Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толғалы отыр. Жалпы, осы соғысты қазақ даласынан әлдеқайда алыста, жат жерде өткендей қабылдаймыз. Алайда 1942-1943 жылдары өткен Сталинград шайқасының жалыны қазіргі Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарын да шарпып кеткені рас. Сол сұрапыл жылдардың жаңғырығы туралы оралдық өлкетанушы Ахмедияр Батырханов әңгімелейді.
– Соғыс тақырыбы бала күнімнен құлағыма құйылған. Сәби шағымда әжем Әсипа жанынан тастамай, үлкендердің жиындарына, қонаққа барғанда ертіп жүретін. Ол кісі – соғыс жесірі, атамыз Батырхан Омаров Фурманов аудандық әскери комиссариатынан әскерге аттанып, 1943 жылы Белгоград облысының Озерск ауылын азат ету кезінде қаза тауыпты. Сұрапыл жылдардың шындығы, тылдағы ауыл өмірі туралы әңгімелер санамда кинодай жатталып қалды. Оның үстіне біз туған жер – майданның жақын тылы, жау ұшақтарының гүрілін, бомбаның жарылысын талай бастан өткізген. Өз анамның әкесі Меңжан Азаматов алты ағасымен бірге соғысқа алынып, біреуі де оралмаған. Міне, Ұлы Отан соғысы куәгерлерімен жиі кездесіп жүріп, кейін архивте қызмет етуім, журналистік қызметім осы тақырыпты тереңдетіп зерттеуге алып келді, – дейді Ахмедияр Қуанұлы.
Сталинград майданының ең жақын тылы болған соғыс жылдары Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек өңірін де соғыс шарпып өтті. Жәнібек әуесінде жау ұшақтары қаптай ұшып, бейбіт халықты бомба астына алды. Осылайша кең байтақ қазақ жерінің Жәнібек және Орда аудандары отты жылдар ойранын бастан кешті.
«Жәнібек ауданы Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбын жүйелі зерттеген Ахмедиярдың айтары көп.
– Фашистер, әсіресе Жәнібек селосына әуеден көп шүйлікті. Кейбір әуе шабуылына 30-ға дейін ұшақ қатысқан. Осы соққылардың салдарынан темір жол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері және басқа да өндіріс, мекеме орындары зардап шекті, село бойынша барлығы 41 нысан зардап шегіп, 200-дей тұрғын үй қираған, – дейді өлкетанушы.
1942 жылғы қараша айының ортасынан 1943 жылғы қаңтар айының басына дейін Жәнібек және Орда аудандары аумағына гитлерлік авиация 538 мәрте бомба тастапты. Айтыңызшы, қан майданнан қай жері кем?!
Сталинград қаласы Ресейдің оңтүстігіндегі ірі экономикалық орталық, Кавказбен, Орталық Азиямен, Қазақстанмен және Оралмен байланыстырып жатқан маңызды экономикалық база, транспорт торабы еді. Сондықтан да жау Сталинградқа бұрын-соңды соғыс тарихында болып көрмеген техникасы мен адам күшін аямай төгіп, қаланы жер бетінен жойып жіберуді көздеді. 1942 жылдың қыркүйек-қазан айларында Сталинград өртке оранды. Оның жалыны қазақ даласына көрініп жататын. Сол қатерлі күндерде Сталинград облысымен шекаралас Қазақстанның батыс аудандары Қызыл Армияның жақын тылы ретінде үлкен әскери-стратегиялық рөл атқарды. Сталинград майданы 150-160 шақырым қашықта орналасқан Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңғай темір жол стансаларын қамтыды.
Куәгерлердің айтуынша, 1942 жылы тамыз айында Жәнібек аспанынан жау ұшақтары көріне бастаған. Мұрағат құжаттарында осыған орай Жәнібек ауданының партархивін, аса маңызды құжаттарды, басқа да құпия материалдарды ішкері жаққа, Қазталов ауданына көшіру туралы құпия қаулы 1942 жылы 5 қазанда қабылданыпты. Қорғанысқа байланысты жұмыстарға жедел басшылық жасау үшін аудан орталығында төтенше жағдай жөніндегі үштік құрылған.
