Қостанай облысының Меңдіқара ауданында Айрауық деген ауыл болған. Қазір картада жоқ. Қазақы қараша ауылды тың игерген жылдары заман соқасы топырағымен қопарып алып, тарихтың терең қатпарына тығып жіберген. Бүгінде бірен-саран ескі көз қариялардың есінде қалмаса, жалпы жұрттың жадында жоқ. – Айрауық, – десең, – А? – дейді. Қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, Жамбылдың жырын хатқа түсірген Қасым Тоғызақов осы Айрауықтың төл перзенті. Қасымның тағдыры да Айрауық секілді. Тірлігінде тауқымет азабын көп тартты. Бірнеше рет Сібірге айдалды. Өмірден үлкен қасірет арқалап өтті. Өлген соң есімі атаусыз қалып, шығармалары оқылмай қалды. Биыл күзде Қасым Тоғызақовтың туғанына 110 жыл толады. Көрнекті қаламгердің мерейтойына орай, ең құрығанда аймақтық деңгейде ғылыми конференция ұйымдастырып, қазіргі Ломоносов ауылдық округін Айрауық деп ауыстырып, елді мекеннің тарихи атауын қайта тірілткен жөн. Облыс орталығынан Қасымға көше берілсе де артық емес. Былтыр Қостанайға келген сапарында алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Бұл қалада қолында Алаш арыстарының қаны бар Дзержинский көшесі әлі тұр екен» деп қатты қынжылған еді. Біздіңше, ақынға осы көше лайық. Аруақ разы болмай, тірі байымайды.
Кітапта қалған атаулар
Әңгіменің басын ақыры Айрауықтан бастадық, енді арғысын айтайық. Қасымның суреткерлік һәм баяндаушылық шеберлігін айқындайтын бірегей туындысы – «Сібір Омар» дастаны. Ұйқасқа құрылғаны болмаса, бұл шығарма дастаннан гөрі повеске жақын. Тілі жатық әрі тартымды. Бастысы, шығармада кеңестік науқаншылдық кезеңінде біржола жойылып кеткен бірталай жер-су атаулары сақталып қалған. Дастанның кіріспесі іспеттес «Арнау» бөлімінде:
Шығушы ем тайға мініп
Шақшақбайға –
Зират қып бабаларым жатқан
сайға –
...Кесілген Шаңдақ пенен
Байғарасы,
Алты күн атпен жүрген
айналасы.
Сұлудың тағымындай
жарасатын,
Көмкерген суды талы,
сайды ағашы.
Шақанның Алакөлі жатқан
шалқып,
Толқыған қорғасындай тұрған
балқып.
Шілікті мөлдір бұлақ аққан қулап,
Шілдеде көрген емес шөбі қурап.
«Айрауық» атты өлеңінде:
Анау Қасқат, Намаз,
Қаратеректен,
Кең аралға дейін егін ел еккен, –
деген жолдардағы Шақшақбай, Шаңдақ, Байғара, Шақан, Намаз, Қаратерек топонимдерінің бүгінде аты өшкен.
Дастанның «Қорғанда» деп аталатын бөлімінде:
Тобылға Күртеміс пен Есет келіп,
Құяды Сүйер өзен оларға еріп.
Сазыгүл, Ейткелді мен
Салтабсарай,
Жарқырап жатыр көлдер
дөңгеленіп, –
деген шумақта аталатын өзен-көлдер Қостанай – Қорған шекарасының қарсы бетінде жатыр. Бүгінде Күртеміс – Куртамыш, Сүйер – Суерь, Ейткелді – Идгильди, Есет – Исеть болып өзгерген. Ал Сазыгүл мен Салтабсарай гидронимі мүлде жойылып кеткен, қазір басқаша аталуы мүмкін.
Тарихшы ғалым Аманжол Күзенбайұлы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Меңдіқара ауданында 60-қа жуық қазақ ауылы жойылып кеткенін айтты. – Мұны маған Қажи Маманов ақсақал айтып еді. Ол кісі соғыс кезінде бухгалтер болған адам ғой. Тобылдың жағасында 12 ауыл, бергі Теңіздің маңында да көп ауыл болған. Соның барлығының аттары бертін келе жойылып кетті. Екіаша, Қарақамыс, Сарқамыс, Жадыра, Қылмойын, Қылы деген ауылдар болған, бәрі де жоқ қазір. Оның есебін алған ешкім жоқ. Біз «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» деген кітабымыздың бірінші томына біразын кіргіздік. Бірақ бұл ауылдардың нақты орнын тап басып айта алмадық. Тың және тыңайған жерлерді игерген кезде «Проблема малых деревень» деген болды. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Бородиннің шығарған дүниесі. Шағын ауылдарда кім тұрады? Қазақтар тұрады. Олардың бәрін бір-біріне қосып тастады. Мал жайылымы азайып, өрісі тарылған соң, көпшілігі Торғай жаққа, басқа өңірлерге ауып кетті. Әйтеуір қазақтың санын азайту үшін істелген шаруа еді, сол өз мақсатына жетті, – деді ғалым.
