Заманында тағдырдың жазуымен өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне келіп, тұрақтап қалғаны тарихтан белгілі. Бүгінде олар да ұлтымызбен бірге өркендеп, өсіп отыр. Ал отызыншы жылдардың орта шенінде көптеген ұлт өкілімен қатар Әулиеата өңіріне Әзербайжан елінен де күрд азаматтары қоныс аударған болатын.
Тарихи мәліметтер бойынша олар Талас ауданының аумағындағы Үлкен Тамды өзенінің бойына тұрақтаған. Қазыналы Қаратау аймағына келген күрд ұлтының өкілдерін өкімет 1937 жылы «Ойық» совхозына алып барған екен. Кейіннен бұл кеңшардан бөлініп, 1938 жылы күрдтер тұратын ауыл құрылған.
Талас ауданында, қарт Қаратаудың қос жотасының ортасында орналасқан бүгінгі Қасқабұлақ ауылы осы. Жалпы, қазақ ұғымында бұлақтың «қасқа» аталып суреттелуі ертеден бар. Әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңінде де «қасқа бұлақ, тастан құлап» деген жолдар кездеседі. Ауылдың Қасқабұлақ аталуын да жергілікті жұртшылық бұлақтың солай, яғни «қасқа» аталуымен байланыстырады. Сол Қаратаудың қос жотасының арасындағы үш бұлақтан су ағып, бұлақ суы ауылға келеді. Бұл бұлақтардың аты болмағанымен, ежелден Қаратау бойын ен жайлаған қазақ бәрін де «Қасқабұлақ» атап кетіпті. Отызыншы жылдардың соңына қарай құрылған ауыл да содан бері әлі сол атымен аталады. Бірлігі жарасып, берекесі артып отырған ауылда бүгінде 1204 адам тұрады. Ауыл әкімі Сулхадин Мұстафаевтың айтуынша жергілікті тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен күнелтеді. Оған қосымша ауыл азаматтарының біраз бөлігі қоғамдық жұмыстарға да тартылған екен. Ауылдықтар мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын болғандықтан, тұрғындар көпшілікке мемлекет тарапынан беріліп отырған атаулы әлеуметтік көмектің де ешқайсысын алмапты.
Ауыл ақсақалы Махмет Темиров бүгінде жастардың тәрбиесіне баса мән берілуде екенін айтты. Ауылда соңғы бес жылда арақ-шарап және темекі өнімдері мүлде сатылмайды екен. Тұрғындардың ортақ келісімімен бұларды саудалауға және пайдалануға тыйым салыныпты. Әрине ауылдықтардың ішімдіктен бас тартуы – құптарлық жағдай. Бұл бір жағынан жастарға көрсетіліп отырған өнеге деуге де болады. Сондай-ақ соңғы он жылда ауылда бірде-бір қылмыс атаулы тіркелмеген. Бұл да сол ауыл тұрғындарының бірлігінің нәтижесі екені даусыз. Сол сияқты Қасқабұлақта 2018 жылы пайдалануға берілген жаңа мектепте 135 бала оқиды. Ауыл әкімі Сулхадин Мұстафаев бүгінде балалардың орыс тілінде оқып жүргенін, алайда жуық арада қазақ сыныптарының да ашылатынын жеткізді. «Ауылда тұратын күрдтердің бәрі де қазақ тілін жақсы түсінеді. Бір-бірімен қазақ тілінде жақсы сөйлеседі. Біздің қазақтарға, қазақ тіліне деген құрметіміз ерекше. Ауылдағы бар жеті көшенің бәрі де қазақша атаумен аталады. Енді ауыл мектебінен қазақ сыныбын ашуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұйырса, ол да көп кешікпей ашылады», дейді Сулхадин Мұстафаев.
Шынында да, шағын ауылдағы көшелердің атаулары назар аударарлық. «Тамды әулие», «Жібек жолы», «Астана», «Бәйтерек», «Бейбітшілік», «Тәуелсіздік» көшелері ұлтымыздың ұлылығын, еліміздің елдігін танытып тұрғандай. Аталған көшелерге бүгінде Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысы