• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Сәуір, 2020

Қазақ суретшілерінің картинасы қаншалықты құнды?

882 рет
көрсетілді

Шынын айту керек, біз картиналар­ды көбіне музейлерден, үлкен кеңсе­лердің төрінен көреміз. Кейбір жеке пәтер, үйлердің қабырғасына ілінген карти­на­ларға енді-енді көзіміз үйреніп келеді. Онда да қылқаламмен салынған осынау дү­ниелердің маңызына, сапасына, авто­рына мән бере бермейміз. Көбіне гүл, табиғат көріністері, құйындатып шауып бара жатқан бір үйір жылқының сурет­терін көріп, «тамаша екен» деп, тамсанумен тынамыз. Мерейтой иесіне картина сыйлағанда оның авторы кім, түпнұсқа ма, жоқ көшірме ме, ол жағы мүлдем айтылмайды.

Ал шетелде осынау өнерге деген көзқарас мүлдем басқа. Шетел картиналарының баға­сынан басыңыз айналады. Содан болар, бұл елдерде картина ұрлап, қымбат дүниелерді қолға түсіру үшін қылмыскерлер сан қилы қулықтарға барады. Атақты музейлерден қымбат картиналар ұрлау туралы талай шытырман оқиғалы фильмдер түсірілді. Сіз бәлкім сенерсіз, сенбессіз, кейбір елдер картина сатып, қарыздарын жаппақ та болған. Осыдан бес-алты жыл бұрын француз үкіметі Леонардо да Винчидің Лувр коллекциясындағы «Мона Лиза» кар­тинасын сату мүмкіндігін талқылады. Мұндай қадамға француз билігі екі триллио­н еуроны құрайтын мемлекеттік қарызын жабу үшін бармақ болған. Француз астанасында өнер қазынасы толы 173 музей бар. Сарапшылардың есептеуінше, бір ғана Орсе коллекциясын сатудың өзі мемлекеттің несиешілермен есеп айырысуына мүмкіндік берер еді. Алайда француз заңнамасы мем­лекеттік музейлер экспонаттарын сатуға жол бермеді. Сол сияқты Португалия да Жоана Миро шығармаларының коллекциясын 36 миллион еуроға сатуға шығарып, салық жүктемесінен құтылмақ болды.

Енді біздің елімізде картиналар қалай бағаланады? 2012 жылы Әбілхан Қастеев­тің де 20 картинасының ұрланғаны бел­гілі болды. Алматы қаласы бойынша Эко­но­микалық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес департаменті халық суретшісі Ә.Қастеевтің туындыларын ұр­лаған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, 2012 жылдың 25 қазанында ұр­ланған суреттерді 15 мың АҚШ долларына сатпақ болған Р. деген азаматты ұстаған болатын. Қызы Гүлдәрия Қастееваның айтуына қарағанда, картиналар сақталған архивтегілер атақты суретшінің жиырма жұмысы жоқ екенін мəлімдеп, қашан жо­ғалғанын да, қалай жоғалғанын да біл­мейтін болып шыққан. Кейіннен алтауы табылған, 14 картинаның жайы әлі күнге дейін белгісіз.

Қайбір жылы республикалық басы­лымдардың біріне сұхбат берген Гүлдәрия Қастеева «Әкем Әбілхан Қастеевтің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасына аукцион жарияланып, 413 мың АҚШ долларына бағаланды. Одан бөлек қаражат қажет болып, қысылғанда бірді-екілі картиналарын саттық. Бір картинасын 15 мың дол­ларға өткізгенбіз», деген болатын. Шынында, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Ә.Қастеевтің еңбе­гіне сұраныс қашанда өте жоғары. Тіпті осы күнге дейін іздеп, сұрап келіп, түпнұсқасы табылса қанша қаржыға болса да сатып алуға дайын тұрады. Бірақ өкініш­ке қарай, Қастеевтен кейін картинасы қолды болып немесе қымбатқа бағаланып, шет­елге са­ты­лып жатқан қазақстандық қыл­қалам шеберлерінің туын­дылары туралы ес­тімедік. Әрине қазақ картиналарының мүл­дем құны жоқ, саудасы жоқ деуге болмас. Ішінара сатылып жатқандары баршылық.

Бірақ қазіргі заманда әр суретші өз на­рығын өзі қалыптастыруы керек. Оған барлық мүмкіндік бар. Бәрі сатушының өзіне байланысты ғой. Яғни қазіргі өнер адамы заманға сай жан-жақты болуы тиіс. Дегенмен де картиналардың сатылымын жандандыру ісіне Мәдениет және спорт министрлігі де ықпал етсе деген ойымыз бар. Бәлкім су­ретшілерге бұл бағытта курстар өткізіп, ба­ғыт-бағдар беру керек шығар. Болмаса жеке сайт ашып, басқа да мүмкіндіктер арқылы қазақ суретшілерінің еңбегін елімізге және шетелге жарнамалаған жөн болар. Рас, қазіргі суретшілер негізінен мерейтой, қуа­ныш иелеріне сыйлау үшін ғана еңбек етіп, арзанқол дүниелерді қаптатып жатыр. Әрине бұл да күнкөріс көзі. Бірақ нағыз таланттардың туындысы жарқ етіп көрінбей, тасада қалып кетпесіне кім кепіл?! Қалай айтсақ та, қазір қазақ суретшілерінің картиналары қаншалықты құнды, жалпы сапасына, авторына қарап сатып алушылар қатары көп пе деген сұраққа жауап беру қиын.