Теріскей өңірдегі талай елді мекеннің байырғы атауын ұмыттырып, бірнеше ұрпақтың жадынан жойып жіберген дәуір өтті. Егер «Жер-судың аты – тарихтың хаты» болса, осы хаттың жыртылған беттері мен кеткен қателерін, өшкен, көмескі тартқан бедерін бүтіндеу бүгінгі ұрпақ – біздің мойнымызда тұрған парыз екенін естен шығарып алмасақ игі.
«Қасым Қасым болмаса, несі Қасым...»
Ғұмырының біраз бөлігі Алматы шаһарында рухани ортада өткен ақын туған жері – Тобыл топырағын, қазыналы Қостанайын сағына жырға қосады. Қасым – Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Серке Қожамқұлов, Күләш Бәйсейітова, Мәриям Хәкімжанова сынды тұлғаларға өлеңмен ескерткіш тұрғызған ақын. Оның «Менің ағам Бейімбет» атты өлеңінде Би-ағаның мінезі, болмыс-бітімі, түр-келбеті мен жүріс-тұрысына дейін шынайы суреттеледі:
Бала айтса да, шаға айтса да
нанатын,
Паңданбайтын, бәлденбейтін,
баратын.
Нәрестедей сәл нәрсеге ренжіп,
Томсырайып, қабақ шытып
қалатын.
Жаннан бақыт қызғанбай-ақ,
күндемей,
Өзіменен өзі болып үндемей,
Отыратын столының басында,
Тыпыр етпей, күн демей, не түн
демей.
Жоғарыда айттық, Қасым Тоғызақов қуғын-сүргін көрген, ауыр тауқымет арқалаған тағдырлы ақын. Білім жолын Қостанайда бастап, Троицк, Қазан, Мәскеуде жалғастырған қаламгер Ленинградтың педагогика институтында оқып жүргенде, саяси көзқарасы үшін бірінші рет тұтқындалып, қылмысы дәлелденбей қайта босатылады. Екінші рет Алматыда дәл осы айыппен тағы да тұтқындалып төрт айдан соң бостандыққа шығады. Көп ұзамай, 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының аудармашылар бөлімін басқарды. Ақын 1941 жылы үшінші рет тұтқындалып, 15 жылға Ресейдің Красноярск өлкесіне айдалып кетеді. 1956 жылы қылмысы дәлелденбеуіне байланысты ақталып шықты.
– Әйтеуір партияға тазарту келетін болса, бірінші осы кісіні ұстайды екен. Мен Қасекеңді жақсы білетінім, өйткені Сырбай Мәуленов екеуі де Интернационал көшесі 129-үйде тұрды. Қасекеңнің үйіндегі жеңгейді білетіндердің бәрі Волконская дейтін. Өйткені ол кісі Сібірде айдауда жүрген Қасекеңді артынан әдейі іздеп барған. Сонда күйеуімен бірге тұрған. Сондағы бір айға беретіні – бір шиша шемішке майы екен. Өл-тіріл, соны жеткізу керек. Бір күні сол майды су екен деп байқамай қол жуғышқа құйып жіберген ғой. Жанымыз шығып кете жаздады – дейді, содан қайтадан қотарып алады. Біраз уақыт өткен соң жеңгей жүкті болып қалады. Енді не істеу керек? Бала дүниеге келсе, қайтіп асырамақ? Тамақ жоқ қой. Содан жеңгеміз баланы өмірге әкелмеудің барлық амалын істеп бағады. Түсік тастау үшін әдейі ең ауыр жұмыстарды атқарып, азапқа түседі. Бала мыңқ етпейді. Сол жерде Хамза Есенжанов та болыпты. Хамекең: – Әй, тамағымды мен-ақ берейін, келсінші осы бала өмірге, тимеңдерші. Келгісі келіп-ақ тұрған жоқ па мынау жарық дүниеге, – деп өзіне тиесілі нанын беріпті. Қайсысы екенін білмеймін, әйтеуір Қасекеңнің бір баласы сөйтіп Сібірде дүниеге келген, – дейді Серікбай Оспанұлы.