– 1943 жылы көктемде Батыс Қазақстан облысының Орда және Жәнібек аудандарының құмды шағылдарына жаудың кішігірім парашютшы десантшылары түсірілді. Олар байланысқа қажетті рациямен, шифрлармен және су қоймаларын уландырғыш умен жарақтандырылған. Кейін қолға түскенде олардан Кеңес өкіметіне қарсылықты ұйымдастыруды басты нысанға алған діни сипаттағы кітаптар мен қомақты қаржы табылды, – дейді Ахмедияр.
Осы кезеңде аудан шаруашылықтары, әсіресе «Заготскот» жүйесі соғыс жағдайына көшірілген. Ең басты мақсат майданды етпен қамтамасыз ету болған.
Әрине ол кезде техника аз, бәрі қолмен атқарылады. Негізгі көлік түйе, өгіз, жылқы болды. Қиын кезеңге қарамастан егін, бақша егіліп, мал өсіріліп жатты.
1942 жылдың жазында-ақ Сталинград пен Саратовты Еділдің оң жағалауы арқылы жалғап отырған темір жол желісін жау бомбалап, тас-талқанын шығарды. Осы кезде Жәнібек темір жол бекеті стратегиялық маңызға ие болды. Сталинград майданына теміржол арқылы жеткізілетін жүктің барлығы Жәнібек бекетіне тасыла бастады. Теміржолды сақтау мақсатында жүктерді вагондардан түсіру, оларды майданға жеткізетін көлік құралдарына тиеу бекеттен 4-5 шақырым қашықта, түн мезгілінде, ашық аспан астында жүріпті. Әрине жау да қарап жатқан жоқ. Неміс ұшақтары түн ішінде де бомба тастайтын. Жәнібек бекетінде жау шабуылынан істен шыққан вагондардың қаңқалары соғыс аяқталған соң да 10-15 жылға дейін шашылып жатыпты.
– Адамнан қулық артылған ба? Түнде теміржолшылар жолдан 60-70 метр жерге керосин шамдарын орнатып қояды екен. Жау ұшақтары сол жерді бомбалап, негізгі нысан аман қалатын, – дейді сол күндердің куәлерімен талай сөйлескен өлкетанушы.
1942 жылы 3 қазанда неміс ұшақтары Астрахань-Урбах темір жол магистралын, Сайқын, Шоңғай, Жәнібек ауылдарын нысанаға алды. Жәнібек орталығына шабуыл кезінде бомба жарқыншақтарынан 10 адам өліп, 10 адам жарақат алды. Ішінде жанармайы бар цистерналар жанып кетті, бірнеше бос вагон, қару-жарақ қоймасы, НКВД ғимараты бүлінді. Бомбалау 7-8 қазан күндері де жалғасқан. Ондаған тұрғын үй, байланыс бөлімшесі, байланыс торабы, диірмен, бидай сақтаған қойма, қазақ және орыс мектептері, аудандық жер бөлімі, кәсіподақ ұйымдарының ғимараттары қирап қалды. Сол кезде жалпы шығын 1247 сомды құрапты. Жәнібекке жасалған шабуылдың әсерінен Сталинградқа жол тартқан жүк тоқтап қалған. 9 қазан күні Жәнібектің теміржолшылары бұзылған теміржолды қайтадан қалпына келтіруге кірісті. Бұл жұмысқа қарапайым тұрғындар, әйелдер мен балалар да тартылған. Сол кезде тұтқиылдан шыға келген неміс ұшақтары станса төбесінен тақап ұшып, әуеден бомба тастаған. Сол жерде 40-тан астам адам қаза тапқан.
– Сол кездегі ресми деректерге көз жүгіртсек, Шоңғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке – 40 шақты әуе соққысы жасалған. Соның зардабынан 300-дей бейбіт тұрғын мен әскерилер қаза тапса, 250-дей адам жарақаттанған. Құлаған тұрғын үйлер, өндірістік, әлеуметтік-тұрмыс құрылыстарының материалдық шығыны Жәнібек және Орда аудандары бойынша 7161,7 мың сомды құраған екен, – дейді Ахмедияр Батырханов.
