Бір сәт өткен дәуірге көз тастайықшы. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі. Испан тұмауы ғаламшарды бүркеген сәт. Әбігерге түскен әлем. Жең ұшынан жалғасқан жаһандық дағдарыс. Бәрі-бәрі дәл қазіргідей. Осы сурет, осы көрініс. Онда да мемлекет санасында екі-ақ сауал тұрды. Халыққа жәрдемдесеміз бе? Әлде экономиканы құтқарамыз ба?
Күшейтілген карантин жаңалық емес. Әлемнің алып елдері мұндай сынақтың түр-түрін бастан өткерген. Оған дәлел, біз мысалға алып отырған «испан тұмауы». Бірінші дүниежүзілік соғыстың дауылы басылмай жатып бастау алған аурудың түп-төркіні – антисанитария.
Ұлы майданның шеңгелінен енді ажыраған халық тұмаудың тұтқынына түсті. Екі оттың ортасында қалған мемлекеттердің экономикасы тіптен тұралады. Дүкендер мен кеңселер жабылып, банк жүйесі тығырыққа тірелді. Тұрғындардың тысқа шығуына тыйым салынды. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі қарапайым халықтың наразылығын туғызды. Жұмыссыздықтан тентіреген жұрт. Бұрыш-бұрышта сұлаған өліктер. Дәрігерлердің шарасыздығы. Көше кезген меңіреу тыныштық қорқынышты түс секілді шарпыды. Ешкім бұл дағдарыстың тереңін болжай алмады. 1918 жылғы испан індеті АҚШ-тың өнеркәсіп өндірісін 18 пайызға азайтты. Испан халқы жұмысқа қабілетті жастардың тең жарымынан айырылды. Қытайдағы бірнеше фабрика істен шықты. Әр үшінші адам сырқаттанып, әрбір оныншы адам көз жұмды. АҚШ-тың батысындағы Сиэттл мен Лос-Анджелес қалалары вирустың соңғы ошағына айналды. Олар шығыс жағалауындағы қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып оқшаулау әдісіне көшті. Қашықтан жұмыс істеуді, интернет-коммерцияны және сандық бақылауды қоспағанда, дәл бүгінгідей белсенді шаралар қолға алынды. Әр адамға бетперде тағу міндеттелді. Мектептер, театрлар мен шіркеулер толықтай жабылды. Жиналыстарға тыйым салынып, жерлеу рәсімдерін кейінге қалдырды. Қоғамдық көлікті тоқтатып, физикалық арақашықтықты енгізді.
Пандемия елесі басылған соң әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс басталды. Ол ауыл шаруашылығы және әлеуметтік өмірге әсер етті. Батыс елдерінің зауыттары мен фабрикаларында өндіріс тоқтап, банктер мен өнеркәсіптік компаниялар банкротқа ұшырады. Өнеркәсіптік компаниялардың акциялары 87 пайызға төмендеді. Миллиондаған адамдарды, шаруалар мен фермерлерді жұмыссыздық толқыны шарпыды. Өсімдіктер өртенді, жеміс ағаштары кесілді, асыл тұқымды мал сойылды, шикізат пен тамақ өнімдері жойылды. Автокөлік өнеркәсібі құлдырады.
Батыспен экономикалық байланысқан елдер дағдарыстың құрбандарына айналды. Халықаралық сауда қатынастары бұзылып, әлемдік ішкі жалпы өнім әлсіреді. Шикізат пен азық-түліктің арзандауы осы тауарларды экспорттаушы елдерге әсер етті. Сонымен бірге Азия, Африка және Латын Америка халқының табысы мен өмір сүру деңгейінің төмендеуі дамыған елдерде өндірілген өнімді бұрынғы масштабта сатып алуға мүмкіндік бермеді.
Бертін келе Массачусетс технологиялық институтының экономистері әлемдік ішкі жалпы өнімнің теріс динамика көрсеткенін мәлімдеді. Туризм саласы тоқырап, жаһандық тенденцияда пандемиядан кейін әлемдегі орта таптың жағдайы нашарлады.
Сол кезеңде әрбір мемлекет біз жоғарыда қойған сұраққа жауап іздеді. Саясаткерлер мен ғалымдар карантиннен кейінгі өмірге болжам жасады. Ақыры экономиканы емес, халқын сақтаған елдер тығырықтан тез шығатынын аңдады. Бұл турасында атақты экономист Нассиб Талиб: «Бізге алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлайтын мемлекет қажет. Пандемия кезінде әрбір ел осы мақсатқа қол жеткізетін барлық шараларды бақылауға алуы тиіс. Мәселен, Еуропалық одаққа әртүрлі себеппен мүше болған кейбір мемлекеттер экономикасын көтеріп алуы мүмкін. Бірақ сол мұқтаждық ертеңгі халқыңның көз жасына айналмасына кім кепіл?!» дейді. Сарапшының сөзіне сүйенсек, экономиканың негізгі өзегі – халық.
