Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, жер бусанатын тұста айрықша күтетін ұлық мерекенің басы Көрісу күнінен басталады. Амал мерекесін халқымыз ықылым заманнан бері дәстүрге айналдырып, қастерлеп келеді. Бүгінгі таңда да аталған күнді асыға күтіп, таң атысымен бір-бірімен құшақтасып көрісуге, амандық сұрасып, көктемге қуануға асығады.
Еске салайық, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» онкүндігі аясында Наурыз мейрамы жаңа форматта тойлана бастады. Сол жылдың наурыз айында Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы қаулы қабылдап, 14-23 наурыз аралығын «Наурызнама» онкүндігі деп жариялады. Онкүндіктің алғашқы күні ретінде 14 наурыз – Көрісу күні болып бекітілген еді.
Осыған орай Ұлттық музейде Наурызнама онкүндігі шеңберінде «Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Мерекелі жиында ұлтымыздың рухани мұрасында ерекше орын алатын Көрісу күні – Амал мерекесінің тарихи-мәдени маңызы кеңінен таныстырылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді, қоғамдағы ізгілік пен бірлік ұстанымдары насихат-талды.
Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы ұлық мерекенің рухани мән-маңызына тоқталып, жиналған қауымды құттықтады.
«Санаулы күндерден кейін келетін әз Наурызда тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, жаңа күн табалдырықтан аттайды. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыс-тырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Ал осы ұлық мерекенің бастауы саналатын Амал күні – адамдардың бір-бірімен көрісіп, өткенге салауат айтып, жаңа жылды ақ ниетпен қарсы алатын тағылымы терең дәстүр. Амал – татулық пен бауырмалдықты бекемдеп, ағайын арасын жақындастыратын, ізгілік пен сыйластықты дәріптейтін ерекше күн», деді ол.
Иә, Амал мерекесі – адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасу арқылы татулықты, бауырмалдықты және өзара құрметті нығайтатын ежелгі дәстүрлердің бірі. Бұл күн ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет ететін маңызды рухани құндылық ретінде ерекшеленеді.
Іс-шара танымдық кездесу, дәстүрлі рәсімдер таныстырылымы және интерактивті мәдени бағдарлама форматында өтті. Бағдарлама барысында қатысушылар Амал мерекесінің шығу тарихымен танысып, көрісу дәстүрінің тәрбиелік мәнімен танысты. Сондай-ақ қазақ халқының бата беру, үлкенге құрмет көрсету, қол алысып көрісу секілді ұлттық салт-дәстүрлері сахналық көріністермен ұсынылды. Жыр шумақтары да оқылды.
Мәдени жиынға Ұлттық музей қызметкерлері, музей қонақтары мен өнерпаздар қатысты. Атап айтсақ, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының қызметкерлері, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйі өкілдері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ансамблі, Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Наз» мемлекеттік би театрының әншілері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері тәлімді іс-шараның куәсі болды.
Кең көлемде ұйымдастырылып отырған жиын түркі халықтарының көрісу әдебін, этностық өнерін, салт-дәстүрін, түркі халықтарының дәстүрлі киімдерін қалың көрерменге әйгілеп, этномәдени мұрасын жаңғыртуды көздейді.