1942 жылы 11-12 қыркүйек күндері фашист самолеттері Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы «Алғабас» және «Жаңа тұрмыс» колхоздарының даласына жанғыш бомба тастап, 38 мың гектар жиналмаған пішен жанып кеткен. 1942 жылы 4 қазан күнгі сағат 11-де фашистердің 36 «Хейнкель-100» самолеті Жәнібек стансасына шабуыл жасаған. Сол күні жанар-жағармай құйылған цистерна жарылып, су тартатын мұнараға зақым келді. Жұмысшылар су мұнарасын темір белдікпен тартып тастады. Бір қызығы, Жәнібек селосында осы мұнара әлі тұр.
19 қыркүйекте «Юнкерстен» тасталған бомба мұғалім А.Серединаның үйінің ауласында жарылған. Жарылыстан Серединаның анасы, өзі және екі жасар ұлы жарақаттанып, ағасы контузия алады. Ауа толқыны үйдің есік-терезесін сындырып, қабырғасы мен шатырын қисайтып кетеді. Елдің үрейін ұшыру үшін фашистер көбіне жанғыш бомбаны пайдаланған. Сол күндері қорқыныш пен қайғыдан есі шыққан әйелдер балаларын жетектеп далаға кетіпті. Қауіпсіз жерден жертөле қазып, қысқы салқынға қарамастан 1943 жылдың қаңтарына дейін сол жерде тұрғандар көп болған.
Әрине жау ұшақтары жазасыз да кетпеген. 1942 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облыстық жергілікті әуеге қарсы қорғанысы жау самолеттеріне қарсы көтеріліп, тіпті таран жасап отырған.
1942 жылы қыркүйек айында Жәнібек аспанында болған әуе ұрыстарының бірінде аға сержант Дмитрий Гудков Палласов стансасы жақтан келе жатқан жаудың барлаушы ұшағын қуалап, құлата алмайды. Оқ таусылады. Осы кезде «ЯК-1» «Юнкерстің» оң қанатының астынан тұмсығымен сүзеді. Өзі парашютпен секіріп аман қалады. «Юнкерстің» атқышы жараланып қолға түссе, штурманы мен екінші атқышы қаза тапқан. Сол ерлігі үшін Д.Гудков «Қызыл ту» орденімен марапатталыпты. Кейін ол Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.
Сталинград шайқасының алғашқы кезеңінде жау ұшақтарының саны кеңес ұшақтарынан 2,5 есеге көп болған екен. Тек 1942 жылдың 19 қарашасында қарсы жақтың ұшақтары мен біздің ұшақтар теңелген.
Қазақстанның батысындағы Әуе қорғаныс күштері соғысқа бірінші күннен бастап қатысты. Орал қалалық партия ұйымының шешімі бойынша, 1941 жылдың 27 маусымында штаб құрамы бекітілді. Олардың ең бірінші міндеті темір жол торабын, жеңіл өнеркәсіп ғимараттарын, қоймаларды әуеден келетін соққылардан қорғау болды. Әуе күштеріне қарсы қорғанысқа Жәнібек, Сайқын, Шоңғай стансаларына 24 пулеметтен бөлініп берілді. 1942 жылдың қыркүйек және қазан айында өзге аудандардан Урбах-Басқұншақ теміржолына түрлі қару-жарақ әкелінді. 1942 жылдың соңында зенитшілер 11 жау ұшағын жойған. Шоңғай стансасында мерген зенитшілер алты жау ұшағын атып түсірді. 1942 жылдың 3 қарашасынан 1943 жылдың 28 қаңтарына дейін Жәнібек стансасын 181-ші бөлімше ерлікпен қорғады. Олар осы уақыт аралығында жаудың 16 ұшағын жойған екен.
– Ұлы Отан соғысында Сталинград шайқасының маңызы зор болды. Неміс басқыншыларының Сталинградқа ұмтылысы тегіннен-тегін емес еді. Олар Сталинград қаласын алса, Орталық Азия мен Кавказға жол ашылатын еді. Сталинград шайқасындағы Қызыл Армияның жеңісі кеңес халқына рухани күш сыйлады. Сол соғыстың салмағы қазақ жеріне де түсті, – дейді Ахмедияр Батырханов.
