевтің бұйрығымен Сыр­дарияның төменгі ағы­сында Райым бекінісі салынады. Оның мақ­саты алдымен Сырдария бойына, одан соң бүкіл Орта Азияға орыс пат­шалығының билігін орнату болатын.

Бутаковтың бақылауымен 1848 жылдың көктемінде екі пушкалы, ұзындығы 16 метр болатын «Кон­стантин» шхунасы жасалады. Ол сол жылдың 20 шілдесінде Ра­йым бекінісіне әкелініп, суға түсі­рі­леді. 30 шілдеде шхуна теңізге шы­ға­ды. Экспедиция бастығы А.И.Бу­таков, кейін Орта Азияның таны­мал зерт­теушісіне айналатын А.И.Мак­шеев, прапорщик Поспелов және басқалар болды. 27 адамнан тұратын экипаж құрамында айдауда жүрген, қа­тардағы солдат, ақын Тарас Гри­горьевич Шевченко да болады. Оған Арал теңізі көріністерін салу мін­деттеледі.

Жұмыс екі айға жуық, 23 қыр­кү­йекке дейін жалғасты. Онда бү­кіл теңіз алдын ала байқалды, терең­дігі өлшеніп, ендігі анықталды, «Воз­рождение» (Николай) аралдар шоғы­ры ашылды.

Арал теңізінде жүзуі туралы ал­ғаш­қы хабарды Бутаков 1848 жылы 13 тамызда «Барсакелмес» аралынан жолдайды.

«20 шілдеде кемемді суға түсір­дім, ал 25-інде «Константин» шху­насының брейд-вымпелін көтеріп, «Райымнан» Сырдариямен төмен қарай аттандым», дейді хатында. Хаттан Арал теңі­зінде балық аулау өндірісінің басталғаны да байқалады.

Хаттың екінші бір тұсында жергі­лікті тұрғындар – қазақтар жөнін­де: «Тұрғындарды біз еш жерде көр­геніміз жоқ. Бірақ көптеген орыннан қырғыздардың (қазақ­тардың) жақында ғана болып кеткен ізін тап­тық. Тұрғындар орыстардан қор­­қады. Хиуалықтар да олардың сақт­ануын әртүрлі жолмен сендіріп бағады, ал өздері аяусыздықпен тонайды», деп айтып өтеді.

23 қыркүйекте «Константин» шхунасы 1848 жылғы жұмысын аяқ­тап, Сырдария сағасына оралады.

А.И.Бутаков 3 қазанда ата-анасына жазған хатында экспедицияның сәтті аяқталғанын, бүкіл Арал теңізін шарлап шыққанын, көлемі 200 шаршы верст болатын «Возрождение» және кіші аралдар шоғырын тап­қанын жазады. Адам аяғы тимеген аралдың байлығына таңғалады. Арал сексеуіл, жыңғыл тоғаймен көмкерілген, ал жерді қазсаң, таза су шығып, киіктер, жабайы ешкі тұқ­ымы жыртылып айырылатынын жазады.

Аралда тамаша екі шығанақ бар­лығы, бірақ оны желдің күшті­лігінен өлшеу мүмкіндігі болмағанын айтады. Аралдардан көптеген түлкі іні көрінген, бір теңізші картаға түсіру жұмысын жүргізіп жүргенде қасқырды көргеніне сендіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл арал менің атымды географиялық картада мәң­гілік етеді дейді.

Арал теңізі стақандағы су секілді терең: батыс жағалауы жерден жар­ты миль, не ¾ миль шыққанда те­реңдік 37 саженге дейін (68 метр) барды. Ол батыс жағалауға қарай қазаншұңқыр тәрізді, өйткені теңізді кесіп өткенде, оңтүстік шығыс бөлі­гінің тереңдігі 15 саженнен (27 метр) аспаған-ды. Батыс жағалауы 300 фут (90 метр) және одан жоғары тасты, еңсеңді басатындай тік жарлы болып келеді. Кішкене бүгіл­ген түзу сызық сияқты оның бүкіл біті­мінде желден қорғанатын бірде-бір шығанақ жоқ.

Хатта бұдан соң Сырдария саға­­сындағы Қосаралдағы жайы баян­далады. Үй-жай дайын болма­ғандықтан, әзірге шхунада тұрып жатқандығын, қамалдың ортасында 4 зеңбірек бар­лығын, оның Хиуа жасақтарының шабуыл тоқтатуға толық жеткілікті еке­нін баяндайды. «...Қыста татар тілін үйренсем дей­мін. Бұл – қыр­ғыздар мен башқұр­лардың аздаған өзгерісі бар ортақ тілі іспетті. Ежіктеп аздап түсінемін, бірақ аз...», – дейді ол.

