Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір ай бұрын жариялаған пандемия жағдайында азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету туралы Үндеуінде ауыл шаруашылығын ерекше бөле-жара атап өтіп, көктемгі егіс науқанын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бюджеттен 70 млрд теңге қаржы бөлінетінін айтқан.
Төтенше жағдайда Тобыл өңіріндегі құнарлы топыраққа дән себу науқанына Үкімет 21 млрд теңге бөлді. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын қомақты қаражат көп кешікпей Аграрлық несие корпорациясы арқылы жақын-шалғайдағы шаруалардың қолына тие бастады. Президент сонымен қатар Үкіметке ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді арзан дизель отынымен қамтамасыз етуді тапсырған. Диқандарға үлкен демеу болған үкіметтік жанармайдың құны нарықтағы бағадан 15% төмендетіліп, литріне 165 теңге болып белгіленген. Мемлекет дер уақытында және дәл сындарлы кезеңде қол ұшын созып, қолдау көрсетті. Соның арқасында дән себу науқанын кешіктірмей, мерзімінде бастап кетуге мүмкіндік туды дейді қостанайлық диқандар.
Қостанай облысында алдағы көктемгі егіс науқанында 5 млн 200 мың гектар жерге дән себу жоспарланып отыр. Алайда мұншама алқапты мемлекет қолдауынсыз игеру биыл аса қиынға соғатын еді. Өйткені былтыр астықты аймақта қатты құрғақшылық болды. Қуатты деген іргелі шаруашылықтардың өзі алқабы аптапқа ұрынып, қамбасы орталанып қалған. Доңыз жылы әсіресе Қамысты ауданына ауыр тиді. Бұл ауданның талай жыл тәжірибе жинақтаған кәнігі диқандарының өзі құрғақшылыққа қарсы қауқар таныта алған жоқ. Сондықтан бұл өңірдегі диқандардың дені мемлекеттің қолдауына мұқтаж еді.
– Мемлекет басшысы өте дұрыс әрі аса маңызды шара қабылдады. Биыл ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығына қолдау қажет. Былтыр егін шықпай қалды, биыл ел көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Енді бұл мәселе оң шешім тапты деп ойлаймын. Мені Президенттің ірі шаруашылықтармен қатар, техникасы ескі, мүмкіндігі аз шағын шаруашылықтарға да ерекше көңіл бөліп, әсіресе арзандатылған жанармайдың қияндағы ұсақ шаруа қожалықтарына дейін шығынсыз әрі белгіленген бағамен жетуін қадағалауды тиісті органдарға тапсырғаны қуантты. Шағын шаруашылықтар дизель отыны мен тұқым жағынан жылда қиналады. Қостанай алқабына дән себілсе, ел ырыздықсыз қалмайды, – деді «Алтынсарин» серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев.
Арзандатылған дизель отыны аймақтағы ең ірі індет ошағына айналған Жітіқара ауданының диқандарына да жетті. Қазір бұл ауданда 40 адамнан коронавирус індеті анықталып, карантин режімі қатая түскеніне қарамастан, диқандардың көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
– Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы қашанда ерекше маңызға ие. Биыл аудандағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 3 мың тонна арзандатылған дизель жанармайы бөлініп отыр. Қазіргі қиын жағдайдың өзінде диқандарға «жасыл дәліз» қызметі көрсетіліп жатыр. Тиісті құжаттары дұрыс болса, олар тосқауыл бекеттерінен кезексіз өтеді. Барлық санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаруашылық басшыларына ескертілген. Диқандар арзандатылған жанармайды жеткілікті түрде еш кедергісіз жеткізіп алды. Мұның сыртында көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 360 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыны тұқымсыз қалған ұсақ шаруашылықтар алып жатыр, – деді аудан әкімі Абай Ыбыраев.
Қостанайлық диқандар биыл көктемгі алқап жұмыстарына ерте кірісіп кетті. Қазір шаруашылықтардың көбі топырақ ылғалын жабу жұмыстарын аяқтап қалды. Сәуірдің ортасына таман облыста жаппай көктемгі егін науқаны басталады. Алайда облыстың оңтүстік аудандарындағы шаруашылықтар биыл жерге дән сіңіру жұмыстарын ерте бастамасақ болмайды деп отыр. Өйткені ылғал қалыңдығы 1 метр болғанымен, жер тез кеуіп барады. Сондықтан оңтүстіктегі диқандардың шамасы келгені сәуірдің соңы, мамырдың басында дән сеуіп үлгеруді көздейді. Дән дер кезінде себілсе, 30 күн мамыр жерде ылғал сақталады. Әрі қарай маусымда ең болмаса бір рет жаңбыр сеуіп өтсе, егін жақсы көтеріледі.
Былтыр жаздағы құрғақшылықтың кесепаты Науырзым ауданына да қатты тиді. Көптеген шаруашылықтың егіні күйіп кетті. Түк өнім ала алмаған ұсақ шаруашылықтың біразы биыл Үкіметтен жеткен арзан жанармайға қол жеткізіп, соның арқасында көктемгі алқап жұмыстарын уақытында бастап кетуге мүмкіндік алып отыр.
– Облыс карантинге жабылып жатқан күні Аманқарағайдағы мұнай сақтау базасынан 18 мың литр дизель отынын жеткізіп алдым. Әр литрі – 165 теңгеден. Арзан жанармайдың арқасында қазір 80% алқаптың ылғалын жауып алдық. Өлеңді ауылында қазірше екі-ақ шаруашылық алқапқа шықты. Қалғандарында не қаржы, не дизель отыны жоқ. Техникасы қаңтарылып, алқапқа шыға алмай тұр. Биыл біздің өңірдегі ұсақ шаруашылықтарға Үкімет қолдауы керек-ақ. Өз басым былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 80 бас асыл тұқымды ірі қара аламын деп ұрынып қалып отырмын. Өйткені кепілге қоятын жер-мүлкімнің бәрі соған тігілді. Ол кезде қатты қуаңшылық болады деп ойламаған едім. Енді биыл жоқ деп қарап отыруға болмайды. Арзан жанармайға қол жеткізіп, жұмысты бастап кеттік. Бірақ себетін тұқым жоқ. Іздестіріп жатырмыз. Ақмола облысы жақтан қарызға тұқым берейік, бірақ 100 тоннаны күзде 300 тонна етіп қайтарасың деген ұсыныстар түсіп жатыр. Не істерімді білмей отырмын, – деді Науырзым ауданындағы «Богдан» шаруа қожалығының иесі Дмитрий Исаев.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы механизация бөлімінің жетекшісі Алмат Әбеновтың айтуынша, биыл облыстағы көктемгі егіс науқанына мемлекеттен 71 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айында 20 мың, сәуірде 31 мың тонна, мамырда 20 мың тонна жанармай келуі тиіс деп жоспарланған екен. Бүгінге дейін мұнай өңдеу зауыттарына 47 мың тоннаның ақшасы төленіп, облысқа 32,2 мың тонна жанармай жеткізіліпті. Арзандатылған жанармайдың наурыз айындағы құны литріне 177 теңгеден болған. Президенттің 31 наурыздағы үндеуінен кейін, сәуірде 165 теңгеге дейін арзандапты. Қазір осы бағада жіберіліп жатыр. Бұл – нарықтағы көтерме бағадан арзан. Облыстың ауылшаруашылық құрылымдары операторлармен 50,4 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасасып, 30 мың тоннаның ақшасын төлеп қойыпты. Шаруашылықтар қазіргі таңға дейін мұнай базаларынан 18 мың тонна арзан жанармай жеткізіп алған.
Қостанай облысы