Әрине майданның мехнаты тылдағы қарапайым халықтың да иығына батты. Соғыстың алғашқы күні-ақ Жәнібек аудандық партия комитеті аудан активін жинап, майданға көмектесу, жауды жеңіп шығу мақсатында тылдағы еңбекті ұйымдастыру жөнінде аудандық штаб құрды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» ұранымен мемлекетке ет, май, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыру қарқын алды. Жәнібек ауданы сол жылы мемлекетке ет тапсыру жоспарын 1 қазанға 107 пайызға орындап шықты. Еліміздің қорғаныс қорына еңбекшілердің жеке көмегі де көп болды. 1941 жылдың 21 тамызына дейін жәнібектіктер қорғаныс қорына 400 центнер астық, 18920 сом, 19 бас мал өткізіпті. Соның ішінде Азамат Омарғалиев – 3 мың сом, Жапақов – 2500, Әлиев пен Ізтілеуовтердің әрқайсысы – 2000 сомнан, комсомол мүшесі Ғабдоллина 1 мың сом өткізген. Механизаторлар: Әміров, Демесінов, Ықсанғалиев, Иманғалиевтің әрқайсысы 2400 сомнан көмек берген. Танк колоннасы үшін Киров атындағы колхоз мүшелері 60 мың сом, Жасқайрат колхозы – 47 мың, Новая жизнь колхозы 20900 сом қаражат жинап берді.
Сол бір сұрапыл жылдары Жәнібек ауылында төрт жерде жаралылар үшін госпиталь ашылып, жергілікті жастардан кіші медициналық қызметтерге кадрлар жинақталған.
– Сол жылдары өздері жетісіп тұрмаса да қазақ ауылдары жаудан азат етілген аудандарға көмек көрсеткен екен. Мысалы, Жәнібек ауданы Ленинград облысының Мгин ауданын шефтік қамқорлыққа алып, оған 878 бас ірі және ұсақ мал, 5 мың центнер астық, 29 мың сом, 4135 кило сары май, тағы да басқа өнімдер жіберген. Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің ұжымы өздерінің 10 күндік еңбекақысын аударған. Жәнібектегі халық театрының ұжымы «Советский артист» эскадрилиясын құруға 1015 сом жіберді, – дейді өлкетанушы.
...Біз бүгін Ахмедияр Батырхановтың Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан облысының бір ғана Жәнібек ауданы туралы жинаған мәліметтерін ұсынып отырмыз. Зерттеуші сонымен бірге қан майданда хабарсыз кеткен, ешбір есепке кірмей қалған, ерлігі лайықты бағаланбаған қазақтар туралы да көп мәлімет жинақтапты.
– 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабында Ұлы Отан соғысынан Жәнібек ауданы бойынша оралмағандар саны – 1877 адам, жау тұтқынында қайтыс болған – 8 адам деген мәлімет келтіреді. Ал мен жеке ізденіс барысында Жәнібек ауданы бойынша майданнан оралмаған 2341 адамның, одан бөлек тұтқында қайтыс болған 39 адамның дерегін таптым. Жалпы Жәнібек ауданынан 1938-1945 жылдары 3677 адам әскерге алынған, – дейді Ахмедияр.
Тарих тұрғысынан күні кеше ғана өткенімен, қан майданның куәгерлері де күн санап азайып барады. 1980 жылы 5 ақпанда Жәнібек ауданы бойынша 393 майдангер есепте болған екен. Бүгінде солардан қалған соғыс ардагері Жәмелетдин Исқақов пен Мардан Есмұхамбетов Орал қаласында тұрады.
«Ұлы Отан соғысын ұмытуға болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың ұрыс даласында қаны, тылда тері аз төгілген жоқ. Кеңес Одағы кезінде көп ерлеріміз лайықты бағасын алмады. Оны бүгін жоқтамасақ, орнын толтырмасақ, тәуелсіздіктің жемісін толық жемеген болар едік» дейді майдан тақырыбын зерттеуші өлкетанушы Ахмедияр Батырханов.
Батыс Қазақстан облысы