6 қазанда А.И.Бутаковтың шхунасы брейд-жалауын түсіріп, Қосарал портының командасына қосылады. Ол жергілікті жердің қауын-қар­бызына таңғалып, бұрын жемісті онша жемейтін болса да, құмарлана жегенін, Сыр өзенінің жағасындағы ауылдардың бақшаларының бар екенін, ондағы қауындар да сондай дәмді келетінін айтады.

А.И.Бутаков «Возрождение» аралын 1848 жылы 8 (20) қыркүйекте аша­ды. Арал бұған дейін белгісіз еді. Өйткені ол жағадан көрінбейтін.

1848 жылы 24 қарашада Алексей Иванович ата-анасына жазған хатында Сырдария сағасынан жолбарыс аулағандарын суреттеп жазады. Бұл жолбарыс сол маңда жазда байқалған екен. Малдарға, тіпті адамға шапқан. Соңғы кездері қамалға жақын келген іздері де көзге түскен. А.И.Бутаков 45 адаммен, оның ішінде жергілікті тұр­ғындар да, ба­лықшылар да бар екі-үш адамнан қатар түзеп, дабыл қағып, түрлі айқай-шу шығарып, қалың қа­мысты дария жиекке қарай сүзеді. Арагідік жолбарыстың ізі байқалып қалып, ақыры ну қамыстың ішіне кір­гені көрініп, бұлар жан-жақтан қор­­шап атып алады. Жолбарыстың ұзын­­дығы 6 фут 4 дюйм болғанын жазады.

Жолбарыстың терісін сыпырып жатқанда жергілікті бір қазақ келіп, тісін сұрайды. Неге дегенде, аяғы ауыр әйел босанарда оны шайтан иек­­тейтінін, сонда шайтанның кетуі үшін жолбарыстың тісін мойнына та­ғуы қажеттігін бақсы айтқанын жеткізеді.

Райым бекінісі сауда-саттықпен де жақсара түседі. Желтоқсанның соңында Бұхарадан шағын керуен (9 түйе артылған) келеді. Онда кілем, жамылғы, халат, қағаз материалдары болды. Бутаков керуенбасыға көк­темге қарай тағы келуін, онда өзіне кілем, шахмат, күріш әкелуін өтінеді.

Қазақтардың үйлену тойы кезін­дегі дәстүрге таңғалады: неке қиыл­ғаннан кейінгі келесі күні әйелдің таныстары келіп, жастардан нені қалап алғысы келсе, сол талабы орындалады екен дейді. Райымда танысы Бекмырзаның үйленгенін, оның үйінің жаңа есігін өзіне қажет болса да, Алтынғазы ханымның қоярда- қоймай қалап алғанын жазады.

Арал теңізі бойындағы жұмыс 1849 жылы бес жарым айға созыла­ды. Теңіз, құрлық картаға түсіріліп, астро­номиялық анықтаулар жүргі­зіледі. Қазба байлық коллекциялары, өсімдіктер гербарийлері жиналады.

А.И.Бутаковтың жазбасында 1849 жылғы теңіздегі жүзулер жеңіл болмағаны айтылады. 18 (30) мамырда Арал теңізінің құмдауыт шығыс жағалауының тереңдігін өлшеу сә­тінде 3 метр тереңдікте тұрған кезін­де батыс-оңтүстік-батыстан күш­ті дауыл соғады. Зәкір арқаны үзіліп кетіп, басқа зәкірді тастайды. Аспан­нан диаметрі сантиметрден асатын бұршақ жауады. Жұлып әкетіп, құмды, сусыз аралға лақтырып тас­тамағанына таңғалады. Ондайда аштықтан, шөлден өлген болар едік дейді. Мұндай қорқынышты, тосыннан болатын дауыл желкенді кемеге қауіпті. Теңізге пароход қажеттігін айтады.

Кейін Бутаковтың бастамасымен Арал теңізінде пароход жабдық­талды.

Бутаков пен Поспеловтың 1848-1849 жылдардағы суретке түсіру­лері негізінде 1850 жылы Теңіз минис­тр­лігінің Гидрографиялық депар­та­менті Арал теңізінің картасын басып шығарады. Бұл жұмыс оған лайықты даңқ пен кең танымалдылық әкелді.

А.И. Бутаков пен украин хал­қы­ның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченкомен ара байланыстан оның қоғамдық-азаматтық көзқарасын тануға болады.

