Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Әділхан Әшірбаев өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 11 мониторинг жүргізілгенін мәлімдеді.
Мониторингтердің нәтижесі бойынша 26 ұсыныс беріліп, сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында 17 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне талдау жүргізіліп, 47 ұсыныс енгізілген. Мәселен, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар шаруашылық субъектілері субсидия алу үшін ұсынған өтінімдерінде дұрыс емес мәліметтер көрсетіп, субсидия алғандығы анықталған. Бүгінде субсидия алған шаруашылық субъектілерінен 1 миллион теңге бюджетке кері қайтарылған. Ал сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған 9 тұлға қызметінен босатылған. Алайда олар осы уақытқа дейін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда басшылық лауазымда болған.
«Еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасын сақтау бойынша мониторинг биыл да жүргізіліп, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшылық лауазымдағы 8 тұлғаның бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандығы анықталып отыр», дейді Әділхан Әшірбаев. Мәселен, «Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану», «Қызметтік жалғандық жасау», «Қызметтегі әрекетсіздік» сияқты Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша сотты болған тұлға қазір мемлекеттік үлесі бар «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып жұмыс істейді екен.
Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың басқармалары мен бөлімдеріне бағынысты 900 мекеме өз бюджеттерін енгізіп, жариялаған. Сонымен қатар өңірде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен «Бизнесті және инвестицияларды қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Облыста жергілікті және шетелдік инвесторлармен бірге 372 миллиард теңгені құрайтын 30 келісімге қол қойылып, жобаны іске асыру уақытында 21 өтініш түскен. Алайда департамент берген мәліметке сүйенсек, облыста сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау және тергеу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі өткен кезеңмен және орташа республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда өскен. Өткен жылы сотқа 70 іс жолданып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін 90 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Сондай-ақ өткен жылы 1,2 миллиард теңге көлемінде залал анықталса, бүгінде оның 930 миллион теңгесі өндірілген.
Жалпы, жүйелі сыбайлас жемқорлық деректері 5-7 пайызға, шағын және орта бизнес жұмысына араласу 16-20 пайызға, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражатты ұрлау 11-17 пайызға дейін ұлғайған. Мемлекеттік органдардың арасында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған қылмыстар үшін атқарушы органдардың лауазымды адамдарына қатысты 56 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, құрылыс, мәдениет және тағы да басқа үлкен салалар бар. Одан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты 29 қылмыстық іс болған. Ал ағымдағы жылдың үш айында 27 қылмыстық іс сотқа жолданып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есептік кезеңде 236,7 миллион теңге көлемінде залал келтірілген болса, оның 80,8 миллион теңгесі өндіріліп, 122,3 миллион теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.
Жамбыл облысы