1930 жылы Қасым Тоғызақовтың тұңғыш кітабы – «Жедел қарт» атты фельетондар жинағы жарық көреді. 1980 жылы дастан-өлеңдері кітап болып басылып шықты. Жинақтың алғы сөзін жазған Мәриям Хәкімжанова мынадай дерек келтіреді: «Техникумда оқып жүріп Қостанайдың «Ауыл» газетіне тілші болады. Ақынның бірінші өлеңі осы газеттің бетінде 1927 жылы жарық көрген. Содан кейін жас талаптың ынта-жігері арта түседі. Әзіл-оспақтары, күлкі-сықақтары, бай мен кедейдің қағысы (фельетондары) «Жедел қарт» деген атпен қаптап кетеді. Қасым бір сөзінде: «Ауыл» газетіндегі менің ұстаздарым Бейімбет Майлин, Жұмаш Еленов, Меңетай Жақсылықов, Хасен Өзденбаев, Жекен Сәрсенбин, Ақбас Дүйсенбаев сияқты майталман әдебиетшілер еді. Ол кісілердің айтқан ақылы, көрсеткен көмектері менің ақын болмасыма қоймады» дейді.
Қасым Тоғызақов Ғафуға еріп Торғайға да келген. Қазақтың маңдайалды қос ақынын халық құшақ жая қарсы алады. Бұл туралы маған осыдан бір-екі жыл бұрын өлке тарихының білгірі марқұм Орекен Алматұлы айтып берген еді.
– Жанында Нұрғали Нүсіпжанов, Әсет Бейсеуов бар. Кездесу өткіздік. Содан Қасекең: Өмірде екі азаматтың еңбегін ұмытпаймын. Біреуі – Қасым Аманжолов. «Василий Теркинді» аударған – Қасым Тоғызақов. Бірақ өзі істі болып қалған. Сондықтан Қасекең: «Қасым, сен шырағым осыны өз атыңнан шығара бер. Өйткені маған шығаруға болмайды. Қазіргі жағдайымды білесің. Қаламақысы тисе, берерсің» – дедім. Бір тиынын шығындатпай, беріп тұрды. Қасымның азаматтығы осы. Екіншісі – Сырбай» – деді. – 1943 жылы түрмеден босап, аяғымда жыртық резеңке етігім бар, үстімде май-май күпәйкім бар, Қостанай туған жерім, деп сағынып «Большевиктік жол» газетінің редакциясына келдім. Кірсем басшысы обкомға кетіпті. – Орынбасары бар, анау есікте, – деді. Есікті ашып кірсем, денесі ірілеу, басы денесінен үлкен, шашы дудыраған арық келген жігіт тұр екен. Жаралы қолымен мұрнын сипап қойып отырады екен. – Кім боласыз, ақсақал, жөніңізді айтыңыз, – деді. – Мен Қасым Тоғызақовпын, дедім. Орнынан ұшып түрегеліп, мен аударған «Демонның» бес-алты шумағын төгіп-төгіп жіберді де, – Сөйткен Қасекем екенсің ғой, – деп құшақтай алды. Содан: – Ал жігіттер, мен жоқпын екі-үш күн болмаймын, – деп шинелін сатып базарға, қайбір жетісіп тұрған кез дейсің, үш күндей мені қонақ етті ғой Сырбайжан» – деген әңгімесін естіп едім». Орекен ақсақал осылай деп еді.
Өкініштісі, бүгінде Қасым Тоғызақов есімін көзіқарақты зиялы қауымнан басқа жұрт біле бермейді. Ақынның кітаптары да жоқтың қасы. Облыстық кітапхана қорында 1980 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан жалғыз сары кітабы сақталған. Қазақтың жерде жатқан Қасымы жоқ. Облыс басшылығы аймақта жақсы жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» жобасына биыл Қасым Тоғызақовты енгізіп, ақынның мұрасын, өмір-дерегін зерттеу ісіне түрткі болса, Қасымның Айрауығын қайта тірілтіп, қаламгердің есімін ұрпаққа дәріптесе деген үмітіміз бар. Айтпақшы, ақынның ұлы Ерболат Тоғызақов Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі басты кейіпкер – Қасым шалды сомдаған. Қазір Алматыда тұрады.
Қостанай облысы