Испан тұмауы 17-45 жас аралығындағы нағыз жұмысқа қабілетті жастарды жалмады. Өндіріс саласында негізгі күш жастарға түсетіндіктен пандемия аяқталған соң кәсіпкерлер кадр тапшылығына тап болды. Десе де карантиндік шаралар қабылдау мерзімінің ұзақтығы пандемиядан кейінгі кезеңде өнеркәсіптік жұмыспен қамтылудың шамамен 5 пайыз өсуіне әкелді. Неге десеңіз, ескі қызметкерлердің дені аурудан қайта айықпағандықтан жаңа кадр тартуға тура келді. Бұрын құр жүрген мамандарға жаңа мүмкіндік берілді. Қосымша 50 күндік шектеулер жұмыс орындарының 7 пайыз өсуіне ықпал жасады.
Әйтсе де әлем карантиннен кейінгі онжылдықты өркендеу ғасыры деп атады. Халқының күш-қуатын сақтап қалған мемлекеттердің экономикасы бірте-бірте ілгеріледі. Әсіресе Еуропа еңсесін тез көтерді. Әл-ауқаттың өсуі ең алдымен орта тап пен халықтың ең бай топтары тарапынан байқалды. Әдетінше қоғамның бай және кедей мүшелері арасындағы экономикалық алшақтық маңызды болып қала берді. Бұл кезеңде автомобиль және тұрмыстық техника сияқты салаларды дамыту қажет болды. Ойын-сауық индустриясы едәуір өсуді бастан кешірді. Банк секторы да дамыды. Атап айтқанда, тұтынушылық несиелеу қызметтері артты.
– Қазіргі біздің Үкімет орта және кіші бизнес өкілдеріне ерекше көңіл бөліп жатқаны секілді, ол уақытта да шағын өнеркәсіпті дамыту процесі қарқынды жүрді. Бұл ең алдымен әлеуметтің тұрмыс деңгейін көтеруге күш салды. Әрі біраз уақыт үрейлі күн кешкен халыққа жігер берудің таптырмас құралы ретінде қарастырылды. Әртүрлі көңілді кештер ұйымдастырылып, ырғақты әндер тыңдалды. Билік қоғам санасын қорқыныштан тазалауға тырысты, – дейді әлеуметтанушы Айдос Сарым.
Батыста бірнеше компаниялар акцияларының құны тез өсті. Көптеген америкалықтар, олардың арасында тек орта тап өкілдері ғана емес, сонымен бірге кәсіпорындардың акцияларын өз табыстарының бір бөлігіне сатып алған жұмысшылар да бағалы қағаздарға ақша салуға асықты. Көп жағдайда қор нарығында ойнау таза алыпсатарлыққа айналды. Үлкен қаржылық пирамидалар құрылды. Әйтсе де олар ерте ме, кеш пе құлдырауға мәжбүр болды.
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, адамдарды құтқару және экономиканы үнемдеу міндеттері қазіргі уақытта бір-біріне қайшы келмейді. Індетті азайту және өмірді сақтау шараларын қолдана отырып, біз болашақта экономикалық белсенділікті қалпына келтіруді жеделдете аламыз.
Ал дәл қазір жаһанды алаңдатып отырған Covid-19 пандемиясы Бразилия президенті Джайр Болсонаруды шошыта алмаған секілді, аталған мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына қарсы. Иран президенті Хасан Рухани вирусты «жаудың ымырасы» деп атады. Ол адамдарды жұмысқа баруға шақырады. Ал Беларусь лидері Александр Лукашенко қашықтық өлшемін енгізбеді. Ол «тізерлеп өмір сүргеннен өлген артық» деген пікірге ұйыды. Саясаткерлер: «Дереу карантин жариялаған елдер, атап айтқанда Тайвань мен Сингапур, тек инфекцияның таралуын ғана шектеп қоймады. Олар пандемияның ең жағымсыз экономикалық салдарын жеңілдете алған сияқты. Осылайша, карантин шаралары пандемия кезінде үлкен экономикалық залалдың көзі ретінде қарастырылмайды» дейді.
Бүгінде Еуропа мен Азия ғасыр бұрынғы сынақты қайтадан басынан кешкенін мойындап, халқының әлеуметтік деңгейін сақтап қалу үшін ұлттық қордан аямай қаржы бөлуде. Бұл болашаққа құйылған инвестиция есебінде қарастырылады. Біздің мемлекеттің қарекеті де ертеңіміздің жарқын болуына жол ашатынына сеніміміз мол.