Төңкерісшіл ақын, суретші Тарас Шевченко (1814-1861) Орск қама­лына қатардағы солдат болып жер аударылып, оған жазуға, сурет салуға тыйым салынған.

1848 жылы Бутаков Орынборға келген соң, оның Орскіде екенін біледі. Орынбор өлкесінің бастығы, ген­ерал Владимир Афанасьевич Обру­чевке қатардағы солдат Шев­ченконы Арал теңізі жағалауларынан сурет салуға экспедиция құрамына жіберуге өті­ніш білдіріп, келісімін алады.

Орскіден Сырдарияның төменгі сағасына дейінгі жолды Шевченко штабс-капитан И. Макшеевпен бірге өткізеді.

1848-1849 жылдарда ол үш офицермен бірге шағын офицерлік каю­тада тұрып, акварель бояумен көпте­ген сурет салады. 1849 жылы 14 қарашадағы хатында Шевченко Бута­ков туралы: «Ол маған дос, жолдас және командир болды», деп жазады.

Генерал Обручев Шевченко салған Арал теңізі көріністеріне риза болады. Осы сәтті пайдаланып, Бу­таков Шевченконың айдаудағы жағдайын жеңілдетуді өтінеді.

Бірақ жағдай күтпеген жерден басқаша өрбиді. Біреу Петербургке айдаудағы Шевченкоға сурет салуға рұқсат берілді деп шағым жібереді. 1850 жылдың сәуір айында ақынға тінту болып, нәтижесінде бұйрық бо­­йынша жазу, сурет салмақ түгіл, оның сиясауыт, қаламұш, қалам, қағаз ұстауына тыйым салынады. Сөй­тіп 1850 жылы қазан айында Каспий теңі­зінің шығыс жаға­ла­уындағы Алек­сандровский фортқа (қазіргі Форт-Шевченко) жер аударылады.

А.И.Бутаков 1850 жылы Арал теңізінен Петербургке шақырылып, Арал флотилиясына арналған екі темір кеме жасатуға тапсырыс беру үшін Швецияға жіберіледі. «Пе­ровский», «Обручев» пароходтары 1852 жылы бөлшектелген күйде «Райым» бекінісіне жеткізіліп, келесі жылы суға түсіріледі. 1853 жылы «Перовский» пароходында болған Бутаков Қоқан қамалы Ақмешітті алуда ерекше көзге түседі. 1854 жылы күзде Арал верфін №1 форт Қазалыға көшіреді. 1855 жылы Құмсуаттан 85 шақырым жоғары Перовскіге дейін Сырдарияның жазбасын жүргізеді. Осы жылы 1-рангалы капитан болып шені өседі. 1858 жылы жазда Арал фло­тилиясының кемелерімен Хиуа елшілігіне Әмудария бойымен Қоңыратқа дейін жүзіп барып, 1859 жылы 140 жасақпен Қоңырат соғысына қатысады. Кейін жасақты Қазалыға қайта әкеліп, «Обручев» пароходымен Әмударияға қайта оралып, Нөкіске дейінгі жазба карта жұмыстарын жүргізеді.

1860 жылы 1 қаңтарда Петер­бургке шақырылып, екі темір пароходына тапсырыс беру үшін Англия мен Америка Құрама Штатына іссапарға жіберіледі. 1861 жылы «Арал» және «Сырдария» кемелері Бутаковтың басшылығымен Қазалыға әкелініп, келесі жылы суға түсіріледі. 1863 жылы жазда Перовскіден Байылдыр тоғай шатқалына дейін 807 верст көле­мінде Сырдарияның жазба картасы жүргізіледі.

1863 жылы тамыз айында Бутаков Балтық флотына ауыстырылып, 1864 жылдың 25 ақпанынан Петербургке келеді. Онда ол контр-адмирал шенін алады. Оның бұдан кейінгі қызметі Балтық теңізімен байланысты болды. 1868 жылы күзде ауырып, емделу үшін Германияға барады. 1869 жылдың 28 маусымында 54 жасында Швальбахта қайтыс болады. Ғылыми еңбегі дүние жүзі бойынша жоғары бағаланды.

Арал теңізіне арғы-бергі ғасыр­ларда кім келмеген десеңізші. Солар­­­дың арасында орыс теңізшісі А.И.Бутаковтың есімі айрықша таны­лады. Аралды зерттеудегі, картасын жасаудағы еңбегі әлем ғылы­мына зор жаңалық болып қосылды. Ол туралы Л.С.Бергтің «Отандық физик-географтар және саяхатшылар» (1959), тағы басқа кітаптарынан білуге болады.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры