• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Сәуір, 2020

Қазақстанда 5163 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етіледі

393 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елді мекендерді кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы К. Есекеев, «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Ж. Надыров, «Кар-Тел» ЖШС атқарушы директоры Е. Настрадин, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады.

Қазақстанда интернетті белсенді пайдаланушылар қатары артып келеді. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында желіні пайдаланушылардың үлесі 88%-ға дейін, ал цифрлық сауаттылық деңгейі 83%-ға жетеді. Бұл міндеттерді осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру 5163 ауылдық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауылдарда 7,6 млн астам адам онлайн білім алуға, телемедицинаға, мемлекеттік қызметтерге, электрондық саудаға қол жеткізеді. 

«Төтенше жағдай кезінде интернетпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Қазіргі жағдайда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды, ол сондай-ақ электрондық сауда, онлайн-оқу, электрондық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да салаларында маңызды құрал болып отыр», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп жоспарланған елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Әкімдіктерге антенналық - мачталық құрылыстар салуға және байланыс желісін тартуға жер бөлу, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу тапсырылды.